АҚШ әкімшілігі: Ресей Қытайдан әскери көмек сұраған

2911

Егер Қытай РФ-ға Украинадағы соғыста жәрдемдесетін болса, Батыстың экономикалық жазасына ұшырайды.

АҚШ әкімшілігі: Ресей Қытайдан әскери көмек сұраған

АҚШ әкімшілігінің мәлімдеуінше, Ресей Украинаға басқыншылық жасау үшін Қытайдан әскери құрал-жабдық сұрады. Бұл мәселе Құрама Штаттар мен Қытай үкіметтерінің жетекші көмекшілерінің дүйсенбі күні Римде өтетін кездесуі қарсаңында жарияланып отыр.

Келіссөздер басталарда Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Ресейдің жаһандық санкциялардан құтылуына Қытайдың көмектеспеуі керектігін ашық ескертті. "Біз мұндай әрекеттерге жол бермейміз", – дейді ол.

Қытайдың Ресейге қаржылай көмек көрсету мүмкіндігі – Президент Джо Байденді алаңдатып отырған мәселелердің бірі. АҚШ үкіметі өкілдерінің сөзінше, соңғы күндері Ресей Украинадағы соғыста алға ілгерілеу үшін Қытайдан қолдау, соның ішінде әскери техника сұраған. Бұл турасында толық мәлімет жоқ. Мәскеудің Бейжіңге жасаған өтініші жайлы алғаш рет Financial Times және The Washington Post газеттері де хабарлады.

Байден әкімшілігі, сонымен қатар Қытайды Ресей әскерінің Украинаға химиялық немесе биологиялық қарумен шабуыл жасауына сылтау болуы мүмкін жалған ақпаратты таратумен айналысты деп те айыптап отыр.

Ресейдің Украинаға басып кіруі Қытайды екі ірі сауда серіктесі – АҚШ-пен және Еуропа одағымен қатынастарда ыңғайсыз жағдайға қойып отыр. Қытай үшін бұл екі нарық та аса маңызды, бірақ Бейжің сөйте тұра Мәскеуге қолдау көрсетіп, Ресеймен "шексіз" достығын жариялап отыр.

Қытайдың сыртқы саясат жөніндегі аға кеңесшісі Ян Цзечимен келіссөздерде Салливан Бейжіңнің Мәскеу үшін жасайтын әрекеттерін шектеуге күш салмақ.

"Мен бұл жерде көпшілік алдында отырып, қоқан-лоққы көрсетуден аулақпын. Бірақ Бейжіңге егер Қытай Ресейге санкциялардан жоғалтқанын толтыруға көмектессе, оның салдары болатынын тікелей және жекеше түрде ескертеміз. Біз мұндай істің алға жылжуына және Ресейге әлемнің кез келген елінен келетін экономикалық санкциялардан құтылуға жол бермейміз", – деді Салливан жексенбі күні CNN телекомпаниясына берген сұхбатында.

Байден әкімшілігінің айтуынша, Бейжің Ресейді жақтап, Украинада АҚШ-тың қолдауымен химиялық және биологиялық қару-жарақ жасалып жатқаны туралы жалған мәлімдеме таратқан.

"Ресейдің басқа елдерді биологиялық немесе химиялық шабуыл жасауға дайындалып жатыр деп айыптай бастауы – сондай шабуылды өзі де жасағысы келетінін білдіреді", – дейді  Салливан NBC арнасының "Баспасөзбен кездесу" бағдарламасына берген сұхбатында.

Пентагон өкілі Джон Кирби болса, ABC арнасының "Осы аптада" хабарында, "дәл қазір қандай да бір химиялық немесе биологиялық шабуылға меңзейтін ештеңе көрмедік, бірақ біз бұл мәселені өте мұқият бақылап отырмыз" деп мәлімдеді.

РФ Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова Американы Украинада химиялық және биологиялық қару зертханаларын қаржыландырып жатыр деп дәлелсіз кінәлады. Содан кейін АҚШ Ресейді жалған ақпарат таратты, ал Қытайды сол жалғандыққа қатысы бар деп айыптап отыр.

Захарованың мәлімдемесін Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзян қуаттап, "АҚШ Қорғаныс министрлігінің абсолюттік бақылауында" 26 биозертхана мен оған қатысты нысандар бар деп мәлімдеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы болса, мұның бәрін растайтын ақпарат алмағанын мәлімдеп отыр.

АҚШ әкімшілігінің ой-пікірімен таныс адам Associated press агенттігіне берген сұхбатында айтқандай, Қытай Украинадағы соғыста Ресеймен одақтасып, бұл одақтастық келешекте Бейжіңнің "әлемдік тәртіп туралы көзқарасын" жүзеге асыруға көмектеседі деген үмітте.

Батыс Ресей Алексей Навальный мен бұрынғы тыңшы Сергей Скрипаль сияқты Путиннің қарсыластарына қастандық жасау әрекетінде химиялық қару қолданылды деп есептейді. Бұл аздай, Ресей Сириядағы онжылдық азаматтық соғыста да өз халқына қарсы химиялық қару қолданған Асад үкіметіне жақтас болды.

Қытай - Ресейді Украинаға басып кіргені үшін сынға алмаған санаулы елдердің бірі. Қытай басшысы Си Цзиньпин Ресейдің Украинаға шабуылы басталардан үш апта бұрын ғана Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Путинді қабылдады.

Путиннің сапары кезінде Қытай мен Ресей лидерлері шексіз достық жайында 5 000 сөзден тұратын мәлімдеме жасады.

Қытай өкілдері БҰҰ-ның Ресейге қарсы дауыс беру процедурасында қалыс қалып, Батыстың Мәскеуге қарсы экономикалық санкцияларып сынап келеді. Бейжің халықаралық қақтығыстардағы делдалдық тәжірибесінің аздығына қарамастан, бейбітшілік жөніндегі келіссөздерді қолдайтынын білдіріп, делдал ретіндегі қызметтерін де ұсынды.

Алайда Бейжің Батыстан алшақтап, өз экономикасын қауіпке душар етуге қаншалықты дайын деген сұрақ бар. Салливанның айтуынша, Қытай мен өзге елдерге "Ресейді қолдап, оған санкцияларды айналып өтуге көмектеспеу" туралы ескерту жасалған.

Қытай өкілдерінің ойынша, Вашингтон Ресейдің әрекетіне шағымданбауы керек, өйткені АҚШ-тың өзі де кезінде Иракқа жалған сылтаумен басып кірді. Айта кетсек, АҚШ Саддам Хусейннің жаппай қырып-жоятын қару жинағанына дәлел барын мәлімдегенімен, сол арсеналды таба алмады.

Салливан Қытай Путиннің Украинаға басып кірер алдында "бірдеңе жоспарлап отырғанын" білген деп есептейді. Алайда Салливан Қытай үкіметі "мұның толық көлемін түсінбеуі де мүмкін, өйткені Путин еуропалықтарға және басқаларға өтірік айтқандай, қытайларға да өтірік айтуы әбден мүмкін" деген пікірде.

Ресей жексенбі күні Батыс санкцияларына төтеп беруге Қытайдың көмектесетініне сенім білдірді. РФ қаржы министрі Антон Силуанов санкциялардың Мәскеуді 640 миллиард долларлық алтын-валюта қорының 300 миллиардынан айырғанын мойындап отыр.

"Біздің алтын-валюта қорымыздың бір бөлігі Қытай валютасында, юаньда. Ал Қытаймен өзара саудамызды шектеу үшін Батыс елдерінің Бейжіңге қандай қысым жасап жатқанын көріп отырмыз", – дейді ол.

Қытай - Ресейдің Еуропа одағынан кейінгі жетекші экспорттық нарығы. Қытайдың кеден агенттігінің мәліметінше, 2021 жылы Ресейдің Қытайға экспорты 79,3 миллиард долларға жетіп, соның 56 пайызын мұнай мен газ құраған екен.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу