Әкімшілік жауапқа тартылған кәсіпкерлер неге шағымданады?

2673

Кәсіпкерлерлікті тексеруге мараторий жариялағанымен, бизнес жүргізуге әкімшілік кедергілер тыйылар емес.

Әкімшілік жауапқа тартылған кәсіпкерлер неге шағымданады?

Қарағандылық кәсіпкерлер облыстық Статистика департаментінің үстінен прокуратураға шағымданды. Саудамен айналысатын 35 кәсіпкер департамент салған айыппұлдың заңдылығын тексеруді өтінеді. Қарағанды облысы Кәсіпкерлер құқын қорғайтын Кеңестің кезекті 25-ші отырысында бизнес құрылымдарына жасалған қысым мәселесі сөз болды.
 
Елбасы жеке кәсіпкерлерлікті тексеруге мараторий жариялағанымен, бизнес жүргізуге әкімшілік кедергілер тыйылар емес. Ол туралы Қарағанды облысы кәсіпкерлер Палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы А.Түлкібаев баяндады.
 
Қарағанды облысының Статистика департаменті өткен жылдың кірісі туралы есепті уақытында тапсырмаған кәсіпкерлерге 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін айыппұл салған. Яғни, шағын кәсіпкерлік субъектілерінен - 14 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілерінен - 20 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілерінен - 120 АЕК көлемінде айыппұл алу көзделіпті.
 
Кәсіпкерлер ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 497 бабы 2 тармағы бойынша 1-ВТ пішіндегі статистикалық есепті уақытында тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
 
"Департамент кәсіпкерлерге статистикалық деректерді ұсыну қажеттігін хабарлаған хат жолдағанын алға тартуда. Жұмбағы сол, бұл хаттар кәсіпкерлерге жетпепті. Түсініспеушілікті шешу үшін "Қазпошта" АҚ-на хаттардың жөнелтілгенін анықтау мақсатында сұранысхат жолдадық. "Қазпошта" АҚ ұсынған есепке сүйенсек, кәсіпкерлерге аталмыш хаттар жолданбаған болып шықты", – деді А.Түлкібаев.   
 
Еске сала кетейік, 1-ВТ статистикалық есебін заңды тұлғалар, сондай-ақ сауда саласында қызмет көрсететін, іріктеуден өткен жеке кәсіпкерлер тапсырады. Дегенмен, есеп тапсыруға тиіс кәсіпкерлерді іріктеу рәсімі заңда реттелмеген. Сол себепті Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы облыстық прокуратураға Департамент әрекетінің заңдылығын тексеруді өтініп хат жазды.
 
Прокуратурадан келген жауапта көрсетілгендей, Департамент 140 кәсіпкерлік субъектінің үстінен әкімшілік іс қозғаған. Олардың ішінде 10 іс бойынша сот қаулыны жойып, істі тоқтату туралы шешім шығарған. Сотта кәсіпкерлердің кінәсі дәлелденбеді. Себебі, жеке кәсіпкерлерді іріктеп тексеру үшін мониторинг жасауды міндеттеу заңда қарастырылмаған. Әрі тексеріске таңдалып алынған тұлғалар бұл туралы арнайы хабарлануы қажет.

"Алайда, Департамент ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті арқылы Қарағанды қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының жоғарыдағы 10 шешіміне наразылық білдіріп хат жолдады. Материалдарды зерделеген ҚР Бас прокуратура статистика органдарының хатын негізсіз деп тапты. Осылайша сот пен прокуратура органдары Қарағанды облысы Статистика департаментінің кәсіпкерлерге салған 14 АЕК көлеміндегі айыппұлын заңсыз деп таныды", – деп атап өтті баяндамашы.

Қарағанды облыстық прокуратурасы ұсынған дерекке қарағанда, Департамент өндірістегі 87 әкімшілік істі тоқтатқан. Әйтсе де, 43 қаулы заңды күшіне еніп, олардың ішінде 20 кәсіпкер айыппұлды төлесе, қалған 23 материал мәжбүрлі түрде орындауға жолданған.

"Біз әкімшілік жауапкершілікке тартылған 43 кәсіпкердің заңды құқы бұзылған деп есептейміз. Сондықтан ерікті түрде төленген айыппұл қайтарылып, өндірістегі істерді дереу тоқтатуды сұраймыз", – деді Қарағанды облысы кәсіпкерлер Палатасының кәсіпкерлер құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы А.Түлкібаев.  

Ләззат Қожахметова

Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу