Ақтоғай ауданының тұрғындары Ұлытау облысына қосылуға қарсы

3894

Алаштың үш арысы дүниеге келген Ақтоғай ауданының тұрғындары Президент жолдауынан кейін, Жезқазғанға қосылып кетеміз бе деп наразы болып отыр. 

Ақтоғай ауданының тұрғындары Ұлытау облысына қосылуға қарсы Фото: inform.kz

Президент жолдауында елде жаңадан үш облыс құрылатынын атап өтіп, жұртты бір ду еткізген еді. Қарағанды облысынан бұрынғы Жезқазған облысы бөлініп Ұлытау облысы атанатын болды. Қарағандыға қашықта орналасқан Жезқазған жұрты үшін бұл үлкен қуаныш. Жезқазғандықтар еншілерін бөліп алатындарын білгенде бөріктерін аспанға атып қуанды. Жезқазған әкімдігінде отырып жолдауды тыңдаған шенеуніктер бұл жаңалықты естігенде бірін-бірі құшақтап жатты. Қазақтың талай тарихының куәгері болған жәдігері көп Ұлытау өңірін туристік тұрғыда дамытып, Жезқазғанды құлдыраудан аман алып қалуға үлкен серпіліс болары сөзсіз.

Дегенмен кеңестік кездегі шала саясаттың кесірінен Қарағандының бер жағында тұрған Шет, Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласының Жезқазған құрамына қосылып кетуі үлкен қателік болған. Сол кездегі биліктегілердің жұрт қамын ойламай, қалғып отырып шалағай шешім қабылдауының салдарынан қаншама халық жапа  шегіп, зар қақты. Өйткені Ақтоғай ауданына Жезқазған шамамен 700 шақырым, ал кейбір ауылдар үшін мың шақырымға дейін қашық. Балқаш пен Шет ауданы үшін де Жезқазған "ит өлген жерде". 

Ақтоғай мен Шет аудандарынан қатынайтын темір жол жоқ. Көлік жолының өзі сапасы нашар, ауыл халқы үшін ауыр бейнетке айналған. Ақтоғай ауданында жұрттың  басы ауырып балтыры сыздай қалса, Қарағанды қаласына ем алуға келеді. Енді  Ұлытау облысына Ақтоғай ауданы қарап кетсе, жұрт дәрігерге бару үшін 700 - 1000 шақырымды жүріп бару нағыз қорлық болады деп есептейді. Ақтоғай ауданында аурухана бар болғанымен жұрттың айтуынша мұнда барып емделетіндер аз. Өйткені аудан ауруханасында медициналық құрылғылардың көбісі жоқ әрі білікті мамандар да тапшы. Емделуден бөлек облыс деңгейінде шешілетін құжаттарды рәсімдеу үшін де алыстағы Жезқазғанға сабылу онсыз да ауылда әзер жан бағып отырған халық үшін ауыр соққы болары сөзсіз. Ауылдағылардың мұндай жан айқайын сол өңірдің талай тұрғыны әлеуметтік желіге жариялап Президент ескерер деп үміттенді.

Ақтоғайдың тумасы, белгілі ақын Бағдат Мүбарак кеңестік кезден бері небір құқайды көрген Ақтоғайдың зарына бүгінгі биліктің назар аударатын уақыты жетті деп есептейді. 

"Көштен қалып бара жатқан дәнеңесі жоқ, дегенмен шешілмей келе жатқан күрмеуі қатты мәселелер де бір басына жетіп артылады. Берікқарадағы шахтадан шыққан радиация тұрғындарға зардабын күні бүгінге дейін тигізіп келеді. Семей полигонының да тауқыметі айналып өткен жоқ бұл елді. Содан бері аймақта қатерлі ісік дертіне шалдығатындар саны әлі күнге дейін өзекті тақырып. Кезінде бұл проблема  республикалық баспасөз беттерінде талай көтерілді, мәу деген ешкім жоқ. Сондықтан дертке шалдықан жергілікті тұрғындар көбінесе Қарағандыға ағылады. Қарағанды аудан басынан 250 шақырым. Одан әрі отырған ауылдарға тіптен қиын. Жезқазған облысына қарағанда 700 шақырымға сабылатын. Облыс орталығы болған соң іс-сапарға жиі баратын қызметкерлердің жол шығынының өзі аудан қазынасына әжептәуір салмақ түсіреді. Жеке бастың жұмыстары мен барған жолаушылар үшін де барып-қайтып кетуге Қарағанды ыңғайлы", – деп мәлімдеді ақын. 

Облыстық билік болса, аймақтың бөлінісін нақты Президент шешеді дегенді алға тартып отыр. Әзірге Ақтоғай, Шет, Балқаш халқы жақсылықтан үмітті.  

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу