Алдағы желтоқсанда көлік алып үлгермегеніңізге өкінуіңіз мүмкін

1221

Сарапшылар жаңа қағидалардың елдегі машина тапшылығына соқтыруы мүмкін екенін ескертеді.

Алдағы желтоқсанда көлік алып үлгермегеніңізге өкінуіңіз мүмкін Фото: canva.com

Шетелден көлік тасумен айналысатын автодилер Ерлан Тоғайбайдың пікірінше, келесі айдан бастап, барлық жаңа автомобильдердің бағасы естіген жұртты естен тандыра жаздауы мүмкін.

"Мұны бір "идеалды шторм" десеңіз артық болмас! Барлығы бір мезгілге дөп келіп, тоғысып, дауылды бірге өршітіп жатқандай. Біріншіден, ел үрейлене күткен девальвация басталғанға ұқсайды. Айырбастау бекеттері 1 долларды 525 теңгеден сатуда. Екі апта бұрын хабарласқан клиентіміз тапсырыс беруді ұзатып алғанына өкінді. Осы қысқа мерзімде валюта бағамының айырмасынан 2 миллиондай теңгесін жоғалтты. Өйткені біз ақыны доллармен қабылдаймыз", – деді Ерлан.

Екіншіден, 2025 жылдан бастап, утиль алым көлемі артады. Себебі, Қазақстанға шетелден автомобильдер әкелгенде алынатын кәдеге жарату алымы айлық есептік көрсеткішпен тікелей байланысты. АЕК 2024 жылғы 3 692 теңгеден 3 932 теңгеге дейін күрт өседі.

Маманның түсіндіруінше, мысалы, қозғалтқышының көлемі 2-ден 3 мың текше сантиметр болатын жеңіл көлік үшін утилизациялық алым биыл 923 мың теңге болса, келесі жылы ол 983 мыңға жетіп, миллионға жуықтайды.

Егер қозғалтқышы 3 001 текше сантиметрден асса, онда утиль алымының көлемі қазіргі 2 122 900 теңгеден 2 260 900 теңгеге дейін өседі.

Үшіншіден, екі күннен кейін "жасы" 3 жастан да кем жаңа көліктерді әкелуге шектеу енгізіледі.

Салдарынан, автодилердің болжамынша, енді кез келген машинаны елге тасу көлемі күрт қысқарады, ал, айналма жолдармен әкелінсе, бағасы күрт қымбаттауы мүмкін. Жалпы, шетелден тапсырыспен кез келген маркадағы автомобилді әкелу қазіргі қалыпты бизнестен болашақта "премиальды қызметке" айналып кетуі ғажап емес.

Соның кесірінен, бүгінде "бұқаралық" саналатын маркалар мен модельдер біртіндеп бағасы анағұрлым жоғары сегментке өтіп, халыққа қолжетімсіз болып қалуы ықтимал.

Өз кезегінде сырттан көлік әкелумен айналысатын компания мамандары жұрттың бір амалын табатынына сенімді.

"Шетелден КҚТМ бойынша автокөлік әкелуге қатысты алдағы өзгерістерге түсініктеме бергіміз келеді. Бұл өзгеріс бізге еш ықпал етпейді деген сенімдеміз. Сол бұрынғыдай клиенттің тапсырыс берген кез келген автокөлігін әкеле аламыз. Өйткені заң бойынша 1 адамға жылына 1 рет жеке пайдалануы үшін 1 көлікті алғызуға рұқсат етіледі. Қазақстанда отбасылар үлкен болып келеді, туыс-туған көбіне жақын араласып, тату-тәтті тұрады. Ендеше оның әрқайсысының атына тіркеп, жылына бір-бір көліктен көптеп жеткізіп отыру ешқандай проблема болмайды деген ойдамыз", – деді өкіл.

Сарапшы айтқан "идеалды дауылдың" тағы бір компоненті белгілі болды. Салық пен кеденге жауапты орган – Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа тыйымды жариялады.

Ведомствоның хабарлауынша, 2024 жылғы 1 желтоқсаннан бастап, зауыттан шығарылғанына 3 жыл да өтпеген жаңа автомобильдерді әкелу тек "көлік құралының типін мақұлдауды" (КҚТМ) алған заңды тұлғаларға ғана рұқсат етіледі.

Бұл Еуразиялық одақтың талабы көрінеді. Мемкірістер органының түсіндіруінше, "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсанда №877 шешімімен бекітілген Кеден одағының техникалық регламентінің 8-тармағына сәйкес, сәйкестігін бағалау типін мақұлдау нысанында жүргізілген көлік құралдарыy айналысқа шығару кезінде техникалық регламент талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжаттар – "көлік құралының типін мақұлдау" (КҚТМ) болып табылады.

"Заңды тұлғалардың көлік құралдарын әкелу тәртібі өзгереді. Осыған байланысты ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндірмесіне сәйкес, дайындалған күнінен бастап 3 жылдан аз уақыт өткен және КҚТМ негізінде әкелінетін көлік құралдарын бұдан былай тек КҚТМ-да көрсетілген, ЕЭК Кеңесінің 2021 жылғы 12 қарашадағы №130 шешімімен бекітілген ЕАЭО кедендік аумағына сәйкестігі міндетті бағалауға жататын өнімді ЕАЭО кедендік аумағына әкелу қағидаларының 10-тармағының б) тармақшасын қолдана отырып ресімделген тұлғалар ғана әкелуге құқығы бар. Бұл шара 2024 жылғы 1 желтоқсаннан бастап енгізілетінін хабарлаймыз", – деп мәлім етті Мемкірістер комитеті.

Кеңсе тілін қарапайым тілге аударсақ, КҚТМ негізінде автокөліктерді әкелуді енді тек автоөндірушімен немесе оның дистрибьюторымен ресми байланысты заңды тұлғалар ғана жүзеге асыра алады.

Сарапшылар осы шектеу кесірінен елде көлік тапшылығы туындайды деп қауіптенеді. Бұл да желтоқсанда нарықта "шок-бағаның" қалыптаса бастауына үлесін қосуы мүмкін.

Осыған орай журналистер Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярды қаумалай қоршап алып, бір адамға бір автомобильден көп әкелуіне тыйым салудың не үшін қажеттігін сұрады. Премьердің №1 орынбасары халық үшін ештеңе де өзгермейтініне сендіріп бақты.

"Ештеңе де өзгерген жоқ. Егер жеке тұлға 10, 20, 30 автомобиль сатып алса, ол шетелден көлік тасу бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысады деген сөз. Мұндай адамдар енді ЖШС-ін (жауапкершілігі шектеулі серіктестігін) тіркеп, содан кейін ғана автокөлік әкелуге кірісуге, оларға сертификат алуға тиіс. Егер жеке тұлға өзіне шетелден автомобиль сатып алған болса, онда онысы кәсіпкерлік қызмет деп саналмайды. Мұндай жағдайда оған басқа, оңайлатылған сертификат алу керек болады. Барлығы 2 түрлі сертификат бар. Бұл істі салық және кеден органдары бақылайды", – деді Роман Скляр.

Оның айтуынша, "бірқатар блогерлер ұсынуға тырысып жатқандай, әңгіме салық пен баж алымдарының ставкаларын арттыру туралы болып отырған жоқ".

Бірақ Үкімет бүгінде бірінші кезекте "бүкіл техникалық және кедендік реттеуді қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру процедураларын жүргізіп жатыр". Яғни, әрекет-талаптар жасалуда.

Скляр КазТАГ редакциясының сұрауына жауабында қолданыстағы заңнамаға сәйкес, автомобильді кедендік тазартудың 2 нұсқасы барын жеткізді. Оның аясында елді шулатып жатқан "бір адам – бір көлік" тетігі іске қосылған екен.

"Біріншіден, жеке тұлға жеке пайдалануы үшін шетелден әкелсе, мұндай жағдайда автомобильге "көлік құралдары конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік" (КҚКҚК, орысшасы СБКТС) рәсімделеді. Бірақ бұл куәлік әрбір жеке тұлғаға жылына тек 1 автомобильге ғана беріледі. Оған баж алымының бірыңғай ставкасы төленеді: ол 48%-дан басталады және көліктің жасы мен қозғалтқышының көлеміне қарай өзгереді. Қадап айтамын, бұл – тек жеке мақсатқа әкелсе ғана!", – деп нықтады бірінші вице-премьер.

Оның түсіндіруінше, қазақстандықтар "жеке мақсатқа" деп шетелден 12 жолаушыдан көп адамды сиғыза алатын автобустарды, алып жүк көліктерін немесе жолаушылар мен жүктерді коммерциялық мақсатта, ақылы таситын басқа да көліктерді әкеле алмайды.

"Екіншіден, егер заңды тұлға көлікті кәсіпкерлік мақсатта, сату үшін әкелсе, ол автомобилге "көлік құралының типін мақұлдауды" (КҚТМ, орысшасы ОТТС) рәсімдеуге тиіс. Бұл жағдайда 15% кедендік бажды және 12% импортқа қосылған құн салығын төлеуі қажет. Тағы да қайталап айтамын: бұл жаңашылдық емес. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ құрылған кезден, 2015 жылдан бері әрекет ететін талап", – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Ол мысалдар келтірді.

"Тексеру барысында анықталғандай, биылғы жазда 80 жасар кейуананың атына "жеке мақсатта пайдалану" үшін деп, 10-нан астам жүк көлігі рәсімделіп, елге жеткізілген. Олардың экологиялық класы еуро-2 ғана болған. Немесе, баршамызға мәлім атышулы "Альфардтардың" жолдарымызда қаптап кетуін алайық. Жол апаттары кесірінен қаншама адам құрбан болды, қайғылы оқиғалар болды, бұған қашанғы көне береміз? Олардың бәрі – біздің азаматтарымыз. Сондықтан қолданыстағы заңнама нормаларына қатаң сәйкестікте, бақылауды күшейтіп жатырмыз", – деді Роман Скляр.

Осылайша, жаңа шектеулер жеке тұлғаларға да қатысты болып шықты. Kolesa.kz жазуынша, бақылаудың күшейтілуі кесірінен бұдан былай қазақстандықтар "жеке мақсатта пайдалануға арналған" тауар ретінде кеденде тазартып, КҚКҚК куәлігін рәсімдеп, жылына жалғыз ғана жаңа немесе қолданыста болған автокөлікті әкеле алады.

"Бірақ бұл көлікті әрі қарай коммерциялық мақсатта қолдануға, мысалы, таксилетіп, жолаушы тасуға немесе жүк жеткізуге құқығыңыз жоқ. Егер азамат шетелден екінші немесе үшінші машинаны алып келуге талаптанса, онда соған КҚКҚК рәсімдеу талабынан түк шықпайды. Жүйе оған жол бермейді. Өйткені Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес, екінші көлікті жеке мақсатта әкелу енді кәсіпкерлік қызметке жатқызылатын болады. Тиісінше, оны тек коммерциялық мақсаттағы көлік ретінде елге енгізе аласыз", – деді эксперттер.

Тағы бір түйткіл бар. Егер жеке мақсатта пайдалану үшін жеткізілген көлігіңізді 1 жыл өтпей, сатып жіберсеңіз, онда саудадан салық төлеуге тура келеді. Салық сомасы баға айырмашылығының 10%-ын құрайды.

2024 жылғы шілдеде Kazinform агенттігі "Қазақстанның Еуразиялық одақ елдеріне жасы 7 жылдан асқан автомобильдерді әкелуге мүлдем тыйым салып тастауды ұсынғанын" хабарлады. Ұсыныс талқылануда екен. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаев мәлімдеді.

"Біз қолданыстағы техрегламентке осындай өзгерістер енгізу үшін тиісті материалдарды Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысына шығарамыз. Егер қалған 4 одақтас ел бізді бірауыздан қолдаса, онда одақ территориясына 7 жылдан асқан көліктер әкелінбейтін болады", – деді Бектібаев утиль алымды жою туралы петицияны қоғамдық талқылау кезінде.

Оның мәліметінше, бір ғана 2023 жылы Қазақстанда Ресей, Қырғызстан және Армениядан әкелінген 330 мыңнан астам автомобиль заңдастырылыпты. Олардың орташа жасы 17 жылдан асқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу