Әлемдегі "түйе империясының" қайда екені анықталды

3212

Ғалымдар Ойсылқара пірдің түліктерінің қай елде ең көп екенін хабарлады.

Әлемдегі "түйе империясының" қайда екені анықталды Фото: canva.com

Қазақстанда кеңес заманында түйе шаруашылығын дамытуға баса мән берілген жоқ, сондықтан ол еліміздің батысы мен оңтүстігіндегі аудандарда, негізінен тұрғындардың қолында ғана бағылды.

Содан 1991 жылы ел тәуелсіздік алғанда, республикада небары 145 мың түйенің ғана қалғаны мәлім болды.

Қазіргі кезде де Ауыл шаруашылығы министрлігінің түйе шаруашылығын дамытуға жете мән беріп жатқаны шамалы.

Сарапшылар етін қазақ жемейтін шошқа шаруашылығын дамытуға берілетін қомақты мемлекеттік субсидиядан түйе шаруашылығының қағылғанын айтып, көп жылдан бері назар аудартып келеді.

Дегенмен, ата-бабадан мирасқа қалған кәсіпті жалғастырған ауыл кәсіпкерлері дәмі тіл үйірер шұбатын, адам бойын лезде жылытатын жүнін, емге дәру болар етін алу үшін түйе өсіруді жалғастыруда. Батыс өңірлерде түйелерге тең артып артып, оларды жүк тасуға да әлі күнге пайдаланатын көрінеді.

Нәтижесінде, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы сәуірде Қазақстандағы түйелер саны 306 561-ге жетті. Бір жыл бұрын елде 282 601 түйе болған. Яғни, басы былтырдан 108,5 пайызға өсті.

Бұл көп пе? Олай деуге келмейді. Салыстырсақ, Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің дерегінше, Қазақстанда 2024 жылы есепке қойылған иттер мен мысықтардың жалпы саны 730,7 мыңға жеткен. Бұл үй "аңдарынан" танымал өнімдер өндірілмегенімен, саны жөнінен бәрібір түйелерден 2,3 есе көп.

Сондықтан Қазақстан қанша жерден "керуендер көшкен Ұлы Жібек жолының" бір мұрагері ретінде мақтанғанымен "түйе империясы" бола алмайды.

"Түйе деген шыққан жерінде, түп төркінінде көп болар деген ой туындайды. Шынында, зерттеулер көрсеткендей, кейбір жануарлардың түрлері "жаңа отандарында" ғана толыққанды өніп-өсе бастайды. Ғалымдардың жаңа зерттеуі таңдандыратын фактіні ашты: түйелердің ең көп саны Мысырда, Үндістанда, тіпті Азияда да емес екен. Оның үстіне ол тез көбею арқылы басқа ел үшін салмақты экологиялық проблемаға айнала бастаған", – деп жазды IFLScience.

Сонымен, бүгінде түйенің "жерұйығы" Азия, Таяу Шығыс немесе Солтүстік Африка болмай шықты. Ойсылқара түлігінің үлкен бөлігі Австралияны мекен етеді. Жасыл континенттегі бұл жануарлардың популяциясы ежелден мәдениеті мен тарихының бір бөлігіне айналған көптеген өңірлердегі түйелер санынан асып түседі.

Австралиялықтар бұл жануардың етін жемейді, жүнін жұлмайды, сүтін тұтынбайды. "Сен тимесең мен тимен" деген еркін жағдайда түйе жануар қалай көбеюдің "көкесін" көрсеткен. Ғылыми басылым Австралия ресми санақ жүргізбегендіктен, әрі әр жерде шашырай жайылатындықтан, түйелердің нақты санын ешкім білмейтінін ескертті.

Бірақ "Гиннестің рекордтар Кітабы" әлемде түйелердің ең үлкен популяциясы дәл сол Австралияда тіршілік ететінін ресми мойындады.

IFLScience бұл "экологиялық" көлік әлі күнге әлемде танымал екенін қаперге салды. Египетке барған туристер оны "тірі аттракцион" немесе байырғы пирамидалар мен басқа да тарихи көрнекті орындарға трансфер көлігі ретінде біледі. Бірақ мысырлықтар қазіргі кезде де оны "тірі тасымалдаушы" ретінде қолданады, табыс табады. Мысырда бай мәдени мұраның тұрмыспен үлесімін байқауға болады.  

Сомали, Судан мен Чадта түйелер мал ретінде бағылады, еті мен сүті тұтынылады. Зерттеушілер бұл аймақта да түйелер көп екен, жиі кездесетінін хабарлады.

Алайда осы жануар популяциясының қарқынды өсуі жөнінен Австралия алдына қара салмайды.

Палеонтологиялық деректер бойынша есте жоқ ерте замандарда түйелер алғаш рет Солтүстік Америкада пайда болыпты. Шамамен 6-7 миллион жыл бұрын, Беринг көпірі континенттерді жалғап тұрған тұста, олар осыны пайдаланып көкорай шалғыны белден келетін Азияға миграцияланған.

Тарихи отанында қалып қойғандарының тағдыры қайғылы болыпты. Өкінішке қарай, мұз дәуірінің соңына таман климаттың өзгеруі, сондай-ақ адамдардың кең жайлай бастауы америкалық түйелердің жойылып кетуіне соқтырды. Түйенің "туыстары" саналатын ламалар мен альпакалар Оңтүстік Америкада аман қалып, бейімделе алды.

Азияға қоныс аударған түйелердің басым бөлігі қолға үйретілді. Тек Қытайда ғана қос өркешті жабайы түйелер сақталған, олар толық құрып кету құрдымына жақындады: шамамен 1 мың басы ғана қалыпты.

Түйенің басқа түрлері – қос өркешті бактриан мен бір өркешті дромедарды адамдар негізінен ет, сүт немесе адам мен жүктерді тасымалдау үшін өсіреді.

Ойсылқара жануары Австралияға қайдан барған?

Тағдырдың тезіне төзімді түйелер Азия мен Африканы ен жайлады, алайда түпсіз терең мұхиттар қоршауындағы Австралияға ешқашан өз бетінше жете алмас еді, Уоллес желісін кесіп өтуге қауқары жетпес еді.

"Сонымен бірге бұл жануарлар континентке экзотикалық жүк есебінде де кездейсоқ әкелінбеген. Олардың Австралияда пайда болуының тарихы бұдан әлдеқайда қызықтырақ. XIX ғасырдың ортасында шөл дала арқылы телеграф желісін төсеуде қиындыққа тап болған, сондай-ақ Австралияның кеңбайтақ шөлді ішкі аудандарында қозғалыс пен тасымалда қиындық көрген отаршыл билік стандартты емес шешім қабылдады. Олар Ауғанстан мен Пәкістаннан тәжірибелі түйе айдаушыларды жалдады", – деп түсіндірді IFLScience.

Осылайша, жасыл континентке төзімді дромадерлар келе-келесімен (үйірімен) жеткізіле бастады. Нәтижесінде, түйе жануары Австралияда өркениеттің орнауына сүбелі үлес қосты.

Тарихи құжаттар куәландырғандай, сол заманда түйелердің бір бөлігі босап шығып, табиғатқа қашып кеткен. Олар жабайыланған түйелердің популяциясының негізін қалады.

Сондай-ақ, зерттеушілер құрылыс жұмыстары бітіп, пойыздар мен автомобиль жүйтки бастаған соң түйелердің елеулі бөлігін адамдардың өздері еркіндікке қоя бергенін айтады.

Азия мен Африкада жабайы табиғатта жүрген тұяқты малдар қаптап өсе алмайды, үлкен бөлігі үнемі жолбарыс, арыстан, аю, қасқыр, гиена және басқа жыртқыштарға жем болады.

Австралияда ірі жыртқыштар жоқ. Тек қияндағы крокодилдер жайлаған мекендерге аяқ баспаса болғаны. Нәтижесінде, кейінгі ғасырларда түйелер Австралияны "басып алып" жатыр.

Зерттеушілер бір қорқынышты жайтты жариялады. Түйелердің жабайы континентте өркениеттің орнауына жәрдемдескен тарихи үлесі ұмытылды. Оның орнына Австралия билігі бұл жануарларды қыруға кірісті.

Оларды келе-келесімен тікұшақтан атқылау арқылы 100 мыңнан (!) аса түйені өлтіріп тынған. "Жасылдар" осындай кезекті атқылаудан кейін оқиға орнына барып, жараланған, бірақ қиналып жатқан жануарларды фото, видеоға түсіріп, интернетке жүктеп тұрады.

Мұндай қатігездік бәрібір тыйылатын емес. Австралия билігі "популяцияны басқару" (оған атқылау да кіреді) шараларына қарамастан, түйелердің жалпы саны шетін шамада (критический) қалғанын, кейбір бағалаулар бойынша бірнеше жүз мыңнан бірнеше миллионға дейін баратынын алға тартты.

"Өкінішке қарай, австралиялық экожүйе ірі жануарлардың өмір сүруіне бейімделмеген. Сондықтан түйелер экологиялық апатқа айналды деп саналады. Әрбір түйе кез келген абориген жануарға қарағанда әлдеқайда көп өсімдік жейді. Сол арқылы эндемик (жергілікті) жануарларды экоортасынан ығыстырып, жойылу қаупін төндірді. Түйелердің ұзақ уақыт су ішпей жүре алуы, содан соң су қорын тез толтыруы сияқты қабілеті оларға шағын су қоймаларын құрғатуға мүмкіндік береді. Салдарынан олардан кейін өзге жануарларға су қала бермеуі мүмкін", – деп мәлім етті IFLScience.

"Көрмес түйені де көрмес" дейді қазақ даналығы. Сонымен бірге экологтер түйелердің Австралияға зор пайда әкеліп отырғанына назар аудартады. Олар басқа ешбір жануар жемейтін арамшөптердің көптеген түрінің кең таралуына тосқауыл қойды.

Өйткені тұқымы аңызақ желмен молынан таралатын қаптаған арамшөп жергілікті диқандардың егістеріне залал келтіретін. Оларды түйелер жеп қоятындықтан, бүгінде Австралия әлемдегі ең ірі аграрлық елге айналды. Бұл ел бидай, қоза (мақта), арпа, рапс, сұлы, жасымық-чечевица, бұрыш сияқты дақылдарды өндіру бойынша жаһанда жетекші орындарда.

Сондай-ақ жапан түзде жанғыш материал рөлін атқаратын арамшөп түрлерін түйелер жеп қоятындықтан, бұл осы континентте орман өрттерінің туындау қаупін азайтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу