АҚШ тарихындағы ең беделсіз президент анықталды

1010

​ABC телекомпаниясы, The Washington Post газеті және Ipsos әлеуметтану қызметі бірлесіп өткізген кең ауқымды сауалнама қорытындысы Ақ үй әкімшілігінің төбесіне жай түсіргендей болды.

АҚШ тарихындағы ең беделсіз президент анықталды Фото: canva.com

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, АҚШ-тың жаңа Президенті Дональд Трамп Мемлекет басшысы лауазымын атқарған алғашқы 100 күнінің қорытындысы бойынша ел тарихының соңғы 80 жылындағы сайлаушылардың мақұлдауының ең төменгі рейтингін иеленді. Бұл ретте рейтинг құрудың 80 жыл бұрын басталғанын ескерсек, онда мұны бүкіл тарихтағы антирейтинг деуге келеді.

Айтпақшы, әлеуметтік зерттеушілер бұдан бұрынғы антирейтинг те Трамптың өзіне тиесілі екенін жеткізді, ол оны 2017 жылы алған.

Сонымен, ересек америкалықтардың 55%-ы Трамптың қызметінің қорытындыларын құптамайтынын мәлімдеген. Тек 39%-ы ғана оның Президент ретіндегі қызметін оң бағалады.

Басқаша айтқанда, 78 жастағы Трамптың қазіргі рейтингі 39 пайыз ғана деген сөз. Мысалы, Трамптың өзі сайлау науқаны кезінде қаншама әжуа, келеке еткен, "Қалғыған Джо" деп мазақтаған Президент Джо Байденнің рейтингі бұл межеге тек каденциясы аяқталуға таяғанда ғана құлады. Трампқа 100 күн де жетті.

Аталған әлеуметтік зерттеу америкалықтардың депрессияға ұшырағанын паш етті. Респонденттердің 72%-ы Трамптың солақай экономикалық саясаты кесірінен, таяу уақытта, қысқамерзімді перспективада АҚШ-та рецессия болады деп санайды.

Америкалықтардың 53%-ы биылғы 20 қаңтарда билік басына жаңа президент келгелі өзінің экономикалық жағдайы нашарлағанын мәлім етті.

Сондай-ақ, АҚШ азаматтарының 71%-ы Трамптың басты мақтанышын – әлемдегі серіктес мемлекеттерге қатысты тарифтер енгізуін сынады және ол баж салықтары инфляцияға теріс ықпал еткеніне, дүкендерде тауарлар қымбаттап кеткеніне, бензин-отын бағасы өскеніне шағымданған.   

Трамптың тағы бір жаңалығы – АҚШ тарихында тұңғыш рет "Үкіметтің жұмыс тиімділігін арттыру департаментін" (DOGE, миллиардер Илон Маск басқарады) құруы болды. Қаптаған шенеуніктер армиясын қысқарту, бюрократияны азайту кез келген елде халықтың қызу қолдауын табатыны белгілі.

Алайда Құрама Штаттарда сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі, 58%-ы бұл департаменттің шектен тыс белсенділігіне алаңдаушылығын білдірді.

Америкалықтар оның жұмысын абсурд деп атаған. Мысалы, Дональд Трамп әлемдегі 185 елге, соның ішінде Канада, Мексика, Қытай және Еуропаның Америкаға экспортына қарсы үлкен баж алымын енгізді (оның кейбірі іске қосылды, кейбірі 90 күндік үзіліске қойылды). Ал, Илон Масктың департаменті АҚШ-та баж алымының жиналуын бақылауға жауапты құрылымды таратып жіберген.

Трамп командасының миллиардерлерге федералдық бюджеттен триллиондаған жеңілдік пен преференциялар беруі, сонымен бір мезгілде қарапайым халыққа арналған әлеуметтік, медициналық бағдарламаларды қысқартуы АҚШ тұрғындарына ұнамады.

Сондықтан азаматтардың 56%-ы "Президент өз өкілеттігін асыра пайдалануда" деп есептейді. Тағы 53%-ы Трамптың иммиграциялық саясатын қолдамайды. АҚШ лидері 2025 жылғы ақпанда Сальвадор мемлекетінің басшылығымен келісімге келіп, Америкадағы заңсыз мигранттар мен қылмыскерлерді Сальвадорға қоныс аудартуға кірісті.  

АҚШ соттары адам құқықтарын аяқасты еткен мұндай бассыздыққа тыйым салатын шешімдер шығаруда, алайда Ақ үйдегілер оған пысқыратын емес. Ақпарат құралдары Америкадан аласталған адамдардың сальвадорлық абақтыларда жантүршігерлік жағдайда ұсталатынын хабарлады.

Респонденттердің 67%-ы шетелдік азаматтардың Америка аумағында туған сәбилеріне "туу құқығы бойынша" азаматтық беруді жою бастамасына қарсы.

Америкалықтардың 49%-ы Трамп Американың әлемдегі көшбасшылығын нығайтқан жоқ, керісінше, әлсіретті деп санайды.

АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің бұрынғы орынбасары, америкалық жазушы және саяси шолушы Бен Родс The New York Times газетіне жазған бағанасында Трамптың екінші каденциясының 100 күндігін қатаң сынады. Оның байламынша, қазіргі Президент Американы әлемнен оқшаулап тастады.

Сонау 1941 жылы 32-ші Президент Франклин Д.Рузвельт Құрама Штаттарға "байырғы Қытай қабырғасының ішінде" қамалып отыруға болмайтынын, әлемнің басқа елдерімен одақ құрып, сенім мен серіктестік аймағын кеңейтуге тиістігін мәлімдеп, өсиет етіп кетті.

Бен Родстың байламынша, іс басындағы Президент Дональд Трамп сыртқы саясатта бұған мүлдем кереғар бағдарды таңдады және оның ақыры елдің әлемнен шеттеп қалуына соқтырады.

Сарапшы осы Трамп кезінде АҚШ денсаулық сақтау, климаттың өзгеруі сияқты іргелі мәселелер бойынша жаһандық келісімдерден шығып кеткеніне назар аудартты. Оның үстіне енді тіпті одақтастар да бұдан былай Вашингтонды сенімді серіктес ретінде қарастырмайды.

Трамптың тарифтік саясаты кесірінен халықаралық қоғамдастық америкалық тауарлардан бас тартуда. Оның сауда соғысы ұзақ жылдар бойы әзер жолға қойылған еркін халықаралық сауда жүйесін лезде күйретті. Еркін сауда-саттықты қорғауға тиіс ДСҰ-ның Трампқа тісі батпай, деградацияға ұшырады.

Автор Трамптың Жер ғаламшарындағы әрбір елде бизнес жүргізу үшін жаңа кедергілерді туындатқанын мәлім етті.

Родстың тұжырымдауынша, Трамптың қатыгез көші-қон саясатының кесірінен АҚШ шетелдіктер үшін, соның ішінде әлемнің әр түкпірінен ағылатын жас дарындар, ересек ғұламалар-ғалымдар, тіпті қарапайым туристер үшін жабық елге айнала бастады.

Саяси шолушы Трамптың USAID және басқа бағыттарда шетелге көмекті күрт қысқартуы кесірінен дүниежүзіндегі көптеген әлеуметтік, гуманитарлық жобалар жаппай тоқтағанын, барынан айрылған адамдарды қуаңшылықпен, кедейшілікпен күрес аясында қолдау тыйыла бастағанын, демократияны қолдауға жойқын соққы берілгенін айтты.

АҚШ-та ғылыми зерттеулердің шығыстарын қысқарту жаһандық ғылыми зерттеулер мен ынтымақтастықтың дағдаруына, ғылыми топтар мен жобалардың жабылуына әкелді.

Трамптың бітімгершілік бастамалары да жарға жығылды. Родс атап өткендей, Газа секторындағы жеріне жеткізілмеген бітім күйреді, Израиль әскері қайта шабуылға көшіп, бейбіт халықты қыруын, сектордың елді мекендерін жермен-жексен етуін жалғастырды. Бұған шыдамай, тіпті Ауғанстан билігі қарсылығын танытуда.

Трамп Қытайға тарихта теңдесі жоқ соққы беремін деп керісінше, оны күшейтіп алды. Қазіргі кезде Қытай халқының ҚХР басшылығын қолдау көрсеткіші шырқау шегіне жетті. Шың елінің тұрғындары қандай қиындық болса да төзуге және өткен ғасырдағыдай Америкаға кезекті рет тойтарыс беруге тастүйін дайын отыр. Бен Родс Қытайдың АҚШ тарапынан енгізген кез келген санкцияны еңсеретінін ескертті.

Халықтың қолдауынан айрылған Дональд Трамп билік пен элитаны өз айналасында топтастыруға шұғыл кірісті. Politico басылымы төл дереккөздеріне сілтеме жасап, АҚШ Президентінің ұлы кіші Трамп "Мемлекет басшысының әкімшілігі мен елдің бай адамдарының байланысын нығайтатын элиталық жабық клуб ашатынын" жариялады.

"Болашақ жабық клубқа бизнес пен технологиялық сектордың тұлғалары да кіруге тиіс. Олар Дональд Трамптың әкімшілігімен тікелей әрекеттесуге мүмкіндік алады. Трамптың президенттік науқанының демеушісі болған Омид Малик пен бірнеше бай инвестор, сондай-ақ АҚШ Президентінің арнайы уәкілі Стивен Уиткоффтың ұлдары Зак пен Алекс те кіші Трампқа ең элиталы жеке клубты құруға көмектеседі. Оған тек шақырумен ғана енуге болады", – деп түсіндірді Politico инсайдеріне сілтеме жасап.

АҚШ лидері айналасын тек сенімді адамдармен қоршауға кірісті. The Wall Street Journal өз дереккөздеріне сілтеп, Америка шенеуніктері Трамп саясатын қолдауына және оны берік ұстануына қарай қатаң іріктелетінін хабарлады.

Америка тарихында Трампқа дейін шенеуніктер технократ саналатын және саясаттан аулақ болатын. Соның арқасында АҚШ-та қанша рет Президент ауысса да, мемлекеттік қызметтің ұстыны ретінде олар қала беретін. Трамп бұл жүйені де опырып, шаңырағын ортасына түсірді.

"Дональд Трамптың саяси курсына бағыну және еш сөзсіз, талқылаусыз, таласыз жүзеге асыруға дайын болу – америкалық мемлекеттік қызметшілердің басты өлшемшарты болады. Кімді жұмысқа қабылдау, кімді шығару туралы шешімдер меритократия емес, осының негізінде қабылданады. Илон Маск алдағы мамыр айынан бастап, DOGE ведомствосындағы қызметін тұйықтауға ұйғарды. Осыдан кейін меммекемелердегі кадрлық саясатты бақылау АҚШ Үкіметі жанындағы тәуелсіз органға – Кадрлардың федералдық басқармасына жүктеледі", – деп жазды "Уолл Стрит Джорнәл".

Газет осы басқарманың қызметтік құжаттамасын қолға түсірді. Онда шенеуніктер бұрынғыдай "біліктілігіне, іскерлік пысықтығына, тәжірибесіне және лидерлік қасиеттеріне" орай емес, бірінші кезекте "Президенттің саясаты мен заңдарына адал болып, бұлтақтаусыз жүзеге асыруына" қарай бағаланатыны айтылған.

Америкалық Үкімет жаңа жүйеге 2025 жылғы 1 қазанда (жаңа қаржылық жыл басталғанда) көшеді деп күтілуде.

The Economist америкалық журналы мұқабасында көңілсіз карикатураны – әбден жаралы болып, жігері жаншылып, мысы басылып қалған Америка символы – ақиық субүркіттің кескінін басып, "Only 1.361 DAYS TO GO" деп тақырып қойды. Яғни, Трамптың мерзімінің аяқталуына неше күн қалғанын жазып, кері санақты іске қосты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу