Алаяқтар айласын асырып жүр

3608

Қазақстанда халықты алдаудың жаңа түрлері пайда болды. 

Алаяқтар айласын асырып жүр

Құқық қорғау органдары алаяқтардың көптеген схемасын әшкереледі. Тәртіп сақшылары елді сақтандыру үшін солар туралы айтып берді.

Күшік сату

"Соңғы кезде алаяқтық деректері жиілеп кетті, олардың санаттары әртүрлі. Алаяқтар күн сайын жаңа схемалар ойлап табады, ал одан азаматтар зардап шегеді", – деді Павлодар облысының Криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Оның айтуынша, соңғы кездері асыл тұқымды, қымбат күшіктерді "сатумен" айналысатын алаяқтар көбейген. Мысалы, бір қыз "Шпиц" тұқымды күшік сатылатыны жазылған жарнамаға жолығып, күшіктің сүйкімді бейнесіне қызығып, оны иеленуге ынтығады. Содан дереу сатушыға телефон шалады. Иттің сипаттамасы мен дағдыларын талқылап, көңілі толған жәбірленуші алаяқтың есепшотына аванстық төлем ақшаны аударған. Ақша есепшотына түсе сала, алаяқ бірден байланыс аясынан тыс қалған.

Пластик терезе орнату

Қазір алаяқтар оңай ақша табу үшін өмірдің барлық салаларына бойлай енуде. Полицейлердің дерегінше, кең таралған алаяқтықтың бір түрі – келісімшарт жасасып, алдын ала төлемді алғаннан кейін міндеттемелерді орындамай қою болып табылады. Азаматтар мысалы, пластик терезелер, темір есіктер, домофондар және басқасын орнатуға келісімшарт жасасады. Алайда алаяққа жем болады.

Мысалы, таяуда Ақтөбеде полиция бөліміне 36 жастағы азамат шағым айтып жүгінеді. Ол биылғы маусым айында орталық базарда пластик терезе "дайындаушымен" мәмілелеседі. Оған 50 мың теңге ақшасын береді. Бірақ содан бері жалған кәсіпкер уәде еткен терезені әкеп, орнатпаған. Тәртіп сақшылары шағым негізінде 48 жастағы күдіктіні тауып, полиция бөліміне жеткізді. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ полицияға 51 жастағы ақтөбелік хабарласып, алаяқтыққа қатысты арызданған. 2020 жылғы тамызда бейтаныс жігіт пластик терезе қоямын, пәтеріңді жөндеп беремін деп, сенімге кіріп, жәбірленушінің 25 мың теңге сомасында ақшасын жымқырған. Полицейлер Құрайлы кентінің 37 жастағы тұрғынын ұстады.

Ұқсас деректер барлық өңірде ұшырасады. Ол бойынша Қылмыстық кодекстің "алаяқтық" аталатын 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалады. Бұл бап мүлікті тәркілеуді және екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.

"Балаңызды полицейлер ұстап алды"

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ішкі істер және прокуратура органдарын жаппай жемқорлық жайлағанда туындаған ескі алаяқтық схема әлі күнге қолданылады екен. Бір айырмашылығы, егер бұрын үйдегі стационарлы телефонға қоңырау шалып, ақшаны жіберген адамына ұстатуды сұраса, қазіргі кезде ұялы телефонға шығады және қолма-қолсыз ақша аударуды талап етеді.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, алаяқтар азаматқа оның жақын туысының, мысалы баласының қиын жағдайға тап болғаны туралы хабарлама жібереді. Егер көрсетілген есепшотқа ақша аударса, қамаққа алмай, қоя беруге әзір. Мұны естіген жәбірленушілер естері шығып, үрейге бой алдырып, естен тана жаздайды. Салдарынан "қиын жағдайға тап болған" туысына қоңырау шалып, тексермейді, істің артын бақпайды, жанталаса ақша жолдар, алаяқтардың тұзағына түседі.

Интернет дүкендегі жалған сауда

Пандемия жағдайында қазақстандықтар электронды түрде сауда жасауға жаппай ден қоюда. Осыны пайдаланған алаяқтар ғаламторда жалған интернет-дүкен құратын болған. Сондағы ғаламат жеңілдіктер мен акцияларға сеніп, алдын ала төлемдер жасайтындар көп. Мысалы, интернетте "Қорғастан" әкелінген LED-экранды теледидарлардың 25 мың теңгеден су-тегінге жаппай сатылатыны туралы хабарлама болған көрінеді. Кеденнен рәсімделіп өткен, қолданыста болмаған "көк жәшіктердің" сонша арзан тұрмайтынын кейбірі ескермейді. Кейде алаяқтар "дүкеннің жабылуына байланысты тауарлар ликвидацияланады" деген елітпе ұранды пайдаланады.

Бірақ ақысы төленгеннен кейін тұтынушы көптен күткен теледидарына не тоңазытқышына қол жеткізе алмайды. Мамандардың айтуынша, интернетте тауарға не қызметке тапсырыс бермес бұрын ол сайтты мұқият зерттеп шыққан жөн: интернет дүкеннің қанша уақыттан бері жұмыс істейтінін, ол туралы өзге адамдардың пікірлерін, ағымдағы есепшоты сайтында көрсетілген-көрсетілмегенін тексеріп алған абзал.

Автокөлікті өте арзанға сату

Бүгінде СҚО полицейлері автомобильмен байланысты интернет-алаяқтық туралы істің материалдарын сотқа тапсыруға әзірлеуде. Петропавл қаласының тұрғыны интернетте "Mercedes" минивэні өте арзанға сатылатыны туралы жеке хабарландыруға кезігіп, хабарласады. Қаскөй бұған "баласының еміне шұғыл ақша қажет болғасын" барып отырғанын айтады, оның сенімін туғызу үшін жеке деректері мен жеке куәлігінің көшірмесін клиентіне жіберген. Кейін белгілі болғандай, ол интернеттен алынған бөтен адамның деректері екен.

Алайда мәліметтерді өз бетінше тексермеген әлгі адам алаяққа аванс ретінде 550 мың теңге көлемінде ақша аударып, басқа ешкімге сатпау жөнінде уәдесін алады. Содан соң "сатушы" байланысқа шығуды доғарады. Жедел іс-шаралар барысында полицейлер күдіктіні – Алматы қаласының 39 жастағы тұрғынын құрықтады.

"Интернет арқылы сауда жасауға сақтықпен қарауды сұраймыз. Алдын ала төлем жасау талаптарына көнбеңіздер, тауарға видеоқоңырау кезінде бейнешолу жасауды сұраңыздар!" – дейді СҚО Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.

Банк картасына қатысты алаяқтық

Интернет-алаяқтар әртүрлі онлайн сауда алаңдарын пайдаланады. Петропавл тұрғыны жатын бөлмеге арналған жиһазын "OLX" арқылы сатып жібермек болады. Жарнамаға бір әйел WhatsApp арқылы хабарласып, алдын ала төлем жасауға келіседі. Ол үшін карта нөмірін сұрайды. Дегенмен, артынша қайта хабар жазып, сатушының картасына ақша аударылмай жатқанын нұсқап, басқа картаны ұсынуды өтінеді. Кейін анықталғандай, жиһаз сатушының картасы депозиттік салыммен байланыстырылмаған болып шықты, сәйкесінше, қаскүнем ол карта арқылы заңсыз пайда таба алмайтынын түсінген.

Ештеңеден хабарсыз қала тұрғыны дос қызына жүгініп, көмектесуді, төлем жасау үшін картасын уақытша қолдануға беруді сұрайды. 25 жасар бойжеткен сатып алатын тауары үшін "ақша аудармақшы" болған адамға өз картасының барлық деректерін, жеке басының мәліметтерін, тіпті ізінше SMS-хабарламамен келген кодты да телефон арқылы жібере салған. Интернет-алаяқтың қулығына түсіп қалғанын тек кейін біледі.

"Сатып алушы жәбірленушімен байланысқа шығып, картаның деректемелерін, тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН-ын сұрайды және біраз уақыттан кейін оның телефонына СМС-хабарлама келетінін, сондағы сандарды айту қажеттігін мәлімдейді. Алаяқ әйел осы мәліметтерді біле сала, бойжеткеннің депозиттінен 1 миллион 300 мың теңге қаражатты басқа есепшотқа қотара аударып алған. Алаяқ "жеке тұлғаларға арналған интернет-банкинг" және "SMS-парольдерді жеткізу" сервистерін пайдаланыпты. Ақшасы жоғалғанын білген қыз алданғанын түсініп, полицияға жүгінді", – дейді Петропавлдың Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Мамандар сұм жандардың құрбаны болмау үшін белгісіз адамдармен телефон арқылы сөйлесу және хат алмасу кезінде алынған ақпараттың дұрыстығын тексеруге кеңес береді. Банк картасының кодтарын және бір реттік құпия сөздерді ешкімге айтуға болмайды. Интернеттегі күмәнді транзакциялардан бас тарту қажет. Өз қырағылығыңыз ғана мына заманда алаяқтар құрығына түспеуге мүмкіндік береді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу