Әкім Досаевтың командасы үшін 7 млрд тұратын нысан салынуда

2923

Алматы әкімдігі ғимаратының құрылысы наурызда бітпейтін болды.

Әкім Досаевтың командасы үшін 7 млрд тұратын нысан салынуда Фото: tengrinews.kz

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр хабарлағандай, қанды қаңтар оқиғалары кезінде Қазақстанның 8 өңірінде 42 мемлекеттік ғимаратқа зақым келтірілген. Оның арасында ең ірісі – Қазақстан Президентінің Алматыдағы резиденциясы. Үкімет оны қалпына келтірмей, күресінге жіберуге шешім қабылдады. Нысан бұзып тасталды.

Ал қалпына келтірілетін 41 ғимарат ішінде қатты зардап шеккені – Алматы әкімдігінің ғимараты болатын. Осы нысандарға бюджеттен 31 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға, Р. Склярдың айтуынша, былтыр 37 объект жөнделіп, іске қосылды. Биылғы қаңтарда Жетісу облысы әкімдігінің Талдықорғандағы ғимаратын реконструкциялау жұмыстары аяқталған.

Наурызда Алматыдағы Бас прокуратураның құқықтық статистика орталығын жөндеу аяқталады.

Бәрінен көп бүлінген, яғни бүлікшілер бұзып, өртеген Алматы әкімдігінің ғимаратын реконструкциялау былтыр бітуге тиіс еді. Бұл туралы мегаполис әкімі Ерболат Досаев мәлімдеген. Артынша бұл мерзім 2023 жылғы наурызға шегерілді. Себебі жұмыстар 30–40% ғана орындалыпты. Содан биылғы 5 қаңтарда Мәжілісте сөз сөйлеген Роман Скляр бұл мерзім ағымдағы жылдың екінші тоқсанына ысырылғанын жариялады. Бірақ оның айын нақтыламады.

Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа мерзімді атады: 2023 жылғы мамыр.

Ведомствоның хабарлауынша, Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың 2023 жылғы 15 ақпандағы тапсырмасына сәйкес,  Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын қайта жаңартуға Үкіметтің шұғыл шығындарға көзделген резервінен де қаражат бөлінетін болады.

"Үкіметтің резервінен қаражат бөлу Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын қайта жаңартуға мүмкіндік береді. Мұндағы мақсат – аталған ғимаратты заманауи стандарттарға сәйкес қалпына келтіру және сол арқылы Алматы әкімдігі аппаратының сапалы және уақтылы жұмыс істеуін қамтамасыз еті. Алматы әкімдігінің ақпараты бойынша құрылысты 2023 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланып отыр", – деп мәлім етті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Осыған байланысты министрлік "Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.

Ол бойынша алдымен 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резервінен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 7 миллиард 10,7 миллион теңге сомасында қаражат бөлінеді.

Ары қарай ИИДМ ол миллиардтарды Алматы әкімдігінің ғимаратын қайта жөндеу үшін Алматы қаласының әкімдігіне даму трансферті түрінде аударады. Яғни, осынша қаржының қалай жұмсалатын Досаевтың командасы шешеді.

Мегаполис әкімдігі 7 миллиардты толық игеріп, биылғы 1 желтоқсанға дейін Индустрия министрлігіне қаражатты нысаналы пайдалану жөніндегі түпкілікті есеп беруге тиіс.

Өз кезегінде, М.Қарабаевтың командасы 2023 жылғы 20 желтоқсанға дейінгі мерзімде Қаржы министрлігіне бөлінген қаражаттың қалай пайдаланылғаны жөнінде есеп ұсынатын болады.

Жалпы, Алматы әкімдігі ғимаратының қалпына келтірілуіне бірқатар алматылық белсенділер қарсы шықты. Оның мәнісін саясаттанушы Асхат Қасенғали дәйектеген болатын.

"Әкімдікті тура сол жерге қайта салудың керегі жоқ. Біріншіден, жанында 1986 жылы да, 2022 жылы да біраз жастың қаны төгілген алаң жатыр. Аурасы өте ауыр. Бұрын да әкімдік ішіне кіргенде сұп-сұр болып тұратын, енді тіпті ауыр аура болатын сияқты. Екіншіден, әкімдікті басқа бір ауданға, мысалы Алатау ауданының бір шетіне, "Шаңырақ" жаққа немесе Наурызбай ауданының бір шетіне ауыстырған жөн. Ауылдан қалаға келген жастардың жиналатыны және урбанизацияның ең қарқынды жүріп жатқан ошақтары сол жақта. Ол аудандардың мән-жайын я қалалық әкімдік нақты білмейді, я аудандық әкімдіктер нақты жеткізбейді. Егер сол аудандардың бірінде қалалық әкімдік тұрғызылса, біраз өзгеріс болады. Қала басшысы базарда уақытша жұмыс істейтін, күзетші болып жүрген, арба сүйретіп, жақсы өмірден үміт үзген, баспанасыз, пәтер жалдайтын, жұмыссыз жастардың ортасына түскенде ғана солардың мәселелері шешіле бастайды", – деп ескертті А.Қасенғали.

Оның пікірінше, Алматы әкіміне қаланың қақ ортасында отырып, элиталы аудандағы ғимараттан сөз сөйлеуге қарағанда, дамуы баяу ауданда "халықтың мәселесін шешеміз" деп сөз сөйлеп тұруы халыққа өтімдірек болар еді. Содан ол жақтарда жол, ауыз су, жарықтандыру және басқа мәселелер шешіле бастауы ықтимал деп болжады ол.

"Мысалы, Еуропада, жалпы, дамыған елдерде арттап қалған ауданда бір маңызды ғимаратты орнатады. Ол не университет, не басшылық, не басқа бірдеңе болуы мүмкін. Сол ғимарат сол ауданның дамытушы драйверіне айналады. Біртіндеп өркениет, мәдениет, материалдық игіліктер келе бастайды", – деген пікір білдірді қала белсендісі.

Бірақ ол қателеседі. Мемлекет басшысы кезінде Есілдің сол жағалауында Астананың әкімшілік орталығы ашылғанда, халыққа жақын болсын деп, елорда әкімдігін оң жағалаудағы ескі орталықта қалдырған. Одан еш нәтиже шықпады. Әкімдіктен бірнеше квартал ғана жердегі "Астаналық" (Артем) базарының маңы, Уәлиханов, Тараз, Асан Қайғы көшелері, Жастар шағын ауданы жылда былығып жатады, ол аудандар жерге сіңіп бара жатқан жатаған үйлерге толы. 2010 жылы жаһанға жарнамаланған ЕҚЫҰ тарихи саммитіне келген делегациялардың бір бөлігі сол маңдағы "Мәскеу" қонақүйіне жатқызылды. Қала билігі бұл сұрықсыз көрініске сонда да арланбаған.

Бірақ өртелген Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіруге шығындалып жатқан алапат сомаға мүлдем жаңа ғимарат салуға да болатын еді деген пікірлер шындыққа жақын. Алматы қаласының билігі болса, қала ортасында қалуға табандағанға ұқсайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу