Ақтөбенің туризм әлеуеті артып келеді

3704

Әсіресе, ішкі туризмге қызығушылық артқан. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының дерегінше, былтыр аймаққа 149 мың турист келген. Оның 130 мыңы еліміздің өзге облыстарынан келген қонақ болса, қалғандары – шетелдіктер екен.  

Ақтөбенің туризм әлеуеті артып келеді

Ақтөбенің "біздерде мынадай бар, мынадай бар" деп көрсететін жерлері жетерлік. Әсіресе, Ақтолағай, Аққұм, Жамаңшың секілді жерлерді көрсем дегендердің саны артқан.

Байғанин ауданының аумағындағы "Ақтолағай" үстірті – ерекше орындардың бірі. Алып үстіртті көргенде құдды бір басқа планетаға түскен күйде боласыз. Көз алдыңызда иен даладағы шахмат тақтасы мен ондағы фигуралар елестейді. Ал Аққұмға келген туристер Дубайдан кем емес деп отыр. Дәл сол Байғанин ауданында ұзындығы 50, ені 15 шақырым болатын құм бар. Қазір аймақтағы туристік операторлар Аққұмды да өз маршруттарына енгізіпті.

– Келушілердің қызығушылығын ескере отырып өңірдегі туристік маршурттарды жаңарттық. Осы салаға ынтасы бар кәсіпкерлерді тарттық, қолдау көрсеттік. Нәтижесін көріп жатырмыз. Мысалы, былтыр осы салаға тартылған инвестиция көлемі 17 млрд теңгені құрады. Бұл салыстырмалы түрде екі есеге артқанын көрсетті, – дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов. 

Аймақ неғұрлым қарқынды дамыса, іс-шара туризмі де соншалықты ілгерілейді. Кәсіпкерлік басқармасы осыны ескеріп, оқиғалы туризмге ерекше ден қойған. Мысалы, тамыз айында өткен екі бірдей фестиваль – соның дәлелі. Біріншісі – "Шексіз аспан" әуе шарлары фестивалі. Батыс Қазақстанда бұрын-соңды болмаған шараға көрші Ресейден келген қонақтар да болды.  Екіншісі Қарғалы су қоймасында өткізілген "QargalyFest" шарасы. 

– Өткізетін орынды іздегенде Қарғалыны тектен-тек таңдағанымыз жоқ. Қарғалы су қоймасы – еліміздегі ең үздік 50 туристік орындарының санатына кіреді. Әрі табиғаты әсем жерде орналасқан. Келушілер су жағасында тынығып ғана қоймай, қайықпен жүзуге, әрі концерт тамашалауға мүмкіндік жасадық. Одан бөлек "Qazaqman" триатлон жарысы өтті. Қатысушылар жарна төлеуі тиіс болды. Барлығы 142 адам қатысты. Кейін жиналған қаражат сырқаттанып қалған Жансел есімді бүлдіршіннің отасына жұмсалды. Екі күнге созылған фестивальге 25 мың адам қатысты, – дейді Нұрхан Тілеумұратов.

Зада Зейін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу