Әкімқараларға жарияланған әрбір 3-ші сөгіс бір айда алып тасталады

2232

Жаңа реформа нәтижесінде Президенттің тапсырмасын орындамаған, бастамасын жарға жыққан лауазымды тұлғалар енді лайықты жазадан құтыла алмайды. 

Әкімқараларға жарияланған әрбір 3-ші сөгіс бір айда алып тасталады Фото: yandex.kz

Жыл сайын орта есеппен 200-дей ірілі-ұсақты шенеунік сөгіс немесе қатаң сөгіс алады. Бұл негізі, қатаң жаза, себебі ол мемлекеттік қызметшінің жеке ісіне жазылады, салдарынан оны сыйақыдан, бонустардан, медаль және басқа сөлкебайлардан айырады. Бұл "сүйекке түскен қара дақ" сияқты, оның мансабында жоғарылауына кедергі болады.

Бірақ қу шенділер осы зұлмат жазаны залалсыздандырудың жолын тапты: сөгісті, тіпті қатаң сөгісті тез-ақ алып тастайды. Салдарынан, бір жағынан мемлекет пен халыққа салмақты зиян әкелген проблемаға, әлдебір апатқа жол берген басшылар жоғары қызметке ауысып алады, біліксіз қызметін одан әрі жалғастырады. Екінші жағынан, қоғамның наразылығы туады, билікке деген сенімге селкеу түседі.

Бұл таяқтың екінші ұшы да бар: бастықтар бұл тетікті төл командасындағы өзіне жақпаған мемлекеттік қызметшілерді тоқтаусыз төмпештейтін тоқпаққа айналдырып алған. Түрлі сылтаумен алдымен ескерту жасайды, ізінше сөгіс береді, көп ұзамай қатаң сөгіс жариялап, жұмысынан қуады. Мұндай қорлыққа шыдай алмай, өзіне қол салған қызметкерлер де бар көрінеді. Бұл ретте заңнамада да, нормативтік құқықтық актілерде де осы жазалардың арасында мерзім шектеуі бекітілмеген. Тіпті бір ай ішінде бәрін қолданса да қолын ешкім қақпайды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың түсіндіруінше, "Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларында" әкімшілік мемқызметшілерге тәртіптік жаза қолданудың негіздері, оның түрлері, қызметтік тергеп-тексеру жүргізу тәртібі және тағы басқалары рет-ретімен, тәптіштеп жазылған. Алайда олқылықтары да бар.

"Салдарынан, тәжірибе көрсеткендей, жоғары тұрған басшы мемлекеттік саяси қызметшіге 1 ғана айдың ішінде екі рет "ескерту", "сөгіс" немесе тағы да басқа жаза түрлерін өз қалауынша қолдануына мүмкіндік берілген. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының бір ауданының әкіміне 2022 жылғы 9 маусымда алдымен "қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту" берілген, 23 маусымда, яғни екі апта ғана өткенде тағы "қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту" жазылған. Немесе бір вице-министрге биылғы 12 сәуірде "сөгіс" жарияланған, ізінше 27 сәуірде, яғни, 15 күннен кейін "қатаң сөгіс" берілген", – деп мәлім етті Дархан Медеғалиұлы

Оның байламынша, мұндай фактілердің белең алуы салдарынан біріншіден, тәртіптік жауапкершілікке тартудың тәрбиелік мәні жоғалады. Ал тәртіптік жаза – бірінші кезекте қандай да бір құқық бұзушылыққа жол берген мемлекеттік қызметшіге тәрбиелік ықпал етудің, оған түзелуге мүмкіндік берудің нысаны болып табылады.

Екіншіден, биліктің осы түсініксіз тірлігі жұртшылыққа жақпай, халықтың билікке деген сенім деңгейінің төмендеуіне әкеп соғады.

Жалпы алғанда, қазіргі кезде сөгіс жазасының деградацияға ұшыраған жайы бар. Сондықтан Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұл тетікті күшейтуге кірісті. Осы мақсатта "ҚР Президентінің кейбір Жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа Жарлық жобасы әзірленді.

Оған сәйкес, сөгіс жариялап, артынша алып тастау сияқты тірліктерге тосқауыл қойылмақ. Министрлер, әкімдер бұл тетікті өз білгенінше қолдану құқығынан айырылады.

"Лауазымды адамдардың жазаларды формальды түрде алып тастауына қатысты жауапкершілігі күшейтіледі. Бұл мақсатта ел Президентінің, Премьердің, Президент Әкімшілігі басшылығының, Үкіметтің тапсырмаларын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін берілген тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастауды тек Президент Әкімшілігімен және сәйкесінше Премьер-Министрмен келісу бойынша жүргізу ұсынылады", – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д.Жазықбаев.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметті қолы мен ары таза еместерден адалау үшін талап қатайтылады. Қайта-қайта заң бұзатын шенділердің ары қарай тайраңдауына жол берілмеуге тиіс.

Осыған орай Президенттің жаңа Жарлығы жобасында жаңа норма қарастырылды: "Лауазымдық өкiлеттiктерiн өрескел бұзғаны, мемлекеттiк қызметте болуға лайықсыз теріс қылықтар жасағаны немесе қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту түріндегі алынбаған тәртіптік жазасы бола тұра, мемлекеттік саяси қызметші тағы тәртіптік теріс қылық жасаса, бұл оған қызметінен босату түріндегі тәртіптік жазаны қолдануға негіз болады" делінген.

Бұл жаңашылдық не үшін қажет болып отыр? Бірінші Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы "Мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі" туралы Жарлығымен бекітілген "Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына" сай, егер өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса, тиісінше орындамаса, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланса, қызметтік тәртіп пен әдепті бұзса, заңдарда белгіленген мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамаса, сол үшін мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылады.

Бірақ бұл қағидаларда егер шенеунік жазасы алынбай жатып, қайтадан әлгіндей теріс қылық жасаса, оған қандай жаза түрлері қолданылатыны нақтыланбаған. Салдарынан, егер шенеуніктің жоғарғы жақтағы тірегі мықты болса, ол тәртіптік жазаланғаннан кейін де айналасын алатайдай бүлдіруін жалғастыруы мүмкін. Әрі кетсе, басшысы оған халыққа көз қылып, кезекті сөгіс жариялайды да, онысын ізінше жоя салады. Енді шенеуніктердің "еркетотайлығын" билік көтермеуге тиіс: құжат өмірге жолдама алса, ондай мемқызметшілер бірден қызметінен қуылуы шарт.

Ел Президентінің мемқызметке қатысты осы Жарлығының басқа да жаңалықтары жетерлік. Мысалы, ол қабылданғаннан кейін елімізде "екілік" шенеуніктер пайда болмақ. Бұл да олардың лауазымынан қуылуына немесе төмендетілуіне ықпал етуі мүмкін. Қолданыстағы тәжірибе мен талап бойынша "Б" корпусы қызметшілерінің қызметін, KPI көрсеткішін бағалаудың қорытындысында "қанағаттанарлықсыз", "қанағаттанарлық", "тиімді" ("эффективно"), "өте жақсы" ("превосходно") деген жазу жазылатын.

Алда "Б" корпусы қызметшілерінің қызметін бағалаудың жаңа шкаласы енгізілмек. Ал бұл мектептегі бағалауға өте ұқсас:

1) "Лауазымдық міндеттерін тиімді атқарады" (беске тең);

2) "Лауазымдық міндеттерін тиісті түрде атқарады" (төртке бара-бар);

3) "Лауазымдық міндеттерін қанағаттанарлық деңгейде атқарады" (үштік);

4) "Лауазымдық міндеттерін қанағаттанарлықсыз деңгейде атқарады" (екілік баға деңгейі).

Қорыта келе, мынадай қызықты мәліметке назар аударған жөн. Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі талдау жүргізді. Оның барысында анықталғандай, былтыр облыстар мен үш мегаполис әкімдерінің орынбасарларына қатысты 57 тәртіптік жаза қолданылыпты. Алайда оның 19-ы мерзімінен бұрын алынып тасталған болып шықты. Бөлім мамандарының тұжырымдауынша, өңірлерде тәртіптік жазаларды небары 1 айдан аспайтын мерзімге қолданып, мерзімінен бұрын алып тастау практикасы таралған.

Осы арқылы аймақ басшылары өзіне жақын тартқан шенеунікті ол қайтадан заң бұзушылық жасаған жағдайда қолданылатын анағұрлым қатаң жазадан құтқарып алады. Бұл кесірлі тәжірибе, мамандардың пікірінше, лауазымды тұлғалардың жауапкершілік деңгейін төмендетті және орындаушылық тәртіпті құлдыратады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу