Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ продюсері Әлидар Өтемұратовтың қаржыландыруымен голливудтық продюсерлер Кери Гранат және Оскар сыйлығының иегері Эд Джонспен бірігіп түсіретін фильмді 2017 жылы әлемдік кинопрокатқа шығаруды жоспарлауда.
"Әміре" фильмі АҚШ пен қазақстандықтардың бірлескен алғашқы жаңа форматтағы киножобасы болмақ.
Көркем туындыда қазақтың тенор дауысты әншісі Әміре Қашаубаевтың қысқа өміріндегі атақ-даңққа толы кезеңі мен жұмбақ өлімі туралы баяндалады. Ол тұңғыш рет еуропа жұртшылығына ұлтымыздың музыкалық аспабы мен халық әндерін танытты. Сол кезде 36 жастағы Әміре КСРО делегациясы құрамында Парижде 1925 жылы өткен Халықаралық Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes конкурсында ән шырқауы көпшілікті таңқалдырып, күміс медаль иеленді. Фильмде Әміре Қашаубаевтың Мұстафа Шоқай мен джаз өнерінің білгірі Джордж Гершвин кездесуі, елге оралған соң қиын жағдайларға тап болатындығы қамтылады.
Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы "Балқадиша", "Сұржекей", "Үш дос", "Дударай", "Жалғыз арша", "Бес қарагер", "Ағаш аяқ" және "Əй-əй бөпем" әндері орындалады. Шілденің соңында Латвияның Рига қаласында басталған түсірілім қыркүйекте Алматы қаласында аяқталады.
Халықаралық түсірілім тобын америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа басқарса, "9 рота", "Сталинград" кинотуындыларымен таныс Максим Осадчий оператор болып бекітілген. Фильмнің сценарийін Бенжамин А. Ван дер Вин жазса, басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев Әмірені және Мәскеу кинофестивалінде "Үздік ер адам рөлі" номинациясының жеңімпазы Еркебұлан Дайыров Мұстафа Шоқайды сомдайды. Сонымен қатар британдық актер Бен Алдридж бен "Область тьмы" фильмі арқылы белгілі америкалық актриса Эбби Корниш сияқты басқа да актерлер қатысады.
Фильмнің атқарушы продюсерлігіне Әсет Кенжебаев пен Анна Чакиртова тағайындалса , тарихи кеңесші Әміре Қашаубаев туралы бірнеше еңбектердің авторы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімов болмақ. Музыкамен көркемдеуге "The Magic of Nomads" жобасының авторы әрі жетекшісі Ғазиза Ғабдрахимова басшылық етеді. Қоюшы суретшісі Екатерина Залетаева, костюм бойынша суретшілер қызметін Әсел Шалабаева және Дайва Петрулите атқарады .
Саян Абаев