АҚШ-тың Федералдық қоры vs OPEC+

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2214

2017 жылы мұнай бағасы мен теңге бағамының құбылуы АҚШ-тың Федералдық қоры мен ОPEC саясатымен тығыз байланысты болмақшы.

АҚШ-тың Федералдық қоры vs OPEC+

2014 жылы басталған шикізат дағдарысы 2016 жылдың басында шарықтау шегіне жетті. Сарапшылар айтқан психологиялық межеден (барреліне 30 доллар) төмендеп, 2016 жылдың қаңтар айында Брент маркалы қара алтын құны 27 долларға дейін құлдырады.

Одан кейін 2016 жылдың тамызына дейін тұрақты қымбаттаған қара алтын 50 доллардан асып, күзге таман қайта 45 долларға дейін арзандады. Сол уақыттан бастап Венесуэла бастаған ОPEC (мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) мұнай өндірісін азайтып, жасанды тапшылық жасау керектігі туралы айта бастады. Осындай сыбыстың артынша нарықта мұнай бағасы қайта қымбаттап, қазанға дейін қайта 50 долларға жетті. Қыркүйектің соңында ұйымға мүше мұнай экспорттаушы елдер 2017 жылдан бастап өндірісті азайту туралы ауызша келісімге келген. Осының артынша, одан кейін 30 қараша күні іс жүзінде қабылданған құжат Брент маркалы мұнай бағасын 55 доллардан бір-ақ шығарды. Кейін ОPEC елдерінің бұл бастамасына ұйымға кірмейтін, бірақ мұнай экспорттайтын елдер де қосылды. Нәтижесінде, ұйым елдері тәулігіне өндірісті 1,2 млн баррельге азайтатын болып шешсе, ұйымға кірмейтін елдер 0,6 млн баррельді өз мойнына алды. Ал Қазақстан тәулігіне 20 мың баррель азайтуға келісті.

Желтоқсанның соңына қарай ОPEC+ (ұйымға кіретін елдер + мүше емес мемлекеттер) келіссөзінің жүзеге асырылуына санаулы күндер қалғанда баға 56 доллардан асты. Сарапшылардың айтуынша, осы қарқынмен келер жылдан бастап ұйымның келіссөзі іс жүзінде нарықта көрініс тапса, мұнай бағасы кемінде 60 доллардың айналасында болмақ.

Теңге бағамына келер болсақ, жыл басында мұнай бағасы 30 доллар болғанда ұлттық банктің теңгесі долларға шаққанда 370-ке дейін барды. Бұл бүгінге дейінгі ең жоғарғы бағам болып тіркелді. Жалпы, ұлттық банкке Данияр Ақышев басшы болып келгенде ең алдымен қолға алғаны – теңге бағамына араласпау болатын. Мұнайдың бағасы психологиялық деңгейден төмен түскенде (барреліне 27 доллар) доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 400-ден асуы керек еді дегендер болды. Одан кейінгі уақыттарда, тамызға дейін теңгенің бағамы мұнаймен бірге оңалып, 335-ке дейін түсті. Күзде аздап әлсірегені болмаса, 2016 жыл осылайша, ұлттық валюта үшін өте оңтайлы болды. Теңгенің бір жылда долларға шаққандағы бағамы 35-40 теңгеге дейін төмендеді.

Ұлттық валютамыздың бағамын негізгі анықтаушы фактор мұнай бағасы болғанымен, доллардың өзіндік құны да ықпал етері анық. Бұл әсіресе биыл анық байқалды. 2015 жылдың желтоқсанында АҚШ-тың федералдық қор жүйесі базалық үстемені екінші деңгейлі банктер үшін 0,25-0,50%-ға көтергенде, доллардың өзіндік құны да аздап қымбаттаған болатын. Араға тура бір жыл салып, биыл 12-13 желтоқсан күндері федералдық қордың дәстүрлі жиынында базалық үстеме тағы көтерілді. Бұл жолы орталық банктің екінші деңгейлі банктерге беретін несиесі 0,50-0,75% аралығында болады деп бекітілді.

Қаржы сарапшыларының айтуынша, федералдық қор жүйесі қатарынан екі жыл осылай базалық үстемені көтеруі тым тосын жағдай. Мамандардың айтуынша, мұның бір себебі АҚШ экономикасының құлдырауына байланысты. Ал енді біреулер Барак Обаманың президенттік мерзімінің аяқталуымен федералдық қордың да жеке сектор үшін жұмсақ саясаты аяқталды дегенді айтады. Қаржыгерлердің мәліметінше, Дональд Трамптың таққа келуімен АҚШ орталық банкі енді қаржы-валюта саясатын қатаңдатады. Бұған федералдық қордың соңғы отырысы дәлел. Шарада сөз алған орталық банк өкілдері келер жылы базалық үстеменің үш немесе төрт рет көтерілуі мүмкін екенін айтады.

Демек, келер жылы доллар бағамы айтарлықтай көтерілмек. Егер теңгенің бағамын мұнай бағасы белгілейтін болса, қара алтынның бағасы долларға қарап бой түзейді. Егер федералдық қор базалық үстемені үш рет қатарынан көтерсе, доллар нығайып, мұнай арзандауға тиіс. Олай болған жағдайда ОPEC-тің қарашада қабылдаған келісімінен айтарлықтай өзгеріс күтуге болмайды.

Оған қоса ОPEC+ елдерінің мұнай нарығындағы жаһандық келісімі АҚШ-тың мұнай нарығына күші жүрмейді. Келісімге сәйкес өндіріс көлемі бойынша өз деңгейіне сай өндірісті азайту міндеттемесі АҚШ компанияларына ешқандай да жауапкершілік жүктемейді. Келесі жылдың шикізат нарығындағы оң өзгерістерге күмәнмен қараушылар ОПЕК+ келісімін пайдаланып, АҚШ-тың мұнай компаниялары өздерінің WTI маркалы мұнай өндірісіне қарқын беретінін айтады. Дональд Трамптың президенттігін ескерсек, бұл пікірдің жөні бар. Өйткені сайлауалды жоспарында сол кездегі  республикашыл кандидат АҚШ-тың энергетика секторын дамытатынын айтқан еді.

Сонымен келесі жылғы теңгенің бағамына әсер етуші 2 фактор екі бағытқа тартып отыр. ОPEC+ келісімі жүзеге асса, мұнай бағасы 60 доллардан асып, теңгенің бағамы 300-ге дейін түсуі де ғажап емес. Ал АҚШ компанияларының өндірісті азайтуымен және федералдық қор қатарынан бір жыл ішінде үш рет базалық үстемені көтеріп жіберген жағдайда теңгенің долларға шаққандағы бағамы қазіргі деңгейде қалуы немесе тағы 5-10 теңгеге көтерілуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу