Алдағы үш жылда Қазақстан экономикасы тұйықтала түспек

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
7091

Республика бюджеті тек КТС мен ҚҚС есебінен көбейіп, халықаралық сауда өзгеріссіз қалады.

Алдағы үш жылда Қазақстан экономикасы тұйықтала түспек

2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетте жобаланған салықтық және өзге түсімдерге қарайтын болсақ, республика бюджетін негізінен тек екі салық түрі ғана құтқарып тұр. Оның бірі корпоративтік табыс салығы (КТС) болса, екіншісі қосымша құн салығы (ҚҚС).

Жалпы, 2019 жылғы республикалық бюджеттің кірісі 9,6 трлн теңге болады деп бекітілген. Соның ішінде 6,7 трлн теңге салықтық кірістер екен. Салықтық кірістердің негізгі бөлігін ҚҚС (2,6 трлн теңге), одан кейін КТС (2 трлн теңге), ал үшінші орында халықаралық сауда мен сыртқы операциялар салығы (1,4 трлн теңге) құрайды.

Алдағы үш жылда республикалық бюджетке салықтық түсімдер қазіргі 6,7 трлн теңгеден 2020 жылы 7,2 трлн теңгеге, 2021 жылы 7,8 трлн теңгеге өседі деп жоспарлануда.

Әрқайсысына жекелей тоқталар болсақ, ҚҚС 2020 жылы 2,9 трлн теңгеге, 2021 жылы 3,2 трлн теңгеге жетпек. Ал ҚҚС 2019 жылғы 2 трлн теңгеден 2020 жылы 2,2 трлн теңгеге, тағы бір жылда 2,5 трлн теңгеге өседі деп күтілуде. Бұлардан бөлек кәсіпкерлік және кәсіби қызметтер үшін алынатын салық, акциздер, табиғи және өзге де ресурстарды пайдаланғаны үшін алынатын салық, ойын бизнесінің салығы және мемлекеттік баж салығы – барлығы жыл сайын шамамен 3-10 пайыз арылығында өсіп отырмақ.

Тек халықаралық сауда мен сыртқы операциялар үшін алынатын салық қана алдағы үш жылда өзгеріссіз 1,4 трлн теңге шамасында қалмақ. Бұл дегеніңіз 2021 жылы Қазақстан экономикасы тек ішкі операциялар есебінен ғана өсіп, сыртқы сауда айналымы тұйықталып қалады дегенді білдірсе керек.

Республикалық бюджеттің басым бөлігін құрайтын салықтық түсімдерді өсіріп тұрғаны негізінен қосымша құн салығы мен корпоративті табыс салығы екенін ескерсек, қалай дегенде де бизнестің ахуалы алдағы үш жылда әлсірей қояды деу де қиын.

Есесіне трансферттерді азайту жоспарда бар. Банк секторына әбден шығындалған Ұлттық қор 2019 жылы республикалық бюджетке 2,4 трлн теңге беруді жоспарласа, келесі жылы бұл көрсеткіш 2,3 трлн теңгеге, одан кейін 2 трлн теңгеге азайтылмақ. Сонымен қатар, төменгі мемлекеттік органдардан орталыққа түсетін трансферт көлемі де биылғы 395 млрд теңгеден келер жылы 302,7 млрд теңгеге төмендеп, одан кейін қайтадан 315 млрд теңгеге көбеймек.

Айта кетерлігі, алдағы үш жылда парламент айыппұл көлемін өсіруді жоспарлап отырмағандығы да байқалып қалды. Үш жылдық бюджетте айыппұл көлемі 2019-2020 жылдары 1,8 млрд теңге деп бекітілсе, 2021 жылы сәл ғана өсіп, 1,9 млрд теңге деп бекітілген.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу