Акция аламын деп алаяқтарға жем болмаңыз

4256

Ақша салу оңай, салымды алып кету қиын. 

Акция аламын деп алаяқтарға жем болмаңыз

"Сіз Tesla, Apple, Facebook секілді алпауыттардан "еңбекақы" алғыңыз келе ме? Бәлкім, Microsoft не Amazon-нан үлес иеленуді қалайтын шығарсыз? Онда акциялар нарығына қош келдіңіз!" – брокерлердің, блогерлердің елді қызықтыратын, қаржы саласынан хабары жоқ адамды ынтықтыратын жарнамасы осылай басталады. Алайда осы жолға түскен адам байлыққа кенелу тұрмақ, барынан айырылуы мүмкін екенін жасырады, деп жазады Inbusiness.kz.

Кәсіпкер Абай Жармағамбетов биылғы сәуір айында Tabys, freedom24 интернет платформалары арқылы инвестициялаумен айналыса бастапты. Мамыр соңында оған ресейлік Power Trend (prtrend.org) компаниясының форекс-брокері телефонмен хабарласады. Брокер төл интернет тұғырнамасы көмегімен инвестиция салуды ұсынады. Есепшот ашу үшін ең төменгі салым сомасы 500 доллар.

"Биылғы 1 маусымда аталған платформада тіркеліп, 500 доллар аудардым. Сол күні маған Power Trend-тің Борис есімді қаржылық сарапшысы қоңырау шалды. Ол көбірек табыс табу үшін есепшотты толықтыруға үгіттеді. 3 маусымда олардың платформасына қосымша 400 доллар жолдадым. Ертесіне интернетте отырып, Power Trend форекс-брокерлеріне қатысты теріс пікірлерге кезіктім. Ақшасын сеніп тапсырған адамдар олардың алаяқ екенін, тұғырнамасына аударылған ақшаны қайтармайтынын айтады", – дейді А.Жармағамбетов.

Осыдан кейін ол өзі аударған 900 долларды кері алғысы келетінін қаржылық сарапшы Бориске хабарлайды. Борис 400 долларды қайтаратынын, қалған 500 доллар бір айға сақтандырылғанын, оны алу үшін жоғары жақтағылар мақұлдауы керектігін алға тартады. Сөйтіп, тек бір бөлігін қайырған. Осы кезде қалған сомаға 5-7 доллар көлемінде шағын кірістер түсе бастайды.

Арада біраз уақыт өткенде Борис америкалық Nvidia технологиялық компаниясының акцияларын сатып алу және акциялар сплитін жасау мақсатында жабық топ қалыптастырылып жатқанын, оған кіріп, мол пайда табу үшін 2 мың доллар қажет екенін мәлімдейді. Бұған қызығушылық білдірген клиент тағы 1350 доллар енгізеді. Осыдан кейін Борис скайппен тілдесуді қойып кеткен. Хабарламаларды оқығанымен, жауап беруді жөн санамаған.

Оның орнына олар қазақстандық клиентін өздерінің вебплатформасын пайдаланып, "лас ақшаны заңдастырды" деп айыптапты. Ондай айыптаудан құтылу үшін ақшаны әкетпей, ары қарай мәмілелер жасауға көндіреді. Ақыры биржадағы 6 мәміленің екеуі теріс нәтижемен аяқталып, шығын әкелген. Қазіргі кезде акционердің шотындағы төл 1850 долларынан 1735,51 доллардай ғана қалыпты. Соның өзін шешіп ала алмауда. Оны банкке кері аударуға талаптанса, "Автоматический вывод средств в данный момент недоступен" деп шыға беретін көрінеді.

Лицензиясы жоқ фирмалардан сақ болған жөн

Ұқсас компаниялардан аулақ болуға "Астана" халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) де кеңес береді. AFSA мысалы, C.Invest Hedge Fund компаниясына қандай да бір қызметтерді орындауға лицензия бермегенін жариялады. Әйтпесе, бұл фирма клиенттеріне өзін АХҚО-ның серіктесіміз, сонда тіркелгенбіз деп дәріптеп жүр.

"C.Invest Hedge Fund компаниясы криптовалюта саудалау, инвестиция жасау жөнінде кеңес беру, инвестицияларды басқару бойынша лицензияланған қызметті жүзеге асыратыны, принципал мен агент есебінде операцияларды өткізгені туралы ашық түрде ақпарат орналастырды. AFSA медиа кеңістікке үнемі мониторинг жасайды. Ақпарат көпшілікке жарияланғандықтан, АХҚО қауымдастығы мен азаматтар мүдделерін қорғау үшін AFSA келесіні түсіндірген жөн деп санайды: C.Invest Hedge Fund қандай да бір реттелетін қызмет түрін жүргізу бойынша AFSA лицензиясына ие емес! Ол АХҚО-ның қатысушысы да емес", – деп түсініктеме берді қаржы орталығы.

Аталған фирма өз клиенттері айына 30%, жылына 160%-ға дейін кепілдендірілген табыс табатын айтуда. Қаржы орталығының мамандары мұндай ақпаратты растай алмайтындарын жеткізді.

"Біз тұтынушыларға тек қаржылық қызметтер көрсетуге лицензиясы бар, сәйкесінше кез келген юрисдикцияда тиісті түрде реттелетін компаниялармен ғана жұмыс жасауды ұсынамыз. Азаматтарға АХҚО-мен байланысын алға тартып, криптовалютаға инвестициялауды ұсынатын компаниялардан сақ болуға, қаржылық қызметтерді лицензияланған компаниялардан ғана сатып алуға кеңес береміз", – деп хабарлама таратты AFSA.

Инвесторлар AFSA сайтында сілтемесімен өтіп, фирмалардың лицензия мәртебесін тексере алады.

Өз кезегінде Financekaz сарапшылары талдау жүргізе келе, Атимекс, Кооператив R.O.I, Тендерная Биржа, Sincere Systems және Caspian Crocus Kazakhstan секілді әртүрлі инвестициялау және қаржы салу идеяларын ұсынатын фирмалармен байланысуға абай болуға шақырады.

"Мысалы, Atimex венчурлық инвестициялау бойынша айына 30%, сауда роботтары арқылы жылына 150% табыстылықты ұсынады. Алайда компания мұны кепілдендірмейді, тек уәде етеді. Атимекстің қаржы тартуға және басқаруға лицензиясы жоқ. Шындап келгенде, бұл тек трейдерлерге арналған ақпараттық ресурс қана. R.O.I. болса, жай ғана классикалық кооператив. Мұндай кооперативтерден аулақ болуға кеңес береміз. "Тендерная Биржа" оқудан өткеннен кейін тендерлер арқылы жоғары табыс табуды ұсынады. Бірақ бұл ешқандай лицензиясы жоқ "инфосығандар", олар сататын білім өмірде пайдаға аспайды", – деген байлам жасады Financekaz сарапшылары.

Тәжірибелі брокерлер биржадан, акциялар саудасынан кепілдендірілген мол табыс табудан көп дәмеленбеген абзал дейді. Себебі онда бәрі құбылмалы, аумалы-төкпелі: трейдер осы аптада кіріс көрсе, келесі аптада бүкіл салымнан айырылып қалуы ғажап емес.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу