Коронавирус пандемиясы ғаламды алқымнан алып, жаһандық экономиканы теңселтіп тұрса да, АҚШ Қытайға салған санкциясы мен Венесуэлаға қарсы агрессиясын және Кубаға бағыттаған блокадасын жалғастырып жатыр. Осы тақырып төңірегінде Куба Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Эмилио Певида Пупо inbusiness.kz тілшісіне сұхбат берді.
– Біз Америка Құрама Штаттарының Кубаға қарсы біржақты санкциясы коронавируспен күресу мүмкіндігін төмендетеді, бұл заңсыз, әділетсіз және адамгершілікке жатпайтын әрекет деп санаймыз.
Пандемия кезінде блокаданы тоқтату үшін жаһандық сұраныс артып келеді. Бостандық аралына бағытталған америкалық блокада халқымызға зиян тигізіп қана қоймай, біздің еліміздің әлемге қолдау көрсету мүмкіндігін шектеп отыр.
Түрлі қиындықтарға қарамастан, Куба зардап шеккен елдерге дәрі-дәрмек жіберді. Италия мен Андорраға, латынамерикалық Венесуэлаға және басқа елдерге білікті мамандарын жөнелтті. Қытай Халық Республикасына да алғашқылардың бірі болып қол ұшын созды. Осының барлығына АҚШ қырын қарап, қолынан келгенше кедергі келтірді.
Былтыр қараша айында АҚШ-тың Кубаға бағытталған блокадасын тоқтату туралы қарарды қолдап, 187 мемлекет дауыс берді. БҰҰ бас хатшы Антонио Гутерриш және Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар Мишель Бачелет сондай-ақ әлем үкіметтері мен белгілі қайраткерлері арқылы АҚШ-тың COVID-19 пандемиясына байланысты біржақты мәжбүрлеу шараларын алып тастауын талап етті. Латын Америкасы мен Кариб бассейні парламенті АҚШ-ты санкциялар мен эмбаргоны, коммерциялық, экономикалық және қаржылық блокадаларды тоқтатуға шақырды. Еуро-Латын Америкасы парламенттік ассамблеясының тең төрағалары да осындай бастама көтерді. Еуропалық парламенттегі Куба халқымен достық және ынтымақтастық тобы да Кубаны қолдап, мәлімдеме жасады. Ресей Америка Құрама Штаттарының блокадасын қатаң айыптады және Кубаның COVID-19 пандемиясының әлемге кең таралуын тоқтату үшін басқа елдермен орнатқан медициналық ынтымақтастығына серпін беру қажет деп санайтынын жариялады.
– АҚШ пандемияның әлемге таралуына Қытай кінәлі екенін айтты. Ал Иран АҚШ-тың өзге елдерге көрсетіп отырған қысымын "медициналық және экономикалық терроризм" деп бағалады. Сіз не дейсіз?
– АҚШ үкіметі өзінің гегемониялық және империялық мүддесін басқа елдерге мойындатқысы келеді. Ол өзінің империалистік ниетін айқын көрсетіп отыр. Бұған Куба экономикасының тұншықтырылуы мен кубалықтардың үмітсіздігі мен наразылығын тудыруға бағытталған жасанды қиындықтар дәлел. АҚШ Кубаның табиғи ресурстарын, экономикасы мен кәсіпорындарын тартып алып, саяси жүйесін өзгерткісі, яғни социалистік революцияны құлатқысы келеді.
– Қалай ойлайсыз, коронавирус қарсылық білдіретін елдер мен ұйымдарға қарсы жазалау шараларын қолданудың саяси қаруына айналуы мүмкін бе?
– Біржақты экономикалық және саяси санкцияларды сыртқы саясат құралы ретінде пайдалану қалыпты жағдайда қолайсыз болатынын атап өткім келеді. Куба коронавирустың таралуына қарсы күресте ынтымақтастыққа басымдық беруге шақырады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта АҚШ-тың экстратерриториядан тыс санкциялары қысым, қорқыту және бопсалау, сондай-ақ халықаралық құқықты өрескел бұзу арқылы көрініс тауып отыр.
– Әлем қауымдастығы бұған тосқауыл қоя ала ма?
– Әлбетте. Әділетсіздікке, теңсіздікке, соғысқа, қанаушылыққа, өтірікке, екіжүзділікке, демагогия мен алдауға қарсы тұру керек. Сонымен бірге қазіргі пандемия мен жақындап келе жатқан әлемдік экономикалық дағдарысты жеңу үшін күш біріктіру қажет. Неғұрлым әділ және жан-жақты әлемдік экономикалық тәртіп құру үшін күресу керек. Халықаралық қатынастар, ынтымақтастық және әр мемлекеттің басымдығы туралы ойлану керек. Бұл ішкі әлеуметтік саясатты реформалауға және жаһандық ынтымақтастық пен өзара көмекке негізделген халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Әлемнің көптеген елдері Иран, Венесуэла, Никарагуа, Куба және басқа мемлекеттерді қолдайды. Интернет-науқандар блокаданы тоқтатуға шақырды. Идеологиялық айырмашылықтарға қарамастан, жүздеген мың қол жиналды. Бұл Америка Құрама Штаттары өзінің қылмыстық саясатын "эмбарго" сөзімен жасыруға тырысады дегенді білдірмейді. Өйткені іс жүзінде бәрі қатыгез және адамгершілікке төзгісіз блокада екенін түсінеді. Алайда кубалықтардың өмір шындығы сол күйінде қалып отыр. Біз үшін бәрі бұрынғыдан да күрделі болады. Ал пандемия өткен күннің еншісінде қалады.
– Куба Республикасы коронавируске қарсы қандай шара қолданды?
– Біздің елдегі медицинаны тәжірибесі мол жүйе деп айтуға әбден болады. Себебі түрлі ауруларға, вирустарға қарсы жүргізілген жұмыстарымыз көп. Бұған дейін эбола, денге безгегі, құс тұмауы секілді індеттермен күрескенбіз. Кубада АИВ/ЖИТС-тің таралуын тоқтатып, науқастарға толыққанды терапия курсын ұсынғанбыз.
Бізде коронавирусқа қарсы ұлттық комитет құрылды. Оны ел президенті Мигель Диас-Канель Бермудес басқарды. Комитет құрамына премьер-министр мен жоғары билік өкілдері енді. Алдын ала жоспар жасалды. Онда төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету амалдары кезең-кезеңімен көрсетілді.
Кубада азаматтық қорғаныстың тиімділігі жоғары. Мұны бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Табиғи апаттарда, дауылдарда адамдар ауызбіршілік танытады.
Біз коронавирус Кубаға қашан келеді деп күтіп отырмадық. Қытай Халық Республикасы коронавирусты эпидемия деп жариялаған сәттен бастап, сақтық шараларына кірістік.
Өкінішке қарай, әлемде коронавирусқа қатысты жағдайды түрлі үкіметтер, әсіресе АҚШ саяси дивидендт алу үшін Қытайға қарсы экономикалық және насихаттық күрес ретінде пайдаланды. Ал біздің көзқарасымыз мүлде басқа. Біз Қытай үкіметіне құрметпен қараймыз. Президентіміз ҚХР-дағы эпидемияға қарсы шаралардың тиімділігін мойындады. Куба ынтымақтастық пен гуманизм үлгісін көрсетті.
Әлем пандемияны бірлесіп қана жеңе алады. Бізде фармацевтикалық өнімдер шығаратын бірлескен биотехнологиялық зауыттар бар. Біз бірден Қытайда оқитын және жұмыс істейтін азаматтарымызды, соның ішінде біздің дипломаттарымызды қорғауға арналған іс-шараларды жүзеге асырдық. Сонымен қатар жедел түрде үй-жайларды дезинфекциялауға арналған антисептик шығаруды қолға алдық. Медициналық бетперде тапшылығын болдырмау үшін үкімет жеңіл өнеркәсіп министрлігіне тоқыма фабрикалары мен шеберханаларда бетперде өндірісін көбейтуді тапсырды. Президент пен премьер-министр министрлермен, губернаторлармен және қала басшыларымен кездесу өткізді. Сақтық шаралары және одан әрі әрекет ету жоспары бойынша бірқатар шешім қабылданды. Мұның бәрі бірлесіп жасалған шаруа. Оған барлық күштер, құрылымдар, институттар бірлесе атсалысты. Вирус жұқтырған адамдарды анықтау жүйесі жетілдірілді. Әуежайларда, порттарда, қонақ үйлерде сақтық шаралары қатаңдатылды. Бірнеше мың адамға арналған резерв құрылды. Әскери госпитальдар пайдаланылды. Бір сөзбен айтқанда Куба коронавируспен ұлт болып күресті.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Абылай Бейбарыс
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!