Әкімдіктер жер мәселесіне ие бола алмайтынын дәлелдеп берді

1613

Жер қатынастары туралы заң жобасына сәйкес, жерді пайдалануды бақылау функциялары әкімдіктерден қайтарылып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне берілгелі жатыр. 

Әкімдіктер жер мәселесіне ие бола алмайтынын дәлелдеп берді

Жайылымды бөлу құзыретін алған әкімдіктер жеті жылдың ішінде жер мәселесіне ие бола алмайтынын, қырсыз екенін айқын дәлелдеп беріп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Өзекті мәселе бүгін Парламент Мәжілісінің қабырғасында көтерілді. Жалпы жерді, жайылымды бөлу құзыреті 2014 жылы әкімдіктерге берілген болатын. Дәл сол тұста Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне қарасты бүкіл техникасы, құрылғысы, құзыреті, 250 кадрдан тұратын адамымен бірге әкімдіктерге тапсырылған. Осылайша, жер инспекциялары әкімдіктердің құзыретіне өткен. Алайда...

"Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді әкімдіктердің өзі береді, өзі бақылайды. Ақыры осы мәселе жер комиссиясында біраз талқыланды. Жер комиссиясының мүшелерінің ортақ мәмілесімен жерді бақылау функциясын Жер ресурстарын басқару комитетіне қайтару туралы шешім қабылданып отыр",– деді Айдарбек Сапаров бүгінгі Мәжіліс отырысында.

Сапаров әкімдіктердің бұл бағыттағы жұмысының ебедейсіздігін ашып айтпаса да, мәселенің мәнісі бәріне түсінікті екені даусыз. Бұл ереже латифундистердің оң жамбасына келе кетті де, олар тұтас ауылдың жайылым жерлеріне ауыз сала бастады. Ақыры, елдің аймақ-аймағынан шу шығып, аталмыш мәселе жер комиссиясында қызу талқыланған болатын.

Жаңа ереже бойынша алдағы уақытта жерді пайдалану мен қорғау тәртібі – "Республика – облыс – аудан" қағидатымен құрылмақ.

"Осылайша, 250 адам бізге қайтып келеді. Менің ойымша, жердің дұрыс бөлінуін бақылауға осыншама кадр жеткілікті. Тек жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу керек. Біз өзімізде әлі функциялық талдау жүргіземіз. Бәлкім, министрліктің ішкі резерві есебінен жер инспекторларының санын көбейтеміз", деді ол.

Бұл мәселеге байланысты Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин да ойын білдірді. Мәжіліс спикерінің айтуынша, бұл – өте өзекті мәселе. 

"Жер мәселесіне байланысты үкіметтік комиссияның отырысында бұл сұрақ өте қызу талқыланғанын білеміз. Шынында да, мүдделер қақтығысы бар. Мемлекеттік бақылау функциясы әкімдіктерге 2014 жылы берілген. Ақыры не болды? Жергілікті атқарушы органдар жерге иелік ету құқығын өздері берді де, екінші жағынан осы нормалардың орындалуын өздері қадағалап отырды. Арты не болғанын білесіздер? Жер жылдар бойы игерілмей жатты. Әркім өз қалауынша жердің мақсатты пайдалануын өзгерте берді. Қолдарында болғаннан кейін... Жайылым да сол. Жер комиссиясында тіпті бір адамның бір ауылдың маңайындағы жайылым жердің 90 пайызына дейін алып алғаны айтылды. Сол себепті осының бәрін реттеу үшін біз заңды түрде бірыңғай вертикальды қалпына келтіріп жатырмыз. Қағидат – "Орталық – Облыс – Аудан". Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер инспекторларының санын көбейткелі жатқаны жақсы жаңалық екен", деді.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу