АҚШ Ауғанстаннан кетіп жатқанда, Қытайдың "Талибанмен" қатынастары жақсарып келеді

4868

Бейжің Кабулдегі Америкаға арқа сүйеген Ғани үкіметін емес, "Талибанды" басты саяси, әскери күш деп біледі.   

АҚШ Ауғанстаннан кетіп жатқанда, Қытайдың "Талибанмен" қатынастары жақсарып келеді

Қытай Сыртқы істер министрі сәрсенбіде "Талибанның" жоғары деңгейлі шенеуніктері делегациясымен кездесті. Екі жақ арасындағы байланыс Ауғанстаннан АҚШ әскері кетіп жатқан шақта жылып отыр.

Министрліктің веб-сайтында жарияланған суретте Қытай сыртқы істер министрі Ван И мен "Талибанның" аға лидері Молла Абдул Ғани Барадар бастаған делегация Тяньцзинь қаласында суретке түсіп, содан кейін келіссөздерге отырғаны бейнеленген. Тәліптер қазір өздерінің халықаралық деңгейде мойындалғанына мұқтаж. Ал, олардың басшыларының Қытай өкілдерімен кездесуі "Талибан" қозғалысының әлемдік аренада танылу позициясын нығайта түседі деген болжам бар.

Ванның айтуынша, Қытай Ауғанстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейді және әрқашан Ауғанстанның ішкі істеріне араласпауды қолдайды.

Шығыс көрші дипломатиясы жетекшісінің өзге бір мәлімдемесіне қарағанда, АҚШ пен НАТО-ның асығыс кетуі "Америка саясатының сәтсіздікке ұшырағанын көрсетіп, Ауғанстан халқына өз елін тұрақтандыру мен дамытудың маңызды мүмкіндігін ұсынып отыр".

Кездесудің күн тәртібіндегі мәселелер ашық жарияланбағанымен, Қытай "Талибанды" бейбіт келіссөздер жүргізуге итермелеуге немесе зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге мүдделі. Айта кетсек, тәліптер бүгінде Ауғанстан үкіметінің күштерінен соғыста талай аумақты басып алып жатыр.

Қытай мен Ауғанстан шалғайдағы Вахан алқабындағы қысқа ғана шекараны бөліседі және де Қытай исламшыл жасақтардың Шыңжаң аймағына енуіне көптен бері алаңдап келеді. Қытай, сондай-ақ, Ауғанстанда мұнай, газ және мыс өндіруге қатысты келісімшарттарға қол қойды. Дегенмен, ол пәтуалар ұзақ уақыт бойы жүзеге асырылмай келеді.

"Талибан" – Ауғанстандағы басты әскери және саяси күш, сондықтан ол бейбітшілік, келісім және қайта құру процестерінде маңызды рөл атқарады деген үміт бар",– дейді Ван.

Ван айтқандай, Қытай "Талибан" ұлт пен халықтың мүддесін бірінші орынға қойып, бейбіт келіссөздерге назар аударып, бейбітшілікті мақсат етіп, елдің "позитивті имиджін" қалыптастырып, барлық фракциялар мен этникалық топтардың бірлігі үшін жұмыс істейді деп үміттенеді екен.

Ван, сонымен қатар, "Талибанның" "Шығыс Түркістан" исламдық қозғалысына қатысты "батыл шешім шығаратынына" үміт білдірді. Қытайдың мәлімдеуінше, бұл топ Шыңжаңды тәуелсіздікке итермелейді. Алайда, көптеген сарапшылар "Шығыс Түркістанның" тіпті бар екеніне күмән келтіріп отыр.

Айта кетсек, Қытайға "Талибан" Діни Кеңесі мен Үгіт комитетінің басшылары да сапар шекті.

АҚШ-тың Ауғанстаннан тамыздың 31-не дейін кету жоспары Вашингтонның басты стратегиялық бәсекелесі - Қытайға пайдалы нәрсе ретінде қарастырылады. Себебі, Бейжің  "өз  ауласы" санайтын жерде АҚШ әскерінің шоғырлануына көптен бері қарсы болып келді.

Егер "Талибан" АҚШ-қа арқа сүйеген орталық үкіметті құлатса, Қытай стратегиялық дәлізге ие болып, одақтасы Пәкістанмен бірлесіп, ортақ қарсыластары - Үндістанға одан әрі қысым жасауға мүмкіндік алады.

Барадар Тяньцзиньге Пәкістан сыртқы істер министрі мен барлау бастығының Қытайға сапарларынан кейін көп ұзамай барып отыр

Пәкістан - Ауғанстандағы бейбітшіліктің кілті ретінде қарастырылады. Себебі, "Талибан" басшылығының штаб-пәтері Пәкістанда орналасқан. Дегенмен, кейінгі кездері Исламабадтың тәліптерге ықпалы біршама әлсіреп кетті деген пікір айтылып жүр.

Бірақ дүйсенбіде Ван Тяньцзинде АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Венди Шерманмен де жүздескен. Сол сапардан кейін Шерман мен Мемлекеттік департамент Ауғанстанды АҚШ пен Қытай ынтымақтаса алатын "ғаламдық мүдделер аумағы" тізіміне қосқан.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу