Әлемдік банк алғаш рет адам капиталы индексін жариялады

6216

Қазақстан білім мен денсаулыққа инвестиция салудан әлемнің көптеген ірі мемлекеттерін артқа тастап, өз аймағы мен кіріс тобында алдыңғы қатарға шықты.

Әлемдік банк алғаш рет адам капиталы индексін жариялады

Бейсенбі, 11 қазанда күні Әлемдік банк ғалам бойынша Адам капиталы индексін тарихта алғаш рет жариялады. Ол бес көрсеткішке негізделген: балалардың бес жасқа дейін тірі қалу мүмкіндігі, мектепте оқитын жылдарының саны, оқу сапасы бойынша сынақ балы, 60 жасқа дейін өмір сүру мүмкіндігі және бес жасқа дейін бойы өспей қалған жеткіншектер пропорциясы.

Жер шарының 157 мемлекетін қамтыған индекстің мақсаты – денсаулыққа, білімге жөнді мән бермей отырған мемлекеттерді ұялту, масқаралау. Бұл турасында қазанның 11-де  Әлемдік банк пен Халықаралық валюта қорының Индонезияның Бали аралында өткен жыл сайынғы кездесуінде айтылды.

Адам капиталы индексі 0-ден 1-ге дейінгі шкаламен өлшенеді. Қазақстан 0,75 баллмен 157 мемлекеттің ішінде Польшамен бірге 30-шы орыннан көрінді. Алдымызда – Сингапур, Оңтүстік Корея, Гонконг, Жапония, АҚШ, Батыс Еуропа елдері ж.т.б. Соңымызда – Таяу Шығыс пен Африка өз алдына –  Шығыс Еуропа мен Латын Америкасы мемлекеттерінің басым көпшілігі тұр. Адам капиталын дамытуда Қазақстанның соңында қалған елдер санатынан Ресейді, Қытайды, Үндістанды, Түркияны, Бразилияны көруге  болады.

Әлемдік банктің мәліметінше, Қазақстанда бүгін туған балалар толық білім алып, дені сау болса, келешекте 75 пайызға өнімді еңбек ете алады. Сонымен қатар, Қазақстанда туған 100 баланың 99-ы бес жасқа аман жетеді екен. Ғаламдық индексте көрсетілген өзге бір деректерге жүгінсек, қазақстандық жеткіншектер 4 жасынан оқи бастаса, 18-ге дейін 13 жарым жылын білімге арнай алады. Және де қазақстандық оқушылар сабақ барысында ең жоғары 625 баллдың 537-не қол жеткізе алады. Әлемдік банктің тағы бір мәліметінше, 15-жасар қазақстандықтардың 80 пайызы 60 жасты бағындырады. Ал, қазақстандық 100 баланың тек сегізінің ғана бой өсімінде кемшілік болуы мүмкін. Және сол балалар өмір бойы жалғасатын когнитивтік, физикалық шектеулерге ұшырай ма деген қауіп бар.

Әлемдік банк Қазақстанда ұлдарға қарағанда, қыз балаларға адам капиталы көбірек жұмсалатынын да атап өтті. Ал, 2012 жылы еліміздің адам капиталы индексі 0,63 баллды көрсеткен. Содан бері ол дүниежүзілік шкала бойынша айтарлықтай өсіп отыр (қазір – 0,75).

"Адам капиталына инвестиция салу – ел үшін ең пайдалы инвестиция. Қазақстан технологиялық және сандық болашаққа әзірленіп жатыр. Оның елді жетістікке бастайтын тәжірибелермен, біліммен, денсаулық жүйесімен жастарды қамтамасыз ететін мүмкіндігі бар. Бұл индекс – Қазақстанның орнын және онда атқарылуға тиіс шараларды көруге көмектесетін құрал", – дейді Әлемдік банктің Қазақстандағы менеджері Ато Браун.

 

Бұл орайда Азия көш басына шығып, адам капиталы индексі бойынша Сингапур 0,88, баллмен бірінші орын алды. Одан кейінгі сатыларда Оңтүстік Корея, Жапония, Гонконг, Финляндия, Ирландия, Аустралия тұр. Ал, Ұлыбритания 15-ші, Франция 22-ші, Америка Құрама Штаттары 27-ші позицияда.

Соңғы 20 орын – Африканың еншісінде. Адам капиталы индексі бойынша ең нашар елдердің ақырғы бестігіне "Қара құрлықтың" бес мемлекеті кірді. Олар: Оңтүстік Судан, Нигер, Мали, Либерия және Нигерия. Аталған банктің баяндамасына қарағанда, бұл мемлекеттердің үкіметтері миллиондаған баланы азық-түлікпен, денсаулық сақтау жүйесімен, біліммен қамтамасыз ете алмай отыр.

"Африка елдері жалпы ішкі өнімнің 4 пайызын ғана білімге жұмсайды. Сол қаражаттың көбін Әлемдік банк пен өзге донорлар бөліеді.  Мұнайы көп болса да, Нигерияда білім жүйесіне қамқорлық шамалы. Ең кедей адамдар үшін адам капиталы – жалғыз ғана капитал. Бұл капитал - тұрақты экономикалық дамудың негізгі қозғалтқышы.  Сондықтан, десаулық пен білім саласына инвестиция салуға әрдайым мән берілуі керек", - дейді Әлемдік банк тобының президенті Джим Ён Ким.

Және де Ким мырза бұл индекстің де қарама-қайшылықтардан ада еместігін мойындай отырып,  адамға инвестиция салу соншалықты қажет болғандықтан, кейбір елдердің басшыларын қолайсыз жағдайға түсіруден ұялмағанын атап өтті. Айта кетсек, бұған дейін осы банк Doing Business Index бойынша корпоративтік салықты төмендеткен елдердің рейтингін көтергені үшін талай рет сынға ұшырағанды.

Латын Америкасына назар аудсарсақ, Әлемдік банктің мәлімдеуінше, бұл континентте денсаулық сақтау мен білім салаларына жұмсалатын шығын артып келе жатса да, жағдай түбегейлі жақсара қойған жоқ.

Кимнің айтуынша, бүгін әлемде дүниеге келген балалардың орта есеппен 56 пайызы келешекте табысының жартысын жоғалтуы ықтимал. Өйткені, олардың үкіметтері өскелең ұрпақты оқытуға, денсаулығын жақсартуға жөнді инвестиция салмай отыр.

"Осы индекс арқылы біз шын дағдарысқа назар аударуды көздедік. Өйткені, бұл проблема өнімділікпен, экономикалық өсіммен байланысты" , – дейді Джим Ён Ким бейсенбі күні журналистерге берген баспасөз маслихатында.

Әлемдік банктің ескертуінше, автоматтандыру мен жасанды интеллект алдағы жылдары көптеген төмен деңгейдегі жұмыстарды жойып, білімі жеткіліксіз және денсаулығы нашар адамдардың еңбек нарығында бәсекеге түсуін қиындата бермек.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу