Аймағамбетовтен қалған ауыр мұра лагерлерьді қауіпті еткен бе?

3225

Білім саласының бұрынғы басшылығы түзете алмаған проблемаға жаңа министрдің де тісі батпады.

Аймағамбетовтен қалған ауыр мұра лагерлерьді қауіпті еткен бе? Фото: yandex.kz

Қазақстанда қосымша білім саласын былық жайлаған. Мұны салаға жауапты Оқу-ағарту министрлігі де мойындап отыр. Меморганның мәліметінше, бүгінде балаларға арналған қосымша білім ұйымдары (ҚБҰ) Бірыңғай тізілім форматында есепке алынбайды. Сондықтан олардың яғни спорт және өнер секциялары мен үйірмелерінің, сондай-ақ балаларға арналған сауықтыру-туристік лагерьлерінің нақты саны қанша екенін министрлік те, әкімдіктер де білмейді деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Себебі бұрынғы билік тұсында, 2011 жылы – ҚБҰ-ларды лицензиялау жойылды, оның орнын басатын ешқандай реттеуші құрал ұсынылмады. Салдарынан, кез келген адам бұл салада ойына келгенін жасай береді, ал мемлекет мұның ұлтымыздың ең асыл қазынасы – ұрпаққа, демек ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіріп отырғанына көз жұма қарайды.

Оқу-ағарту министрлігі саладағы "жоқтардың" тізімін ұсынды:

  • қосымша білім беру ұйымдарын жүйелі есепке алу деген жоқ;
  • ҚБҰ-лар туралы өзекті, шынайы ақпараттар жоқ;
  • ҚБҰ-лардың қызмет бағыттары көрсетілген тізілім-реестр жоқ;
  • балаларды қосымша біліммен нақты қамту жоқ: жүйеге түсірілмеген, бейберекет жүзеге асырылады;
  • тіркелмеген қосымша білім беру ұйымдарының саны туралы мәліметтер жоқ;
  • қосымша білімге сұраныс мониторингі жүргізілмейді;
  • ҚБҰ-ларда балалардың болу қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген.

Соның кесірінен, Inbusiness.kz Бас прокуратура мәліметіне сілтеме жасап жазғандай, Артспорт аясында мемлекет бюджеттен қаржыландырған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерде жезөкшелер мен сотталғандар сабақ берген.

Ол ұйымдардың біразының тура мағынасында аты бар да, заты жоқ. Салдарынан бюджеттен қаржы алатындықтан, тегін болуға тиіс үйірмелер мен секциялар керек-жарақты сатып алуды ата-аналардан талап етеді. Оларда балаларға қосымша білім беріп, баулуға тиіс мамансымақтарының да білімі мен білігі көбіне еш сын көтермейді.  Бұдан басқа, азаматтардың арыздарында ҚБ ұйымдарында санитарлық нормалардың бұзылатыны, тым ластығы, жарамсыз, көнерген, көк басқан ғимаратта орналасқаны баяндалады. Фактілер анықталыпты.

Лагерлер де оңып тұрған жоқ.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарынша, Түркістан облысындағы Төле би ауданының Алатау ауылында орналасқан, 134 балаға арналған "Нұрлы аймақ" ("Сұңқар") жеке лагерінде балаларға қатыгездік жасау жағдайы орын алды. Сондай-ақ, ведомство мәліметінше, Семейдің "Радуга", Өскеменнің "Балақай", "Жас қанат", "Казцинк" ЖШС-ның З.Космодемьянская атындағы лагерьлерінде, "Энштейн" оқу орталығында балаларды қорлау, моральдық залал келтіру, қоқанлоққы жасау, қорлау фактілері болған. Оның қызметкерлері жас ұрпаққа жақсы өнеге көрсету орнына, балағат, боғауыз сөйлегені белгілі болды.

Министрлік шағымдарды зерделеп, бұл ұйымдар тіпті ҚБ ұйымдарының тізімінде көрсетілмегенін әшкереледі. Яғни, өз бетінше ашыла салынған. Лагерлер санитарлық-эпидемиологиялық органның қорытындысын алмай жұмыс істегені мәлім болды. Облыстағы лагерлердің тізбесіне енгізілмеген және жеке демалыс аймағы ретінде көрсетілген.

"2022 жылдың шілде айында балалар лагерлерінде кәмелетке толмағандарды зорлауға талаптану жағдайы тіркелген. Ақмола облысының Бурабай ауданындағы "Кемел" балалар спорт лагерінде балалар жыныстық қатынасты имитациялаған. Мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерге сәйкес, "Кемел" лагерінің иесі жеке кәсіпкер Диас Ералиев Алматының Бостандық ауданында тіркелген. Өзі Бурабай курортында тиісті құжаттарсыз, санитарлық нормаларды бұзып, балалар демалысын ұйымдастыру қызметін жүзеге асырады. Бұл ретте балаларды республиканың түкпір-түкпірінен қабылдайды. Шағым түскен ұйымдар ҚБ ұйымдарының тізімінде көрсетілмегені әшкереленді. Сондықтан уәкілетті органда тізілімге сәйкес есепке алуға мүмкіндік беретін құрал болуы керек", – деген тоқтамға келді министрлік.

Негізі, балалардың өміріне, денсаулығына тікелей қатысы болғандықтан, бұл салаға лицензиялауды қайтарған дұрыс еді. Себебі көрші елдерде, тіпті дамыған мемлекеттерде бұл сала қатаң реттеледі, ондағы әрбір ұйымның қызметі бақылауға алынып, лицензияланады. Ал Қазақстанның билігі ҚБҰ-лардың нақты санын да білмейді.

Ұлттық білім беру деректер қорында (ҰБДҚ) 1 058 718 баланы қамтитын небәрі 1 523 қосымша білім ұйымы тіркелген. Оның ішінде: сарайлар, оқушылар үйлері – 210; жас туристерге арналған станциялар – 38; жас техниктер станциясы – 20; жас натуралистер станциясы – 13; музыка мектептері – 158; суретшілер мектептері – 30; өнер мектептері – 139; сауықтыру лагерлері – 107, білім беру жүйесіндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері – 472, аула клубтары, балалар мүддесі үшін ұйымдар – 330 және тағы басқасы бар. Шындығында, Оқу-ағарту министрлігі бұл ұйымдардың саны бұдан әлдеқайда көп екенін, оларда бірнеше миллион бала қамтылғанын ескертті. Бірақ заңмен міндеттелмегендіктен, олар аталған дерекқорға тіркеле бермейді.

Осы саланы қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов басқарған тұста Мемлекет басшысы оған білім және қосымша білім саласындағы былықтардан арылып, тәртіп орнатуды тапсырды. Президенттің ол сөзі аяқасты етілді. Министрдің батыл қадамға жүрегі дауаламады.

Қазақстандықтар жаңа Оқу-ағарту министрінен пәрменді қимыл күткен. Алайда оның да әлжуаздық танытып, сала ойыншыларының ығына жығыла салғаны анық болды.

Нәтижесінде, министрлік әзірлеген "Білім беру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы "көпіршікке" көбірек ұқсайды. Өйткені бұл заң жобасы Мәжілістегі Асхат Аймағамбетов басқаратын Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің алдынан өтіп, Парламент қабылдағанның өзінде салаға қатаң бақылау мен тәртіп енгізбейді.

Себебі біреу: заң жобасы тек қана хабарлама тәртібін енгізуді қарастырады.

"Осы мақсатта хабардар ету тәртібі енгізіледі. Балаларға арналған ҚБ ұйымдары есепке алынады және хабарламалардың электрондық тізілімі қалыптастырылады. Соның нәтижесінде ҚБ ұйымдары білім беру саласындағы уәкілетті органға балаларға арналған қосымша білім саласындағы қызметін бастағаны немесе керісінше оны тоқтатқаны туралы хабарлама жіберуге міндетті болады", – деп түсіндірді министрлік.

Яғни, бұл тетік еліміздегі секциялардың, үйірмелердің, лагерлердің нақты санын білуге ғана ықпал етеді. Себебі, егер лицензиялау енгізілгенде, кез келген адам қосымша білім ұйымын ашпас бұрын лицензия алуға құжаттарын тапсырар еді. Содан оның ұйымына тексерушілер барып, санитарлық, білім беру, спортқа баулу сияқты түрлі талаптарға қаншалықты сай екенін бағамдар еді. Сай болса ғана жұмысын бастауға рұқсат берер еді.

Ал жаңа заң жобасымен енгізілетін хабардар ету жүйесінде оның бірі де қарастырылмаған. Тек ашқанын хабарласа, деректерін ұсынса, жеткілікті. Меморган оны реестрге енгізе салады.

Жалпы, заң жобасын талқылау барысында сарапшылар "балалармен айналысатын бұл ұйымдар лицензия алмаса, ең құрығанда олардың қызметі сақтандырылсын" деген ұсыныс енгізіпті. Айталық, үйірме, секция, лагерьде әлдебір баланың денсаулығына қатты зақым, нұқсан келтірілсе, ұйым ол үшін жазаланбақ тұрмақ, еш өтемақы жасамауы мүмкін. Мұндай жағдайда сақтандыру төлемі мәселенің бір шешіміне айнала алатын еді. Дегенмен, сала лоббистерінің қысымына төтеп бере алмай, табаны тайған шенеуніктер бұған бармады.

"Маған міндетті азаматтық сақтандыру туралы бап түсініксіз болды. Бұл қосымша білім құнын арттырады. Біз оны арзандатуымыз керек қой. Әйтпесе, барлық шығын бәрібір ата-аналардың иығына артылады. Сонда неден және кімнен сақтандырмақ? Сақтандырудың көлемі, форматы анық болмаған соң, бұл корруцпиялық қауіп пен жемқорлық шығындарын туындатады. Ал лицензиялауға келсек, бүгінде нарықта жалғыз немесе 2 ғана педагогы бар үйірмелер, секциялар өте көп. Лицензия олардан әлдеқайда көп ұстаз, бапкер жалдауды талап етеді. Олар үшін лицензиялау – жабылумен тең. Штатта әдіскердің болуы, оқу бағдарламасын лицензиялау сияқты талаптар олар үшін алынбас асу. Сондықтан біз тек хабардар етуді және реестр жүргізуді ғана құптаймыз", – деді Қосымша білім берушілер қауымдастығының төрағасы, ArtSport қауымдастығының өкілі Марина Деркач.

Оның айтуынша, лицензиялау және талап қою қаптаған шағын орталықтардың есігіне қара құлып салуына соқтырады. ҚБҰ "өрісінен шағын ұйымдар қуылады, бәсекелестік орта тарылады", ата-аналар баласын апаратын секциялар мен ұйымдар саны күрт азаяды. 

Бұл министрлік алдына қойылған міндеттің, яғни қосымша біліммен қамтылған балалар санын қазіргі 69%-дан 2025 жылға қарай 90%-ға жеткізу бастамасының орындалуына тосқауыл болмақ.

Мұндай дәйектеме білім шенеуніктерін шошынтса керек. Олар әлгі межеге жету үшін саланы жайлаған былыққа ары қарай бей-жай қарауға дайын сияқты.

"Жаңа заң жобасында әңгіме тек хабарлау тәртібін енгізу туралы ғана болып отыр. Оған сәйкес, қосымша білім ұйымдары бізді осы салада өз қызметін бастағаны туралы Е-лицензиялау жүйесі арқылы құлағдар ететін болады. Бірақ оларға жұмысын бастау үшін ешқандай лицензия алудың еш қажеті болмайды. Олар тек бір рет қана жекелеген құжаттарын тіркеп, хабарлама жолдайды, сонымен болды. Жабылғанша, еркін жұмыс істей береді. Жабылып қалса, жабылдым деп тағы хабарлама жіберуге тиіс. Сондықтан хабарлама тәртібі ешқандай сақтандыруды, лицензиялық қандай да бір талаптарды қарастырмайды", – деді Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов

Мұны оның орынбасары да растады.

"Хабарлама тәртібіне қосымша білім ұйымын міндетті сақтандыру жөніндегі талап қосылмады. Әлемдік тәжірибеде бұл бар шығар. Бірақ Қазақстанда хабарлама тәртібі ешқандай сақтандыруды енгізуді тұспалдамайды", – деді Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.

Ресми мәліметке жүгінсек, бүгінде 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер 14 652 жеке спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге барады. Бұл жерде бір ҚБҰ-да бірнеше секция бола береді. Оларға ел бюджетінен 54,4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда балалардың үйірмелер мен секцияларда не үйреніп жатқаны, ол білімнің сапасы, тиісінше, ел қаржысының қаншалықты тиімді игеріліп жатқаны белгісіз.

Ахуалды А.Аймағамбетов тұсында қолға алынып, Ғ.Бейсембаев тұсында Парламентке өткізгелі тұрған жаңа заң жобасы да түзей алмайтыны байқалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу