Алаяқтық: "Ватсабыңызды арендаға беріп, ақша табыңыз!"

811

Мұндай ұсыныс келіп түссе, оны қабылдаудан аулақ болыңыз. Бұл схеманы алаяқтар кең пайдалана бастады. 

Алаяқтық: "Ватсабыңызды арендаға беріп, ақша табыңыз!" Фото: freepik

Интернетте үйден шықпай, ештеңе істемей, қомақты табыс табу туралы ұсыныстар толып жатыр. Мұндай табыс қазақстандықтардың жасын да, кәрісін де ынтықтырады. Саусақ қимылдатпай, лезде баюға бәрі құмар.

Алайда Nur.kz жазуынша, мұндай хабарландырулардың артында құрбандарының әлеуметтік желілердегі аккаунттарын ұрлайтын алаяқтар тұруы мүмкін.

Олар аккаунттарды жалға алу деген жаңа схеманы ойлап тапты. Қаскүнемдер адамдарға кез келген мессенджердегі аккаунтына уақытша қол жеткізгені үшін ақшалай сыйақы төлеуге уәде етеді.

Бұл ретте "онда жарнама орналастырғымыз келеді" деген сияқты сылтаулар айтылады. Шынында, қылмыскерлер осыдан кейін құрбанының туған-туысын, дос-жаранын және басқа да маңызды контактілерін соның атынан алдауға кіріседі.

Басқа да заңға қайшы қарекеттер жасайды, мысалы, жалға берушінің контактілеріне экстремистік сипаттағы хабарламалар жібереді, немесе есірткіні, өзге де заңсыз заттарды жарнамалауы мүмкін.

Мұндай жағдайда ол адамға Қылмыстық кодекске сәйкес, қылмысқа көмектесушi (пособник) немесе қылмысқа қатысушы (соучастник) деп танылу қаупі төнеді.

Бұған жол бермеу үшін үшінші тұлғаларға өзіңіздің аккаунтыңызға қолжетімділікті бермеңіз. Сондай-ақ күдікті хабарламалар алсаңыз, абай болыңыз, ашпауға тырысыңыз.

Әрине, кей жағдайда бір аккаунтты бірнеше адам пайдалануы мүмкін. Мысалы, таяуда Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жалған ақпарат үшін кешірім сұрады. Ол әлеуметтік желідегі аккаунтын жүргізіп отыруы үшін арнайы адамды жалдағанын жариялады.

Сонымен бірге білдей депутаттың төл парақшасында не жарияланып жатқанын білмейтіні немесе білуге қызықпайтыны анықталып қалды.

"Біріншіден кешірім сұраймын. Менің әлеуметтік желілерімді көмекші балалар жүргізеді. Балалар жалған ақпарат салып, кейін оны өшірді. Олар өзге әлеуметтік желіде шыққан материалды көшіріп салған. Бұл жайтқа қатысты өзім де жеке кешірім сұраймын", – деп құтылды депутат.

Salemnews.kz егер жалған ақпаратты қарапайым адам таратса, ол сотталып кететініне, яғни, заң алдында бәрі тең еместігіне назар аудартты.

"Бұл мәлімет қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарында үлкен дүрбелең туғызды. Егер ол жауапкершілікке тартылмаса, онда неге журналистер мен блогерлер мұндай жағдайларда жазаланады деген сұрақ туындайды – не бәріне бірдей талап қойылуы керек, не бұл – "басқа жағдай" болып отыр", – деп жазады ақпарат агенттігі.

Дегенмен, негізгі тақырыпқа оралсақ, көп нәрседен хабарсыз Мұқаев ең құрыса, "көмекші балаларға" өз аккаунтын ешкімге арендаға бермеу керектігін нықтап тапсырғаны жөн. Онсыз тағы алданады.

Қазіргі кезде әлеуметтік желілер тек достармен және таныстармен қарым-қатынасты үзбеудің немесе жаңа адамдармен танысудың ғана құралы болумен шектелмейді. Сондай-ақ әрбір аккаунт көптеген адамның дербес деректері мен құпия ақпараттары қордаланған тұтас дерекқорларға айналып шыға келді.

Міне, алаяқтар дәл осы қазынаға, контактілердің дербес деректерінің үлкен базасына қол жеткізуге құнығады.

Мамандар алаяқтардың аккаунттарды иемдену арқылы құрбанының банктік шотына қол жеткізіп, ақшасын ұрлауы, немесе оның үстінен онлайн кредит рәсімдеуі мүмкін екенін де ескертті.

Сондықтан аккаунтты иеленіп алу үшін алдаудың түрлі айла-шарғысын пайдаланады. Мысалы, досты, туысты, танымал тұлғаны, белгілі блогерді, қазақстандық жас талантты немесе басқа да бір жақын адамды қолдап жіберуді, бұл үшін сілтемемен өтіп, дауыс беруді сұрайды.

Немесе әлдебір брендтің мерейтойлық датасына орай жүлдені ұтып алу үшін анкета толтыруды сұрайды. Солай жасағандар қаскөйдің қармағына ілігеді.

Бұдан өзге, әлгінде айтылғандай, азаматтарға "Возьму WhatsApp в аренду" деген мәтіндегі жарнамалық хабарламалар немесе бейтаныс жандардан хабарлар түсе бастады.

Бұл осыған дейін кең таралған "іс басындағы жеке кәсіпкерлікті арендаға алу" схемасына ұқсас болып келеді. Екеуі де құрбандарының ақыры ірі қаржы жоғалтуына, немесе қылмыстық істің кейіпкеріне айналуына соқтырып жатады.

"Құрбанының есептік жазбасына қол жеткізу үшін алаяқтар ақшалай сыйақы ұсынады. Оның аккаунты тек жұмыс мақсатында ғана қажет екенін алға тартып, сылтауратады. Жалға беруші өз аккаунтын ары қарай да пайдалана беретінін, сонымен бірге жеңіл табыс тауып, күн сайын төлем алып тұратынын айтып, қызықтырады. Мұндай алдауға жастар да, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер де, сондай-ақ ересектер де еріп кетіп жатыр", – дейді сарапшылар.

Олардың айтуынша, аккаунтты қолға түсіре салысымен қаскүнемдер жалға берушінің контактісіндегі адамдарға шығып, олардың барынша көбін алдап соғуға күш салады.

Мысалы, егер ол адам сынып жетекшісі немесе Ата-аналар комитетінің мүшесі болса, оқушылардың ата-аналарынан ақша жинаттырады. Лауазым иесі не жетекші болса, қоластындағыларды қаржы аударуға мәжбүрлейді. Сонымен қатар:

• барлық контактіге фишинг сайттарға апаратын сілтемелерді бірінен соң бірін жолдайды,

• олардың дербес деректерін, банктік шоттарының мәліметтерін, куәлігінің фотоларын сұраттырады, мейлінше көп құрбанның құпия мағлұматтарын жинап қалуға тырысады.

• аккаунтты басқа да қылмыстық мақсаттарда пайдаланады,

• түрлі чаттардан дауысты (голосовой) хабарламаларды жинап, дауысты клондаумен (дауыс-дипфейк) айналысады, оны басқа адамдарды алдауға пайдаланады.

Салдарынан, өз аккаунтын ақылы негізде уақытша пайдалануға беруге келіскен қазақстандықтар өзіне де, өзгеге де зиян тигізеді. Үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Сондықтан ондай ұсыныстарға ешқашан келіспегеніңіз және аккаунтыңыздың "тізгігін" үшінші тұлғаларға табыстамағаныңыз жөн.

Сондай-ақ мамандар егер басқа пайдаланушылардан күмәнді хабарлама келсе, мысалы, ол тосыннан ақша сұратса, сұрағанын беруге асықпауға, мән-жайын анықтап алуға кеңес береді.

Әсіресе, келесі жайттар сезік тудыруы керек:

• сұраушы сізді қатты асықтырса,

• түрлі психологиялық қысым көрсетсе,

• қоқан-лоққы жасаса, қорқытса,

• айтқан сөздеріне сенуді табанды өтінсе,

• ақша сұраса,

• құпия сөз-пароль, PIN-код немесе дербес деректеріңізді хабарлауын өтінсе,

• жолдаған сілтемемен өтуге немесе жаңа функцияларды іске қосуға кеңес берсе,

• әлдебір хабарламаны ары қарай таратып, өзгелерге жолдауды сұраса, бұл сіздің көңіліңізде күдік тудыруы қажет. Мұндай жағдайда тілдесуді дереу тоқтатқан маңызды.

Күмән тудыратын сілтемемен өтуге, дербес деректерді, SMS-пен келген кодтарды жіберуге болмайтынын қайта еске саламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу