"АҚШ қаласа, Ресейді алдағы сәрсенбіде дефолт қылады" – Ресей сарапшысы

18335

Ресей 1998 жылғы 17 тамызда дефолт жариялағанда, оның кесірі Қазақстанға да тиді. Елде алапат қымбатшылық өршіді, доллар бағамы 50-ден 83-ге, кейін 140-қа дейін шарықтады. Бұл теңгенің тұңғыш девальвациясы болатын. Ал енді Ресейге тағы дефолт қаупі төніпті. 

"АҚШ қаласа, Ресейді алдағы сәрсенбіде дефолт қылады" – Ресей сарапшысы

Халықаралық сарапшылар алғашында солтүстік көршінің 5 мамырда сыртқы қарызын төлей алмай, дефолтқа тап болатынын болжады. Себебі Америка Украинаға соғыс ашқаны үшін Ресейдің долларды сатып алуына тыйым салды. Оған қырсыққан Кремль барлық сыртқы қарызын тек рубльде төлейтінін мәлімдеп, соны бекітетін заңын қабылдады. Бұл – Ресейдің долларда номинацияланған еуробондтары бойынша берешегін 4 сәуірде өтей алмайтынын білдіретін.

Содан борышкердің 1 ай "жеңілдікті кезеңі" қалды, ол кезең 3 мамырда бітетін. Алайда жеме-жемге келгенде, Мәскеудің табаны тайғанақтап, өз заңын өзі бұзып, тыққан-бұққан долларларын тауып, әлгі кезең бітуіне санаулы сағат қалғанда қарызын шетелдік валютада өтеді. Осылайша, көрші дефолт болудан құтылып кетті.

Bloomberg мәліметінше, жеңілдікті кезеңнің аяқталуына 11 сағат қалғанда еуропалық клирингтік орталықтарға РФ-дан 650 миллион доллар түскен. Рәсім бойынша осы орталықтар РФ Қаржы министрлігінен түскен төлемді өңдеп, "Ресей-2022" және "Ресей-2042" еуробондтарын ұстаушы акционерлер арасында бөлді. Өз кезегінде АҚШ Қаржы министрлігі доллардағы транзакцияны мақұлдады, өткізді. Америка тарапының түсіндіруінше, төлем бұғатталған халықаралық резервтерден емес, ресейлік ішкі валюта түсімінен төленген.

Ресейлік экономист Сергей Гуриевтің айтуынша, егер Америка транзакцияны құптамай тастағанда, Ресейге дефолт жариялаудан басқа амал қалмас еді. Яғни, "АҚШ қаласа, бұл тұрғыда Мәскеуді ертең-ақ тізе бүктіре алады". Әйтсе де, Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыттың Олимпінде Мәскеудің күйреуін қаламайтын күштер болса керек.

Сонымен бірге осыны қатты қалайтын күштер де бас көтеруде. Мысалы, Deutsche Welle жазуынша, Ресей үшін келесі сындарлы кезең – 25 мамырда туындамақ. Алдағы сәрсенбіде ресейлік облигация иегерлеріне дивиденд-пайыздар төлеуге мүмкіндік беретін Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) РФ-ға берген лицензиясының қолданыс мерзімі аяқталады. Соның ізінше, 27 мамырда Мәскеу "Ресей-2026" және "Ресей-2036" құнды қағаз акционерлерінің алдындағы қарызын өтеуге тиіс болады.

Бұл ретте АҚШ Ресейдің лицензиясын ұзартпаса, ол қарызын төлеу тетігінен айырылады. Тиісінше, амалсыз дефолт болуы ықтимал.

Сарапшылардың жазуынша, осы орайда Ресейдің экономикалық күйреуін "коммерцияландырып", пайда тапқысы келетіндер көбейген. Bloomberg хабарлағандай, егер Ресей өзінің сыртқы борышының облигацияларын долларда өтей алмаса, оның құнды қағаздарының иегерлері "кредиттік дефолттық свопты" іске қоса алады. Осы КДС-контрактілер "заемшы дефолт болған жағдайда инвестор өз қаржысын қайтара алатынын" кепілдендіретін көрінеді. Енді қараңыз, Ресей Украинаға басып кіргелі, РФ сыртқы қарыздарымен байланысты мұндай контрактілер саны күрт өскен және жалпы сомасы 6 миллиард долларға осындай контракті бекітіліпті. Оның көлемі ары қарай артуда екен. Инвесторлардың КДС-қа қызығушылығының өсуіне бұл контрактілер құнының шарықтауы да ықпал еткен.   

Сарапшылар жаһандық биржа шыңында Мәскеудің басын "ханталапайға" түсіруге құмартқан алыпсатарлар саны көбейіп бара жатқанына назар аудартады. Бұл бір жағынан "қансонарда" алдан қаша жөнелетін түлкінің соңынан "Қанды басын бері тарт!" деп, бүркіттерінің томағасын сыпыруға, қиқу салуға әзірленген, әзірге тек ынтыға алға үңілген аңшыларды елестететіндей.

Ресейлік экс-депутат, саясаткер, қоғам қайраткері Анастасия Брюханова 92-ші және 98-ші жылдардағы Ресейдегі дефолт елді қатты жүнжіткенін қаперге салды. Жалпы дефолт деген не? Қарапайым тілмен айтсақ, мемлекет ескі кредиттері бойынша қарызын төлей алмайды, сондықтан оған жаңасын ешкім бермейді.

"Бизнес сияқты, мемлекеттер де тезірек өркендегісі келсе және оған қаражаты жетпесе, сырттан қарыз тартады. Ресей әлі дефолт болған жоқ, ал оның салдарларын біз қазірден сезініп отырмыз. Мысалы, Кремльге ешкім кредит бермейді. Алайда 90-шы жылдардан айырмашылығы сол, Мәскеу шикізаттан мол табыс табуда, яғни берешегін өтеуге мүмкіндігі бар. Бірақ ол мүмкіндігінен 25 мамырда айырылуы мүмкін. Өйткені АҚШ Қаржы министрі Джанет Йелленнің мәліметінше, Америка ресейлік облигацияларға қатысты операцияларға лицензияның күшін ұзартпауы ықтимал. Олай болса, қазір Мәскеудің тағдыры АҚШ-тың қолында тұр. Әйтпесе, Ресейдің төлеуге ақшасы бар. Соғыс басталған 3 айда РФ Қаржы министрлігі жалпы сомасы 2,5 млрд сыртқы қарызын өтеді", – дейді Анастасия Брюханова.

Wall Street Journal сарапшыларының байламынша, Ресейдің дефолт болуын Америка онша қаламайды. Басылым 1998 жылғы оқиғаларды еске түсірді. Сонда ресейлік дефолт жарияланғанда, халықаралық нарықтар құлдилады, оның соңы сақтандыру, хедж-нарығын басқарып келген америкалық алпауыт – Long-Term Capital Management инвестициялық қорының банкрот болуына соқтырыпты. Қазір екінің бірі біле бермес, алайда 90-шы жылдары жаһандық қор нарығында осы инвестқор өз үстемдігін жүргізген және бүкіл Уолл-стритті жатқызып-өргізген. Бүгінде оның орнында дым да қалған жоқ. LTCM нарықтың күйреу мүмкіндігі 0-ге тең деп қате болжапты. Ресейдің дефолты мүмкін еместі мүмкін етті. Нәтижесінде, Америка "аузы күйген үрлеп ішедінің" керін келтіріп, Ресейді тағы дефолт қылудан қорқып отырғанға ұқсайды.

Ресейлік бизнесмен, белгілі экономист Дмитрий Потапенко 90-шы жылдардағы жағдай қайталанбайды деген сенімде. Бұл ретте үлкен қиындық – Ресейде доллардың тапшылығында болып тұр.

"Жазылушыларым менен: "доллар қиылған қу қағазға айналып кетті, кезінде саған сеніп, көп әрі қымбатқа алып қойып едік" деп уайымдайды. Біріншіден, қиылған қу қағаздың "қара нарығы" жоқ. Ал доллардың "қара нарығы" бар. Кеше әріптестеріммен шәй іштік. Оның бірі ірі сомадағы долларын рубльге айырбастауға мұқтаж екен, бірақ Орталық банк бекіткен 58 рубль межесіндегі фейк-бағаммен сатқысы келмейді. Содан ол елдің бәрі білетін ақ-қызыл түсті логотипі бар ресейлік банкке қоңырау шалып, мәселесін айтты. Оператор қыз әп-сәтте айырбаспен айналысатын конторалардың тізімін берді. Олар әріптесімнен тартымды, жоғары бағаммен бүкіл долларын таласа-тармаса сатып алды. Мұндай тәжірибе кеңес кезінде болған. Ештеңе де өзгерген жоқ. Бүкіл посткеңестік кеңістіктегі елдер уақыт өткен сайын алға кетіп бара жатыр, ал біз болсақ, сандырақтаған, алжыған күйде Кеңес заманына қайтып бара жатырмыз", – деп күрсінеді ресейлік экономист.

Оның айтуынша, Ресейде қазір доллар – жай ғана валюта емес, инвестициялық құнды қағазға айналды. Осыны түсінген адамдар ұзақ жылдарға, ең кемі 2 жылға арналған жинағын АҚШ валютасында жинауда.

Оның болжамынша, Ресей экономикасының нашарлағаны шілде-тамыз айларында анық байқалмақ.

"Қазірдің өзінде Ресейде 100-ден астам ірі сауда орталығы сатуға қойылды. Себебі түсінікті: сауда жоқ, сауда-саттық 75 пайызға дейін құлаған. Бұған қоса, балалар атракциондары, ойын-сауық зоналары, кинотеатрлар бос қалды. Футкордтар да жабылу үстінде. Бірақ дәл 90-шы жылдардағыдай экономиканың күйреуі болмайды. Ол кезге қарағанда бүгінде ресейлік экономика әлдеқайда дамыған. Әрі кетсе, іргемізде Қазақстан бар, қат тауарлар содан тасылады. Дефолт болса, ол неге соқтыруы мүмкін? Әрине, тауарлар ассортименті мейлінше азаяды, бағалар барған сайын қымбаттай береді. Жұмыссыздар армиясы еселеп ұлғаяды. Ресейліктер бір тілім нан үшін қалай және қай жерден табыс табу жайына бас қатыруға мәжбүрленеді", – деп болжайды Дмитрий Потапенко.

Сондай-ақ оның тұспалдауынша, "Ресейде бандитизм, ұйымдасқан қылмыс алапат өріс алуы ықтимал". Өйткені "полиция, күштік құрылымдар "бесінші колоннамен", оппозициямен, мейнстриммен келіспейтіндермен, көшеге бейкүнә плакат көтеріп шыққан бозбала-бойжеткендермен күресіп әлек". "Росгвардия", ОМОН, қарапайым полицейлер Украинаға әкетіліп, майдан даласында қаза тауып жатыр. Қылмыспен күресетін тәртіп сақшысы қалмауы мүмкін.

"Сақтансаң сақтаймын" деген, біздің Үкіметтегілер Ресейге сене бермей, "ақыл-ой шабуылы" әдісімен оқиғалар барысының ары қарай өрбуін болжап, бағамдап, соған сақадай сай дайын отырғаны жөн. Бұрынғы Министрлер кабинеті дағдарыс туындаған сайын оған қатысты үш сценарийді ұсынып отырушы еді. Ал іргедегі ел қатты тоқырап жатқанда, Смайылов Үкіметінің тым-тырыс отырғаны тіксінтеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу