Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласындағы былықты айтты

1542

Кейбір медициналық ұйымдарда кредиторлық берешек бола тұра сыйақылар төленген. 

Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласындағы былықты айтты Фото: Astana TV

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жамбыл облысында 758,1 млн теңге қаражатқа қалалық көпбейінді ауруханада қаражатты жымқыру фактісі анықталған. "СҚ-Фармация" алдында дәрілік заттар үшін төлеуге арналған қаражат орындалған жұмыстардың актілерінсіз заңды тұлғаға аударылған", - деді министр Мәжілісте өткен комитет отырысында.

Бұдан басқа Ақмарал Әлназарова  еңбекке ақы төлеу қорының негізсіз төлемдеріне де тоқталды.

"Кредиторлық берешек бола тұра сыйақыларды төлеу және 694 млн теңге көлеміндегі лауазымдық айлықтарды ұлғайту фактілері анықталды. Мысалы, Алматы қаласының бірінші көпбейінді ауруханасының бөлімше меңгерушісінің жалақысы 357 мың теңге болғанда 11 ай үшін 15 млн теңге төленді. Сондай-ақ, аға мейірбике жалақысы 185 мың теңге болған кезінде 7 млн теңге қаржыдан төленді. Жамбыл облысының қалалық көпбейінді ауруханасының кредиторлық берешегі бола тұрып, 391 млн теңгеге сыйақы төленген", - деп жалғастырды ол.

Сөзінше, аталмыш деректер Антикор жүргізген сыбайлас жемқорлықтың талдауымен расталды.

"Жетісу облысында бас дәрігерлер мен бухгалтерлерге 389 млн теңге қаржыға ынталандыру үстемелері заңсыз төленген. СҚО, Павлодар облысында және Астана қаласында 332,9 млн теңге көлеміндегі қаржы жымқыру фактілері де анықталды. Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінде бас бухгалтер басқа біреудің атымен деректі енгізу арқылы өз шотына 341 млн теңге аударған. Осындай жағдай Абай және Маңғыстау облыстарында да болған. Атырау облысында емхананың бас дәрігері 171 млн теңге жымқырған. Бұл тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапына іріктеп тексеру жүргізгеннің нәтижесінде белгілі болды. Олар бойынша негізсіз төлемдер бүгінде 1,3 млрд теңгені құрады", - деді ДСМ басшысы.

Құқық қорғау органдарына медициналық қызметті жеткізушілерге қатысты 16 материал жіберілген.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжілісте денсаулық сақтау саласын дамыту перспективасы талқыланғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу