Әкім бол...

2089

Өкілеттілігі аяқталатын 730 ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы басталды. Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыровтың мәлімдеуінше, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен ұйымдастырылатын науқанға бюджеттен 17,6 млрд теңге бөлінеді. Көрсетілген қаражаттың 4,8 млрд теңгесі жыл соңына дейін жұмсалады.

Әкім бол...

Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгеше болады, деп хабарлайды inbussines.kz.

Түсінікті болу үшін сайлаудың тарихын, тәртібін, талабын шолып шығайық. 
Ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі 2001 жылы еліміздің 28 ауылында басталды. Бұл сайлаудың саяси мәртебесі болған жоқ. 2005 жылы Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында аудан әкімдерін сайлау ісі қолға алынды. 2006 жылы 49 ауыл әкімі, облыстық деңгейдегі 10 қала әкімі сайланды. 2013 жылы сайлау елдімекендерде ұйымдастырылды. 2017 жылы сол кездегі 14 об¬лыстың аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының әкімдеріне дауыс берілді. Саяси додаға 4 059 үміткер ұсынылып, 3 951 азамат тіркеуге алынды. Қорытындысында 1 416 адам ауыл әкімі қызметіне кірісті. Атап көрсетерлігі, ауыл әкімдері тікелей емес, жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депуттарының шешімімен сайланды. Жергілікті тұрғындарға тікелей таңдау – сайлау құқығы берілген жоқ.

Заңгер Абзал Құспанның пікірінше, Қазақстан әкімдердің тікелей сайлауын Германия, Канада, Австрия, Польша секілді елдердің тәжірибесі негізінде жүзеге асырады.

"Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы қоғамның  демократиялануын жеделдетеді. Халық сенетін, үміт күтетін, жауапкершілік жүктейтін азаматты сайлайды", – деді Абзал Құспан. 

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауға көшуді тапсырды. Кейін мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенат сенім білдіріп, Президент қол қойды. 

Іс барысында "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ал Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасы арқылы "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Мемлекеттік қызмет туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңдарға түзету енгізілді. 

Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыровтың нақтылауынша, аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдар мен кенттердің, ауылдық округтердің әкімін тікелей сайлау жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Бюджет кодексінің жергілікті бюджеттің шығынын міндетті өтеу туралы нормасына сәйкес, орталық сайлау комиссиясы 2021-2022 жылдар аралығындағы ауыл әкімі сайлауына ғана қаржы бөледі. 

"Бұл шығын 2023 жылдан бастап жергілікті бюджет шығынының тізбесіне қосылып, жалпы сипаттаға трансферттің қатарына енгізіледі", – деді вице-министр. 

Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, ауыл әкімдері мәслихат сенімсіздік білдірген жағдайда, сот шешімімен, өз еркімен сонымен қатар партия атынан ұсынылған әкім болса, партия мүшелігінен шығарылған жағдайда лауазымынан шеттетіледі.

"Мемлеттік қызмет туралы" заңға енгізілген өзгертулер аудандық маңыздағы қалалардың, кент пен ауылдың, ауылдық округтердің әкімдерін ротациялау мен аттестаттау, тәртіптік әрекеті үшін лауазымын төмендету және өндіріп алу шарасын қамтиды. Ал "Саяси партиялар туралы" заң саяси партияларға ауыл әкіміне үміткер ұсыну құқығын береді", – деді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, елімізде 2 346 ауыл әкімі бар. Олардың барлығы  өкілеттік мерзімі аяқталған соң тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров:

"Тікелей сайлау арқылы ауылдық аумақтарды басқарудың тиімді тетігін қалыптастыру үдерісіне шамамен ел азаматтарының 40%-ы тартылады", – деді. 

Белгілі болғандай, ауыл әкімін сайлау жалпыға тең және тікелей болады. Дауыс беру жасырын түрде өтеді. Әкімдер 4 жылға сайланады. Партиялар ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің кандидатурасын ұсына алады. Қала әкімінің сайлауына түсетін кандидаттарды жергілікті қауымдастықпен ақылдасып, аудан әкімі ұсынады. 

Сайланған ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттігін аудан әкімі тоқтата алады. Бұл үшін аудан әкіміне тұрғындармен ақылдасу қажет. Еліміздегі 3 ірі қаланың және облыс орталығы саналатын қала әкімдерінің кандидатурасын Мемлекет басшысы бекітеді.
Айтпақшы кандидаттың сайлау қорындағы қаражат ең төменгі жалақы мөлшерінің 50 есе көлемінен аспауға тиіс. Биыл ең төменгі жалақы  42 500 теңге болып бекітілгенін ескерсек, әкім болғысы келген әр кандидат сайлау науқанынан 2 млн 125 мың теңге жұмсай алатыны белгілі болады. 

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаевтың сөзінше, ауыл, кент, ауыл окургі әкімі лауазымына үміткердің жасы 25 жасқа жетуге тиіс. Соттылығы, сыбайлас жемқорлық қылмысқа қатыстылығы болмауы керек. 

"Аумақтық сайлау комиссиясы кандидат ұсынылғаннан кейін кандидаттың заңда қойылатын талапқа сәйкестігін анықтау үдерісіне кіріседі. Ол үшін азаматтығын анықтау мақсатында ішкі істер органдарына, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығын, заңда белгіленген тәртіппен танылған сыбайлас жемқорлық қылмысының,сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығының болмауын прокуратура органдарынан, кандидаттардың мемлекеттік қызмет туралы заңның талаптарына сәйкес және осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін белгілеу тұрғысынан мемлекеттік қызмет істері жөніндегі аудандық департаменттерге тиісті сұрау жіберіледі. Жұмысқа тартылған жоғарыда аталған мемлекеттік органдар жедел тәртіппен деректердің тиісті деңгейде тексерілуін және нәтижелерін аумақтық комиссияларға дереу ұсынылуын қамтамасыз етуі тиіс", – деді Ерлан Дауылбаев.

Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдері тікелей сайлауының тәртібі мен талабына келетін болсақ: бұл сайлау Президент, парламент  сайлауымен сәйкес келмеуі керек. Әкім болғысы келген адамға жергілікті сайлаушының 1% дауысын жинау талабы қойылған. Сайлауға саяси партиялар үміткер қатыстыра алады. Сайлауда кем дегенде 2 үміткер бақ сынауға тиіс. Сайлауға бір-ақ адам қатысатын болса, аудан әкімі өз адамын кандидат ретінде ұсына алады. 

Ауыл, кент, ауылдық округ әкiмiнің сайлауы тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жүзеге асырылады. Бұл – әр ауылдың, кенттің тұрғыны өз әкімін өзі сайлайды деген сөз. 

Қала әкімін халық емес, таңдаушылар сайлайды. Таңдау міндеті осыған дейінгідей мәслихат депутаттарына жүктеледі. Сайлауға халық араласпайтындықтан бұл тікелей емес, жанама сайлау болады. Нақтылай кетейік, жергілікті саяси басқару жүйесін жаңғырту науқаны барысында орталық сайлау комиссиясының заңнамасын сақтау және орындау қажет.

Ел арасында алдағы сайлауға сенімсіздікпен қарайтындар бар. Олар әркім өзінің танысына, тамырына, руласына дауыс береді, үміткердің басқару және ұйымдастырушылық қабілеті назардан тыс қалады, салдарынан жергілікті басқару жүйесіне "ойы олақ, ісі шолақ" адамдар келеді деп күдіктенеді. 

Дәл қазір болжам жасап, кесімді пікір білдіру қиын.

"Ағайынның аты оза ма, ауылдастың тайы оза ма", мұны сайлау қорытындысы көрсетеді. Дана халқымыз: "Әкім бол, халқыңа жақын бол" дейтін. Біздің де тілек осы.   
Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу