Осыдан қырық жыл бұрын Америка Құрама Штаттары кеңестік SS-20-ға қарсы тұру үшін Еуропа жеріне қанатты және "Першинг II" ядролық зымырандарын орналастырды. Бұл – "қырғи қабақ" соғысты шиеленістірген, бірақ бірнеше жылдан кейін қарусыздану туралы тарихи келісімге әкелген қадам еді.
"Біз бұл көшетті отырғызғанымызды мақтан ете аламыз, ол бір күні алып бейбітшілік ағашына айналады", - деді 1987 жылы желтоқсанда АҚШ президенті Рональд Рейганға кеңестік лидер Михаил Горбачев барлық қысқа, орта қашықтыққа арналған ядролық және кәдімгі қаруларды (500 шақырымнан 5500 шақырымға дейін жететін) жою туралы келісімнің жасалғанын меңзей отырып.
Сол көшет 2019 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп осы келісімнен шыққанға (Ресей оны бұзды деген себеппен) дейін сақталды. Бірақ бұл пактінің біржолата жойылу қаупінің салдары енді ғана толықтай анықтала бастады. Себебі тараптар қайтадан зымыран орналастыру жоспарларын жариялап жатыр.
Маусымның 28-і күні президент Владимир Путин Ресейдің қысқа және орта қашықтыққа ұшатын құрлықтағы зымырандарды өндіруді қалпына келтіретінін ашық мәлімдеді. Қауіпсіздік сарапшыларының болжамынша, бұндай ракеталар көптеген ресейлік өзге жүйелер сияқты кәдімгі немесе ядролық оқтұмсықтарды тасымалдауға қабілетті.
Көп кешікпей, яғни, 10 шілдеде Америка Құрама Штаттары 2026 жылдан бастап Германия аумағына бұрын негізінен кемелерге орналастырылған SM-6, "Томагавк" тәрізді гипердыбысты зымырандарды қамтитын қаруларды орналастыра бастайтынын ескертті. Бұлар кәдімгі жүйелермен ғана емес, теориялық тұрғыдан ядролық оқтұмсықтармен де жабдықталуы мүмкін.
"Шындық сол, Ресей де, Құрама Штаттар да өздерінің қауіпсіздігін нығайтуға қадам жасап жатыр. Нәтижесінде екі ел бір-біріне қысым көрсетіп, бір-бірін саяси немесе әскери қадамдарға итермелеп отыр. Бұл жағдайды жанталаса қарулану деп сипаттауға болар", - дейді Америкалық ғалымдар федерациясының жаһандық тәуекелдер жөніндегі директоры Джон Вольфсталь Reuters агенттігіне телефонмен берген сұқбатында.
СОҚҚЫ СЦЕНАРИЙІ
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қарусыздандыруды зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Андрей Баклицкийдің айтуынша, ракета шоғырландыру жоспарлары "Ресей мен НАТО елдері арасындағы тікелей әскери қақтығыс сценарийлерін көбірек туындатады. Сондықтан барлық тараптар бұндай жағдайға дайындалуы керек".
Баклицкийдің болжамынша, мұндай қақтығыстарға Ресейдің Украинаға тиесілі батыстық қару-жарақ сақталған польшалық базаларға соққы беруі немесе АҚШ-тың ресейлік радарға немесе командалық-бақылау пунктіне шабуыл жасауы сияқты ықтимал жағдайлар себеп болуы мүмкін.
Зерттеушінің өзге бір пікірінше, Ресей мен АҚШ-та мұндай зымырандық соққыларды теңізден немесе әуеден жасауға мүмкіндік қазірдің өзінде бар екен. Ал егер бұларға құрлықтағы ракеталар қосылса, қарсыласқа жерден де шабуыл жасауға және оған жауап беруге мүмкіндік туады.
Вольфстальдың сөзінше, бұл шоғырландырулар онсыз да шиеленіскен жағдайды тіпті ушықтырып, тайталастың бақылаудан шығып кету қаупін туындатуы ғажап емес.
Американың Германияға ядролық ракеталарын орналастыруы Ресейді АҚШ-тың құрлықтық бөлігіне бағыттап көптеген стратегиялық зымыран шоғырландыруға итермелеуі мүмкін.
ҚЫТАЙ ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРУІ МҮМКІН?
Ресей мен Американың орта қашықтыққа арналған зымырандарды бір-біріне соққы беру үшін орналастыру жөніндегі кез-келген жоспары Қытайды қаруын күшейтуге ынталандыруы мүмкін. Оның үстіне, Қытайдың 1987 жылы АҚШ пен КСРО қол қойған келісімге қатысы жоқ.
АҚШ қорғаныс министрлігінің 2023 жылы Конгресте жасаған баяндамасына жүгінсек, Қытайда 300-3000 шақырымға ұшатын 2300 ракета бар, ал оның 3000 - 5500 шақырымға жететін зымырандарының саны 500-ге жуық екен.
Қытай ракеталарына алаңдаушылық Трамптың Ресеймен арадағы келісімнен шығуында маңызды рөл ойнады, және де АҚШ өзінің Азиядағы одақтастарының жеріне орта қашықтыққа арналған зымырандарын шоғырландыру жолында алғашқы қадам жасап отыр. Биыл сәуір айында Құрама Штаттар бірінші рет бұрын тыйым салынған ракеталарын (жерден ұшатын) шетелге шығарып, Филиппинде екі апталық әскери жаттығуға қатысты.
"Бұл Ресей мен Америка Құрама Штаттарының және оның одақтастары арасындағы екі жақты қару-жарақ жарысы ғана емес. Бұл біршама күрделі жарыс болады", - дейді Гамбургтегі Бейбітшілікті зерттеу және қауіпсіздік саясаты институтының қару-жарақ бақылау жөніндегі маманы Ульрих Кюн ядролық ракеталар жарысына Қытаймен бірге АҚШ-тың Азиядағы Оңтүстік Корея, Жапония сияқты одақтастарының да қосылу мүмкіндігін алға тартып.
Сарапшылардың ойынша, Ресей мен Америка Құрама Штаттарының 1980 жылдары Рейган мен Горбачев қол жеткізген қару-жарақты бақылау жөніндегі серпінді келісімге қайта келуі екіталай.
"Ресей мен АҚШ баяғы келісімге қайта оралайық дегенімен, Қытайдың кесірінен АҚШ мұндай қадамға бара алмайды. Өйткені Америкаға Қытайдың мүмкіндіктеріне тең келетін жүйе қажет", - дейді Баклицкий.
Баклицкий ойынша, ядролық державалар бұл жүйелерді жинастырып, бір-біріне бағыттай беретін болса, мұндай тайталастан келешекте жақсылық күтуге болмайды.