Кәсіпкерлердің экономикадағы үлесін 50%-ға жеткізуге 25 жыл қажет

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2951

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды бизнесмен деуге болмайды.

Кәсіпкерлердің экономикадағы үлесін 50%-ға жеткізуге 25 жыл қажет

Елімізде 1 млн 600 мың микро және шағын бизнес субьектісі тіркелген. Оның 1 млн 308 мыңы экономикалық белсенді, яғни табыс тауып, салық төлейді.

Былтыр ресми мәлімделгендей, қазір шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 28,5%-ды құрап отыр. Үкімет 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 35%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізбекші. Осы мақсатта "Бизнестің жол картасы – 2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оған экономиканың шикізаттық емес секторындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын ашу міндеті жүктелді. Бағдарлама

аясында алдағы 5 жылда шағын  және орта бизнесті дамытуға 421 млрд теңге бөлінеді.

Ауызша айтқанда барлығы жақсы, іс жүзінде қалай болады, оны уақыт көрсетеді. Бұлай деуге осыған дейін қолданыста болған "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасына айтылған сын-пікір дәлел.

Осы турасында "Талап" қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев: "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы ұлттық экономика мен шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыра алмады. Мемлекеттік бағдарламаның нысаналы индикаторлары тиісінше жүзеге асырылмады. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспорттың көрсеткіші көбейген жоқ. Республикалық бюджеттен мемлекеттік бағдарламаға 247,1 млрд теңге бөлінді. Алайда еліміздің жалпы ішкі өнімінің көрсеткіші жақсармады. Бұл – шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі болжанғандай өскен жоқ деген сөз", – деді.

Айта кетейік, қолданыстағы "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы бұған дейінгі бағдарламаның жалғасы саналады.

2018 жылы шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі - 26%, 2019  жылы - 28,5% болды. Бір жылдағы өсім - 2,5%. Алдағы 5 жылда үкімет бұл көрсеткішті 35%-ға жеткізбекші. Сонда 5 жылдағы өсім көрсетіші 6,5%-ды құрайды. Бұл жыл сайынғы өсім 1,3% деген сөз. Яғни 2018-2019 жылдармен салыстырғанда, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесінің даму  қарқыны баялайды.

Қызықтың көкесі 2025 жылдан кейін басталатын сияқты. Себебі үкімет 2050 жылға дейін шағын және орта бизнестің экономикадағы 35% үлесін 50%-ға жеткізудің қамына кіріседі. Яғни 35% бен 50% арасындағы 15%-ға қол жеткізу үшін 25 жыл жұмсайды. Осылай болса, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2025-2050 жылдар аралығында әр жыл сайын 1,6%-ға ғана ұлғайып отырады.

Мемлекеттік бағдарламаға мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров та күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, статистикада сәйкессіздік көп. Әдемі сандардың соңында үнемі жалған ақпарат тұрады.

"Ресми дерек бойынша, елімізде бизнестің тасы өрге домалап тұр.

Бірақ экономикада түбегейлі құрылымдық өзгеріс жоқ. Бұл қалай? – деді депутат.

Мәжілісменнің пікірінше, жалпыға ортақ дамудың оң көрінісі тек статистикалық мәліметтерге ғана негізделген

"Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жеке кәсіпкер ретінде қайта тіркеу туралы статистикалық мәліметтерді жинау арқылы біз кімді алдамақпыз? Біз өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың кім екенін жақсы білеміз. Бұлар кездейсоқ жағдайда ғана ақша тауып жүрген қазақстандықтар. Шын мәнінде, олардың көпшілігі кедейлік шегінде өмір сүреді. Оларды кәсіпкер деп атау мазақ қылғанмен бірдей, – дейді Айқын Қоңыров.

Нақты есептеулерге көз жүгіртсек, жағдай өте аянышты. Қайта өңдеудегі ШОБ-тың үлесі ары кеткенде ішкі жалпы өнімнің 5-6%-ын құрайды. "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасындағы бұл көрсеткіш алдағы 5 жылда 35%-ға жеткізілетіні айтылады. Бұл межені әзірше арман күйінде қалдырған дұрыс. Себебі бұған қағаз жүзінде ғана қол жеткізілуі мүмкін.

"Біз кәсіпкерлікті дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың міндеті ШОБ үлесін және статистикалық кәсіпкерлер санының механикалық өсуіне дейін төмендетілмеуі керек деп санаймыз. Бұл бизнестің өркендеуіне еліктеу ғана. Тапсырма түбегейлі өзгеше болуы керек. Яғни қоғамдағы тұрақтылық факторы ретінде орта таптың тірегіне айналатын бәсекеге қабілетті кәсіпорын қалыптастыру қажет, – деді депутат.

Мемлекеттік қолдаусыз, мысалы, "Даму" қоры болмаса, шағын және орта бизнес үшін өмір сүрудың өзі қиын болатынын ашық мойындау керек. Бұл жерде бәсекелестік туралы сөз қозғаудың өзі артық.

"Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бұрынғы бағдарламамен бірдей құралдарды ұсынады. Бұл кәсіпкерліктің нақты дамуы үшін емес, алдағы кәсіпорындарды қолдау үшін ғана қажет" – деді Айқын Қоңыров.

Әрине, ШОБ-ты қолдау, жұмыс орындарын сақтау және сол арқылы мыңдаған отбасыларды қамтамасыз ету маңызды. Бірақ шын мәнінде дамып келе жатқан кәсіпорындарды дамыту одан да маңыздырақ.

"Бюджет кәсіпкерлерге бұрынғыдай көлемде қолдау көрсете алмаса, мыңдаған кәсіпорын жұмысын қысқартады, – деді халық қалаулысы.

Оның ойынша, мәселені шешу үшін бизнесті қолдау институттарының қызметін қайта қарау керек.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу