Вена қазақ кәсіпкерлеріне құшақ жайды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2743

Аустрия экономикасы инвестордың қаржысын еселеп қайтарады.

Вена қазақ кәсіпкерлеріне құшақ жайды

Қазақ кәсіпкерлеріне Аустрияның инновациялық жобаларына қатысу мүмкіндігі туып тұр. Бұл туралы Аустрия елшілігінің сауда бөлімі мәлімдеді.

"Austrian Business Agency" компаниясының Шығыс Еуропа, Орталық Еуропа және Орталық Азия бойынша кеңесшісі Петр Лешль әңгімесінің әлқиссасында Алматыға осыдан 10 жыл бұрын келгенін есіне түсіріп: "Мен сол кезде Вена мен Алматыда тау шаңғысы туризмін дамытуға болатыны жайлы ой түйіп  қайтқанмын. Қазір сол есіме түсіп отыр. Алматының  туризмі  үлкен жобаларға сұранып тұр. Алатаудың бөктерін, Медеу мен Шымбұлақты туризмнің тартылыс нүктесіне айналдыруға болады. Бізде тәжірибе бар. Егер келісімге келсек, бұл салада біраз жобаларды қарастыруға болады", – деді ол.

"Austrian Business Agency" компаниясы Аустрия  аумағында шетел кәсіпорындарын орналастыру мәселесімен айналысады.

"Біз қазақ кәсіпкерлеріне мүмкіндік бергіміз келеді. Осы саланы бірлесіп дамыту, маман даярлау, инфрақұрылым әзірлеу бойынша сіздермен серіктес болуға дайын екенімізді жеткізгім келеді", – деді Петр Лешль.

Сөз арасында Петр Лешльсолтүстіктегі Аустриядағы №1 инвестор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ресейдің Аустриядағы инвестициясының көлемі 24 млрд АҚШ долларына жеткен.

"Мен Қазақстанды Аустрияның №2 инвесторына айналдыруды  мақсат тұтамын. Біз сіздердің инвесторларыңызға барлық қолайлы шарттарды қарастырамыз", – деді Петр Лешль.

Бұдан кейін ол Аустрия мен Қазақстанның экономикасынан өзі байқаған сәйкестіктерді тілге тиек етті.

"Қазақстан ШОБ-тың мүмкіндігін енді саралап жатса, Аустрия оны ел экономикасының локомотивіне айналдырды. Аустрияда ірі өндірістік-өнеркәсіптік кешендердің саны аса көп емес. Деседе бізде "Танылмаған чемпиондар" деген атау бар. Бұл атау компанияларға дайындаған өнімдерінің экспорттық әлеуетіне қарай  беріледі. Әзірге "танылмаған чемпиондардың" қатарына "Engel" және "AVL List"  компаниялары еніп отыр", – деді Петр Лешль.

Аустрия инновациясының әлеуетін әлем жоғары бағалайтын көрінеді. Бұл елде 3 мыңнан астам ғылыми -зерттеу институттары мен мыңдаған шағын инновациялық фирмалардың басын қосып отырған 35 технологиялық орталық жұмыс істейді екен.

"Мемлекет ғылымға бөлінетін қаржыны жыл сайын көбейтіп отырады. Инновациялық жобаларға салықтан босатылады. Ғылымға пайызы төмен несие беріледі, мемлекет тарапынан субсидия қарастырылады. Ғылыми жобаларды қолдайтын агенттік пен ғылыми қорлар жұмыс істейді. Sony,  Siemens сияқты әлемдік деңгейдегі концерндер корпоративтік зерттеулерін  Аустриядағы еншілес ұйымдарына тапсырады. Аустрияның ноу-хауына инвестиция салған кәсіпкер бірден әлемдік экономикамен интеграцияланады. Осы арқылы қысқа мерзімде әлемнің кез келген нүктесінен еншілес компания ашу мүмкіндігіне ие болады", – деді Петр Лешль.

Басқосу барысында Аустрия елшілігінің сауда ісі бойынша кеңесшісі Михаэль Мюллер  Аустрия қазақстандық бизнеске не ұсына алатынын айтты.

"Аустрия жеріндегі операциялық қызмет бизнесті дамытуға мүмкіндік береді, еуропалық және әлемдік нарыққа жол ашады. Бүгінгі бизнес жаһандық сипатқа ие, ал қазақстандық бизнес осы трендті ұстанады", – деді  Михаэль Мюллер.

Ол Аустрия өмір сүру деңгейі бойынша әлемдегі ТОП-15 елдің қатарында екенін және "Mercer"  халықаралық агенттігінің зерттеуінше, Вена сегізінші жыл қатарынан өмір сүру үшін ең тартымды қалалардың рейтингінде жетекші орынға ие болып келе жатқанын атап өтті.

"Әлемнің әртүрлі елдеріндегі беделді компаниялардың 3 мыңнан астам аймақтық кеңселері Венадан өздерінің Еуропадағы бизнесін бақылайды.

Бұдан бөлек 1600-ден астам бірлескен кәсіпорын құрылған. Аустрия Шығыс пен Батыс арасындағы іскери қарым-қатынастың интерфейсі сонымен қатар көпшілік мойындаған инвестициялық хаб. Венада әлемдік деңгейдегі банктер, халықаралық қауымдастықтар мен халықаралық коммерциялық ұйымдардың штаб-пәтерлері орналасқан", – деді Михаэль Мюллер.

Аустрия үшін Қазақстан ТМД-дағы үшінші маңызды серіктес. Екі ел  арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 1 млрд  еуродан асты. Бүгінде біздің елде 50-ден астам аустриялық компания кәсібін дөңгелетіп отыр. 1991 жылдан бері аустриялық компаниялар Қазақстан экономикасына 5 млрд доллардан астам инвестиция құйған.

Аустрия делегациясының мүшесі Анна Цайтлингер: "Аустрия ШОБ-тың отаны екенін, экономикасының драйвері ШОБ екенін Петр Лешль таратып айтты. Ал Қазақстанда шетелдік ШОБ-тың мүмкіндігі туралы түсінікті инвестиция әлемінде қалыптастыру керек. Сонан кейін ШОБ-тың интелектуалдық деңгейін көтеру жайын да ойланып жүргендеріңіз дұрыс. Әлемнің дамыған елдерінде ШОБ өкілі мен алпауыт концерн басшылары қатар тұрады. Мемлекеттің қаржылай көмегі мен көзқарасы бірдей. Аустриядағы ШОБ-тың  коммерциялық емес, инновациялық сипаты  басым", – деді Анна Цайтлингер.

Ол Аустрия интеллектуалды ресурсқа зәру емес екенін алға тартып, мұнда адам капиталының мүмкіндігін көтеруге басымдық берілетінін баяндады.  "Венада әлем жастары арасындағы интеллектуалдар сайысы жиі өтеді.

Өзінің қабілетіне сенген жас Венаның жоғары оқу орындарында білім алуға тырысады. Аустрия экономикасына қаржы құйған инвестор аз уақытта қаржысын еселеп қайтарып алады. Себебі бізде бизнеске жеңілдік көп", – деді Анна Цайтлингер.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу