Алақандай жер босаса, бірден тұрғын үй кешені пайда болады – Президент

969

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Астанадағы құрылыс компанияларына жер телімдерін берудің ашық процесін қамтамасыз етуді тапсырды. 

Алақандай жер босаса, бірден тұрғын үй кешені пайда болады – Президент Фото: akorda.kz

Президент сейсенбі күні елорданы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте құрылыс салуға қатысты шағымдар мен қала құрылысына тоқаталды, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

"Уәкілетті органдарға жер телімдерін берудің ашық еместігіне қатысты көптеген шағымдар түседі. Әңгіме белгілі құрылыс компаниялары үшін "ерекше" шарттар туралы болып отыр", - деді Президент кеңесте.

Президент бұл процесс  толығымен ашық болуы керектігіне тоқталып,  жер цифрлық сервистер арқылы және конкурстық негізде берілуі керек екенін атап өтті.

"Үкіметке әкімдікпен бірге осы мәселемен мұқият айналысуды тапсырамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы елордада тұрғын үй құрылысы саласында көптеген мәселелер қордаланып қалған. Инженерлік инфрақұрылымның жоқтығына байланысты әкімдік тұрғын үй құрылысының қарқынын кезең-кезеңімен төмендетуді ұсынып отырғанына да мән беріп, бұл ретте елордада бала туу деңгейі жоғары, көші-қон ағыны көп екенін естен шығармау керектігін де еске салды.

Осы орайда балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы елорда үшін күн тәртібінен түспей тұрған мәселе екені анық. Қазір Астанада балабақша кезегінде 45 мың бала тұр. Кезінде осы мәселе арнайы мемлекеттік тапсырыс арқылы шешілуі керек еді. Бірақ жекеменшік балабақшаларға қаржы бөлінсе де, ахуал түзелмей отыр. Әрине, олардың қызмет сапасына қатысты талап болуға тиіс. 

Қалада кейбір мектептер әлі күнге дейін үш ауысыммен оқытады. Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді.

Мемлекет басшысы жалпы, мектеп салу мәселесі бұл – стратегиялық міндет, оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керектігін тағы да айтты.  

Президент елорданы қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керектігін қадап айтты. Салынып жатқан барлық нысан заманауи энергия үнемдейтін технологияларды қолдануы керек.

Бұл ретте Мемлекет басшысы "төрт мыңға жуық үлескердің мәселесі де күн тәртібінен түспейтінін" баса айтты. Демек, заңнамалық базаның әлсіздігінен қалада жаңа проблемалық нысандар пайда болуы мүмкін.

"Қазір Астанада 90-нан астам тұрғын үй кешені рұқсатсыз салынып жатыр. Құрылыс компаниялары аз ғана айыппұл төлеп, азаматтардың қаражатын тартуды жалғастыруда. Үкімет мемлекеттік реттеу шараларын күшейтуі керек", - деді.

Сондай-ақ бұл жұмысқа Қаржы мониторингі агенттігі қосылуы керектігін айтты.

Осы орайда елордадағы тағы бір өзекті мәселе ескі , апатты үйлерді сүру жайы. Қазір Астанадағы 200 үй тұруға жарамсыз. Қаланың Асан Қайғы көшесін жаңарту бағдарламасы бар. Бірақ 5 жылдың ішінде осы көшедегі ескі үйлердің небәрі 14 пайызы ғана бұзылған

"Соңғы кезде ескі және апатты жағдайда тұрған үйлерді сүріп тастауға қатысты жұмыс тоқтап қалды. Оның орнына берілетін жаңа баспана саны 70 пайызға азайып кетті. Жұрт ғимараттардың тығыз салынып жатқанына наразы. Құрылысы тоқтап тұрған үйлер әлі де бар. Үлескерлердің шағымы да көп. Кейбір тұрғын үйлерге орталықтан жылу беру мәселесі шешілмеген. Соның кесірінен адамдар дайын тұрған баспанасына көше алмай отыр. Сондай-ақ 360 астам үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Оларды жаңғырту жоспарын әзірлеу қажет", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қала құрылысына қатысты мәселелердің бір бөлігі жол құрылысына қатысты болып отыр.

"Қала жолдарының жай-күйі де мәз емес. Мысалы, кейбір көшелер жыл сайын жөнделеді. Бірақ көктем шыққанда жолдың сапасы сын көтермейді. Ал, кейбірі мүлдем қараусыз қалған. Бұл – жол салу және жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмейді деген сөз. Бұл мәселені Үкімет мен әкімдік арнайы қарауы керек. Қажет болса, мердігерлерді ауыстыруға тиіс", – деді Президент.

Астананы тұрмысқа жайлы қала ету үшін серуендейтін саябақтар мен демалыс орындарының аздығы да сөз болды. Президент қала тұжырымдамасын жасауда осыны ескеру керектігін ерекше атап өтті. Осы орайда әкімдіктерге бос жерге үй салуға рұқсат бермеу керектігін ескертті.

"Сондай-ақ қалада орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кетті, яғни үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Бұл әсіресе, "Мыңжылдық" аллеясында, Сарайшық, Сығанақ, Тұран, Бейсеков көшелерінде қатты байқалады. Тұрғындарға әлеуметтік нысан, саябақ немесе ойын алаңы салынады деп уәде беріледі. Алайда, ол жерде иін тірескен ғимараттар пайда болады. Мысалы, "Олимп палас-2" тұрғын-үйінің ауласындағы ойын алаңының орнына зәулім кеңсе салынған. Мұндай құрылысты біржола доғару керек. Әйтпесе, шешім қабылдаған тиісті лауазым иелері жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылады. Себебі осындай шешімдердің астарында құрылыс компанияларының әкімдікте жұмыс істейтін адамдармен бірге азаматтарымыздың ықыласына қарсы қабылдаған әрекеттері жатыр", – деді.

Елордада еленбей қалмайтын тағы бір маңызды мәселе – көлік тұрағы. Президент бұдан былай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керектігін нақты айтты.  

Ал ашық алаңда орналасқан автотұрақтар ақылы болуы керек.  Осыған қатысты Үкіметке нақты шешім қабылдауды тапсырды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу