Алексей Цой: Балаларға вакцина алғаны туралы бөлек паспорт берудің қажеті шамалы

2859

Pfіzer вакцинасын салдырған балалар мен жүкті әйелдердің және бала емізіп отырған аналардың жағдайы қалай? Коронавирусқа қарсы екпе алған балаларда вакцинация паспорты бола ма? Pfіzer вакцинасын ақылы негізде қанша теңгеге салғызуға болады? Жаңа жыл қарсаңында мерекелік кеш өткізуге рұқсат беріле ме? 

Алексей Цой: Балаларға вакцина алғаны туралы бөлек паспорт берудің қажеті шамалы

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой журналистердің осы және басқа да сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Министрдің мәлімдеуінше, елде эпидемиологиялық жағдай жақсарды деп, арқаны кеңге салуға болмайды. 

"Коронавирус ешқайда кеткен жоқ. Еуропада локдаун жарияланып жатқанын біліп отырсыздар. Ресейдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты біз сақтық шараларын күшейте түсуге тиіспіз. Біздің мақсат – вакцина алу қарқынын жетелдету. Бұл үдеріс жақсы жүріп жатыр, ұжымдық иммунитет қалыптасып келеді. Pfіzer екпесін алу қарқыны жоспарға сай жүріп жатыр. Pfіzer вакцинасын алған балалар мен жүкті әйелдерден және бала емізіп отырған аналардан кері әсер байқалған жоқ", – деді Алексей Цой. 

Министр коронавирусқа қарсы екпе алған балаларға вакцинация паспортын беру мәселесі әзірше қаралмағанын атап өтті. 

"Балаларға арналған вакцинация паспорты туралы сұрап жатқан азаматтар бар. Коронавирусқа қарсы вакцина балаларға кішкентай кезінде салынатын егу секілді, әр баланың егу паспорты бар. Сондықтан балаларға вакцина алғаны туралы бөлек паспорт берудің қажеті шамалы", – деді Алексей Цой.

Министр Pfіzer вакцинасын ақылы негізде алуға қатысты ақпарат жуырда жарияланатынын мәлімдеді. Ал жаңа жыл қарсаңында мерекелік кеш өткізуге қатысты сауалға: "Алдымен әр өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қоғамдық және тамақтану орындары мен концерт залдарға қанша адамның кіруге болатыны туралы талап енгізіледі. Оны сол өңірдің мемлекеттік бас санитар дәрігері анықтайды. Рұқсат берілген жағдайда көпшілік баратын қоғамдық орынның неше адамға арналғаны ескерілуге тиіс. Сонымен қатар өңірдің қай аймақта орналасқанына ерекше назар аударылады. Коронавирустың тарауы бойынша "жасыл", "сары" және "қызыл" аймақ бар", – деп тіл қатты. 

Бұдан кейін Алексей Цой Ресейден "Спутник Лайт" вакцинасы әкелінуі және ол Қарағанды қаласында өндірілуі мүмкін екенін мәлімдеді. 

"Ресейлік әріптестерімізбен "Спутник Лайт" вакцинасын жеткізу туралы келісім жүргізіп жатырмыз. Бұл екпенің "Спутник V"-дан айырмашылығы жоқ, тек бірінші компоненті бөлек", – деді денсаулық сақтау министрі.

Оның сөзінше, әзірше Ресейдің қанша "Спутник Лайт" вакцинасы ұсына алатыны нақтыланбаған. 

"Біз коммерциялық ұсыныс түскен сәттен бастап іске кірісеміз. Бізге вакцина үлкен көлемде қажет емес, өйткені елімізде ревакцинация жүріп жатыр және оның өз кезеңі бар. Жалпы алғанда жаңа жылға дейін қайта вакцина алушылар үшін екпе көлемі жеткілікті", – деді Алексей Цой.

Министр Қарағанды қаласына "Спутник Лайт" вакцинасының тәжірибелік  мақсаттағы алғашқы партиясы жеткізілгеніне тоқталып, вакцинаның осы түрін ел аумағында өндіру мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.

Министр Жамбыл облысының Қордай ауданында "BSL-4" стандартты биологиялық зертхана салудың қандай қажеттілігі бар деген сауалға да жауап берді. 

"Қазір мәселе талқыланып жатыр. Ондай зертхананың қаншалықты қажет екені зерделенеді. Қалай болғанда да зертхана толық Қазақстанның басқаруында болады", – деді Алексей Цой.

Оның айтуынша, зертхана салу бастамасы құпталса, оның құрылысы қазынадан қаржыландырылады. 

"Қанша қаражат қажет екені әзірге белгісіз. Қазір бізде "BSL-3" стандартты зертхана бар. COVID-19 секілді инфекциялардың штамдары осы нысанда зерттеледі. Осындай зертханамыз бар болғанның арқасында коронавирусқа қарсы вакцинаны жылдам жасап шығардық. Қалыпты зертханаларда аса қауіпті штамдарды зерттеу мүмкін емес. Өйткені аса жұқпалы инфекция болғандықтан, тәуекелі жоғары. Зерттеуге қатысатын адамдардың қауіпсіздігі үшін нақты талап бар. Қорғаныс костюмдері, ауаны тазартып тұратын жүйе болуы шарт. Сондықтан "BSL-4" стандартты биологиялық зертхана салу мәселесі әлі талқыланып жатыр", – деді денсаулық сақтау министрі. 

Осыдан соң Алексей Цой коронавирусқа қарсы вакцина алуды міндеттемеуді талап еткен азаматтарға қатысты пікір білдірі. 

"Менің айтарым, Қазақстанда вакцина алу міндетті емес, ешкімді мәжбүрлемейді. Екпе алғыңыз келмесе ерік өзіңізде, сізге ешкім қинап вакцина салмайды. Ал ревакцинацияға келсек, ол қайта екпе алып, иммунитетімді күшейтемін деушілерге арналып отыр. Бұл әңгіме балалар вакцинасына да қатысты. Ата-ананың өз еркінде", – деді министр. 

Алексей Цой министрлік халықты вакцина алуға мәжбүрлеумен айналыспайтынын айтты. 

"Әрине вакцина алуға қатысты түсіндіру жұмысы керек. Оның үстіне қазір қоғам белсенді, бізсіз-ақ белсенділер түсіндіріп жатады. Ал құзырлы орган ретінде ресми деректі жинап, халыққа ұсынып, түсіндіру – біздің міндетіміз. Тағы бір байқағанымыз соңғы уақытта вакцина алуға қарсы шығушылардың саны азайып келеді. Бұл мәселе бойынша мониторинг жасап, қадағалап отырмыз. Бүгінде қазақстандықтардың 70%-дан астамы коронавирусқа қарсы вакцина алды. Екпе алуды сынаған қауымның басым көпшілігі қазір вакцина алғандардың қатарында", – деді түйді ойын денсаулық сақтау министрі.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу