Акция сатып алушыларды алдаудың жаңа схемасы әшкереленді

1924

Егер брокер клиенттің өзін әлденеге айыптап, ғайбаттай бастаса, онда оның кәсіби маман емес, алаяқ болғаны. 

 Акция сатып алушыларды алдаудың жаңа схемасы әшкереленді Фото: yandex.kz

Қазақстандықтар ұлттық компаниялардан үлес алу мүмкіндігіне қайтадан қол жеткізді. Бұл жолы еліміздің аса ірі мұнай компаниясының акциялары халыққа сатылатын болады. 2022 жылғы 9 қаашада Қазақстанның қор биржасында (KASE) және Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында (AIX) "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының халықтың IPO-сына қатысуға өтінімдер қабылдау басталды.

Қаржыгерлер мен брокерлердің түсіндіруінше, бұл IPO қазақстандықтарға ұлттық мұнай операторының миноритарлы акционері болуға, осы компанияның дамуы мен өсуінен табыс табуға мүмкіндік береді.

IPO аясында ҚМГ-ның 1 акциясы 8 406 теңгеден сатылады. Яғни, бұл Қазақстан тарихында халықтың IPO-ға шығарылған ұлттық компаниялар арасындағы ең қымбат акция болмақ.

Дегенмен, Finprom мониторинг агенттігі аса ірі инвестициялық компаниялардың сарапшыларының бағалауына сілмесе жасап, ҚМГ акцияларының әділетті құны осы орналастыру бағасынан әлдеқайда жоғары деген байлам жасады. Ендеше азаматтар артынша ол баға өсіп жатса, қайта сатып жіберіп, табыс таба алады. Тек қор нарығында пайда тапқанын көрсетіп, салық (Мемкірістер комитеті) органдарына декларация тапсыруды ұмытып кетпесе болды. Егер Қазақстан азаматы керісінше, акциядан шығынға отырса, декларация тапсыру талап етілмейді.

"Акцияны сатып алған адамдар оны ізінше анағұрлым тиімді бағамен сатып жібере алады. Немесе акцияларды өз меншігінде қалдырып, жыл сайын дивиденд алып отыруына болады. Мысалы, “ҚазТрансОйл” акцияларының әрқайсысы халықтық ай-пи-о аясында 2018 жылы 725 теңгеден сатылды, ал бірнеше ай өткенде 1600 теңгеге дейін қымбаттады. Компания өз инвесторларына дивиденд төлеп тұрды: сатып жібермей, сақтап қалған иеленушілер осы уақыт ішінде 1 акциясынан 2 053 теңге немесе жыл сайын 19% табыс тапты. Бұл депозит ставкасынан да жоғары. Басқа мысал: ІРО-ға шығарылғанда, электр желілерін басқаратын "KEGOC" АҚ компаниясының 1 акциясының құны 505 теңге ғана болды. Ал 2021 жылы оның бағасы биржада 1 925 теңгеге дейін жетті", – деп түсіндірді өзге банктер қатарлы халықтық ІРО-ға өтінім қабылдап жатқан ЦентрКредит банкінің мамандары.

Бірақ биржадағы құбылулар барысында ойыншылар ақша жоғалтуы мүмкін екенін де еске сала кеткен жөн. Мысалы, KASE мәліметінше, әу баста халықтық IPO-да 725 теңгеден өткізілген “ҚазТрансОйл” акциясы бүгінде 589 теңгеге дейін құлдырап кетті. Яғни, құнды қағаздарды дәл шырқау шегіне жеткенде сатып үлгергендер ұтады. Ол мезет-мүмкіндікті қалт жіберіп алғандар қапы қалуы мүмкін.

Биржада ойнап, табыс тапқысы келетіндер басқа бір проблемаға да тап болуы мүмкін: жалған брокерлер әрекет етуде. Жәбірленушінің бірі, екі баланың анасы Ғазиза Берікова 2021 жылғы желтоқсанда Фейсбуктегі жарнаманы көріпті. Өтініш қалдырған соң оған Александр есімді брокер телефон соғып, бұдан қалай ақша табуға болатынын майын тамыза әңгімелейді. Бастапқыда Ғазиза қосымша табысты осылай оңай табуға болатынына сенбей, бас тартады. Бірақ компания өкілдері жиі-жиі қоңырау шалып, өздерінің нарықта бұрыннан жұмыс істеп жатқан салмақты ұйым екенін, алдауға бармайтындарын айтып, сендірген. Содан алдымен есепшот ашып, оған ең құрыса, 50 доллар салып, табыс табуға қадам жасауды, талаптанып көруді ұсынады. Зардап шегуші мұның қақпанға салынған жем екенін түсінбей, келісіп, айтқанды жасайды. 

"Маған жеке қаржылық сарапшыны бекітетіндерін, ол үнемі көмектесіп отыратынын, егер ары қарай, уақыт өте келе өз бетімше нарықта ойнап үйренсем, мені еркін жүзуге жіберетіндерін айтты. Оларға бұдан қандай пайда келетінін сұрағанымда, менің табысымнан пайыздап комиссия алатындарын алға тартты. Дұрыс екен деп, QIWI-әмиян арқылы 50 долларды аудардым. Дмитрий Аскаров деген аналитикті бекітіп берді. Ол Skype арқылы шығып, одан әрі не істеу керектігін түсіндірді. Бір аптада биржадағы сауда арқасында 100 доллар тапқанымды жеткізді. Содан аналитик тым аз сома салғанымды, егер табысты еселеп арттырғым келсе, көбірек ақша бөлу қажеттігіне табандады. Осыған байланысты біраздан соң 100 000 теңге жолдадым. Дмитрий мұны да азсынып, тағы 600 000 теңге салуға үгіттеді: ол табыстылық кестесін көрсетіп, бір айдан соң осы қаражаттың жартысына пара-пар көлемде табыс табатынымды хабарлады", – дейді жәбірленуші.

Құрбанының шүбәлана бастағанын сезе қойған алаяқ басқа бір қулыққа басады: бұдан да ірі көлемде ақша жымқыруына жол ашатын схемасын ұсынып, соған көндіруге барын салған.

"Ол бір тиын қаржысын жоғалтқысы келмейтіндерге арналған үздік нұсқа барын, онда табыс кепілдендірілгенін, себебі акциялардың құлдырауынан хедж-қорлар сақтандыратынын баяндады. Бірақ оған 10 000 доллар және одан жоғары салым салғандар ғана қатысады екен. Мен қолымда ондай ақша жоқтығын айттым да, ең болмаса, 600 мың теңгеден бастайық деп келістім. Табыс өсіп жатса, сақтандырылған өнімді де көрерміз дедім. Бір аптадан соң қайта қоңырау шалып, басшылықпен келіскенін, егер 5 000 доллар таба алсам, сақтандыруы бар келісімге отыратындарын жеткізді. Бұл соңғы ұсыныс екен. Ұзақ сөйлесу кезінде қалай көніп қойғанымды сезбей қалдым. Содан тездетіп, кредит рәсімдеп, ақшаны картамнан картасына аудардым. Бұл істе тәжірибем жоқ адаммын, биржа үшін картаға аудармайтынын білмедім", – деп бармақ шайнады зардап шегуші.

Оның үстіне аналитиксымақ биржа пайыздық комиссия алмауы үшін солай жасау керек деп табандапты. Келісімге қол қойылған соң, олар "MetaTrader 4 платформасында акцияларды сатып алуға және сатуға ордер аша бастайды".

"Тәжірибем, білімін болмаған соң онда не істеліп жатқанын білмей, байыбына бара алмадым. Брокерге сендім, соның жаса дегенін жасадым. Ордерлерді жапқан сайын баланстағы сома ұлғайып отырды. Қомақты сома жиналды. Алайда біраз уақыт өткен соң ордерді ашу кезінде коэффициент дұрыс қойылмапты, салдарынан қызыл жаққа өтіп кетті, яғни кіріс орнына, шығысқа шықты. 10 минут өткенде аналитик телефон соғып, мені ғайбаттап, коэффициентті дұрыс жазбадың деп айыптай бастады. Содан: "С тобой свяжется отдел риска" деп телефон құлағын тастай салды. Артынша әлдебір Борис есімді адам хабарласып, тәуекел бөлімінің маманы екенін, қате клиент тарапынан жасалғанын, сондықтан тәуекелдің бір бөлігін өз мойныма алмасам, жиғанның бәрі жоғалып кететінін айтты. Сендім, сенуге тура келді. Ақша іздей бастадым. Бастапқыда талап етілген сома 3 мың доллар болған, мерзімінде өткізілмеді деп, 5 мың долларға дейін өсті. Амалсыз тағы кредит рәсімдеп, есепшотты толтырдым да, 7 мың доллар табысымды шешіп алуға өтініш бердім", – деді Берікова.

Брокерсымақ банк картасының нөмірін, фотосын сұратып, оны алған соң өтініштің қабылданғанын, мақұлдануын күту керектігін мәлім еткен. Бірақ содан бері уақыт созумен болыпты. Тіпті соғысқа байланысты Ресейге енгізілген санкциялардың кесірінен, акциялардан тапқан табысты шығару күрделенгенін сылтау еткен. Шынында, қазақстандықтар үшін ешқандай санкциялық шектеу жоқтығы мәлім.

"Бірде Еуропалық банк бұл қаражаттың адал жолмен табылғанын растауды талап етіп жатқанын жеткізді. Бұл үшін жалпы соманың 20% көлемінде банк кепілдемесін рәсімдеу қажет деді. Есепшоттағы жалпы сома 18 545 доллар болатын. Оның 20 пайызы 4 560 долларға тең. Тек осыдан соң ғана мен есепшотқа салынған ақша кері қайтарылмайтынын ұғына бастадым. Ашынғаннан олардың арамза адамдар екенін бетіне басып, қатты айғайлап, ұрыса бастадым. Бірақ аналитик сабырлы сөйлеп, өз талабында табандады. Мен ондай ақша жоқтығын айттым. Себебі, қаражатым жоқ еді. Барлық жинағымды осыған салдым, банктен кредит алдым. Аналитик ақшаны қайтару орнына апта сайын Скайпқа: "ақша таптыңыз ба?" деп жазумен болды. Яғни, табыстың жойылып кетуіне өзімді айыпты етіп қойды. Келісім бойынша кез келген жағдайда қаражат балансқа қайтып отыруға тиіс, бірақ қайтпады. Аналитик оған қаржыны банктің бұғаттап тастағаны себеп екенін, банк кепілдемесін төлемей, бұғатталып жататынын түсіндірді. Шынында, ол кезекті рет менен ақша суырудың сылтауы", – деп күйінеді Ғазиза.

Ол интернетте: "алаяқ брокерлерден ақшаңызды кері алып береміз" деген заңгерлік фирманың жарнамасына жолығып, солардың да қызметіне жүгініпті. Алайда олардың да алаяқтар екенін ақысын төлеп, қызметін сол бойы ала алмаған соң түсінген.

Әрине, ол кеш те болса, түсінді. Ал түсінбей, ары қарай сеніп, алаяқтардың – брокерсымақтардың, қаржы пирамидаларының сұрағанын беру үшін қарызданып, қауғаланатын қазақстандықтар қаншама. Скайппен, мессенджерлермен, телефонмен шығатын алаяқтардың көбі Ресейде, шетелде тұратыны бұрыннан айтылып келеді. Халық болса, тез баюға қызығып, алдануын, борыш батпағына белшеден батуын жалғастыруда.

Сондықтан халықтық ІРО аясында салаға жауапты Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржылық реттеу агенттігі кең ауқымды қаржылық сауаттандыру науқанын жүргізсе, жөн. Әзірге ондай тегеурінді іс-қимыл байқалмайды. 

Ал қос бүлдіршіннің шешесі Ғазиза болса, бүгінде 3 банктік кредитпен, әрі жұмыссыз қалған. Енді ол кредитті төлемегені үшін банктер сотқа жүгініп, түрмеге отырғызып қоя ма деп қорқады. Биржада ойнап, шетелдік акциялар арқылы кіріске кенеліп, баспана сатып алғысы келген жалғызбасты ана зар жылап қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу