Ақтөбеде қылмыстық топқа "крышевать" еткен полицей тұтқындалды

1937

Рахат Ақановтың тұтқындалғанын облыстық ҰҚК департаменті растады.

Ақтөбеде қылмыстық топқа "крышевать" еткен полицей тұтқындалды

Астанада ҰҚК қызметкерлері Ақтөбе облысында мұнай ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қолдау көрсетті деген күдікпен ҚР ІІМ қылмыстық полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Рахат Ақановты тұтқындады.

ІІМ-нің бұрынғы жоғары шенді шенеунігі тергеу жүргізу үшін Ақтөбеге жеткізілді. Ірі көлемде мұнай ұрлау және мұнай өнімдерін заңсыз саудалау ісі бойынша тергеу жүргізіп жатқан облыстық ҰҚК департаменті Ақановтың тұтқынға алынғанын растады. Алайда егжей-тегжейлі ақпаратты әзірге хабарламай отыр.

Полковник Ақанов 2011 жылдың желтоқсан айынан бастап 2015 жылдың маусымына дейін Ақтөбе облысының ІІД басшысының орынбасары қызметін атқарған және облыстағы ланкестікке қарсы жұмысқа жетекшілік еткен.

Биылғы жылдың 5 маусымында Ақтөбеде діни экстремистер қару сататын "Паллада" және "Пантера" дүкендеріне, сондай-ақ 6655 әскери бөліміне шабуыл жасады. Ланкестік салдарынан сегіз адам қаза болды, оның үшеуі – әскери қызметкер. Жапа шеккен 23 адам ауруханаға жеткізілді.

Осы оқиғадан кейін аймақтың барлық полиция басшылығы Астанаға шақырылды. 20 маусымда Рахат Ақанов Ақтөбенің ІІД басшысының орынбасары орнын босатып, резервке кіреді. Біраз уақыт өте келе, полковник ІІД қылмыстық полициясы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалады. Ол кезде министрлік бұл қарапайым кадрлық ротация және Ақтөбедегі ланкестік актіге бұның еш қатысы жоқ деп түсіндірген болатын.

Аз ғана уақыт бұрын, осы жылдың мамыр айында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның қызметкерлері Ақтөбенің "Арлан" арнайы жасағы командирінің орынбасарын тұтқынға алған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроның мәлімдеуінше, арнайы жасақтың қызметкері өзінің қызметін пайдаланып және жоғары қызметтегі қолдаушысының көмегімен қылмыстық мәселелерді шешіп, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қысым көрсеткен.

Ақтөбенің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының қызметкерлері осы жылдың көктемінде ұрланған көмірсутекті сақтаған әлдебір "КазИмпТрейд" ЖШС-іне шыққан болатын. Ұрлық Ақтөбе облысының Темір ауданынан өтетін мұнай құбырларын ойып жасалған. Одан әрі мұнай "пешке жағатын отын" деген атпен Ақтөбе және еліміздің өзге облыстарына сатылған. Қылмыстық бизнес әбден аяққа тұрған. "Алыпсатарлар" 15 цистернасы бар КамАЗ көлігін алған, Ақтөбеге жақын Ақжар кентінде дербес мұнай базасын жасақтап, жүргізушілерді жалдаған.

Заңсыз мұнай бизнесін кедергісіз жүргізу үшін қылмыстық тізбекке көлік инспекциясының қызметкері қатыстырылады, ол ұрланған мұнай артылған керуенді алып жүріп, полиция рейдтері мен торуылдары туралы ақпаратты алдын-ала беріп отырған.

Бірақ сол кезде аяғына нық тұрған қылмыстық топ жазаға тартылмайтынына көзін жеткізу үшін өз бизнесіне Ақтөбенің "Арлан" арнайы жасағы командирінің орынбасарын тартады, ол да қызметтес болуға келіседі. Ол полиция деңгейіндегі барлық мәселені шешемін деп уәде берген деген болжам бар.

Сөйтіп, бұл тізбекте Рахат Ақановтың да аты пайда болады.

Естеріңізге сала кетейік, 7 желтоқсанда ҰҚК мен ІІМ, Ақтөбе және еліміздің өзге аймақтарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бірлесіп өткізген ауқымды арнайы операциялары барысында мұнай және мұнай өнімдерін ұрлап, заңсыз сатуға, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам тұтқындалған болатын.

Дәлірек айтсақ, арнайы операцияның бастапқы кезеңдерінің бірі "Ақтөбе мұнай өңдеу" зауытының аумағында өткізілді.

Ақановқа мұнай ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтарға қолдау көрсетті деген күдік тағылды. Жоғары шенді шенеунік қызметінен бір апта бұрын босатылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу