Экономикада ақша аз – Ұлттық экономика министрі

8261

ШОБ-тың корпоративтік табыс салығын жергілікті бюджетке беру талқыланды. 

Экономикада ақша аз – Ұлттық экономика министрі

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жасаған баяндамасында шағын және орта бизнестен (ШОБ) түсетін корпоративтік табыс салығының (КТС) түсімдерін жергілікті бюджетке беруді ұсынды. Ұлттық экономика министрі мәжіліс отырысы барысында депутаттарының бірқатар сұрағына да жауап берді.

Депутаттар тарапынан:"Егер ірі кәсіпорын орта кәсіпорын санатына өтсе, корпоративтік табыс салығын республикалық бюджетке төлеуін жалғастыра бере ме әлде жерілікті бюджетке төлей ме?",– деген сұрақ қойылды.

"Республикалық бюджетке корпоративтік табыс салығын төлейтін ірі кәсіпорындардың тізбесі жасалып, үш жылға бекітіледі. Егер ірі бизнес осы үш жылдық мерзім ішінде орта бизнес санатына көшсе, оның корпоративтік табыс салығы республикалық бюджетке түсуін жалғастыра береді. Ол үшін арнайы тетіктер бар", – деді Ұлттық экономика министрі.

Депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып, Руслан Дәленов шағын және микробизнестің табыс салығынан босатылуы себебінен бюджетке қаржының қандай көлемде түсетінін хабарлады.

"Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес, келер жылы шағын және микро бизнестен түсетін салықтар азаяды. Жалпы шығындар 109 млрд болады. Оның ішінде 2020 жылы корпоративтік табыс салығы 17 млрд теңге, 2021 жылы 18 млрд теңге және 2022 жылы 20 млрд теңге болады. Шығындар жалпы сипаттағы трансферттерде ескерілуде. Осы шығындарды ескере отырып, жергілікті бюджеттерге түсетін корпоративтік табыс салығының көлемі анықталды. Жергілікті бюджеттерге 2020 жылы 380 млрд теңге, 2021 жылы 430 млрд теңге, 2022 жылы 480 млрд теңге корпоративтік табыс салығы түсуі тиіс", – деді Руслан Дәленов.

Ұлттық экономика министріне өндіріс өсімдерінің нақты көрсеткішінің болмауы жайлы, жұмыс орнының жеткілікті мөлшерде ашылмауы және кәсіпкерлікті дамытуға бөлінетін қомақы қаржының экономикалық әсерінің төмендігіне қатысты айтылған сынға жауап беруге тура келді.

"Шағын және микробизнесті дамыту – кешенді түрде жұмыс істеуді талап етеді. Осы орайда әртүрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Алдағы бесжылдықта "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасына бөлінетін қаржы өткен бесжылдықпен салыстырғанда екі есеге артады. Келесі жылы субсидиялар, оқыту және кеңес беруге 420 млрд теңге бөлініп, қаржылай қолдау көрсетіледі. Нақты сандарға келсек, орта және шағын бизнестің үлесі 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 35%-ына тең болады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш қазір өткен жылдың қорытындысы бойынша 28,4%. Сәйкесінше, орта және шағын бизнес өндіретін өнімге қосылатын құн 23 трлн теңгеге өседі. ШОБ үлесінің өсуінен түсетін салықтық қосымша табыс 4,3 трлн теңге көлемінде болады. Тұрақты жұмыс орындары 2025 жылға қарай 700 мыңға артады. Орта және шағын бизнестің корпоративтік табыс салығын жергілікті бюджетке беру – аймақтардағы экономиканы белсенді дамытуға серпін береді",- деді Ұлттық экономика министрі.

Нормативті облыстық мәслихат жасайтындықтан, корпоративтік табыс салығынан түсетін қаржыны аудандарға бермей, 100%-ға дейін облыс өздерінде ұстап қалуы мүмкін. Ондай жағдайда қалалар мен аудандар бизнесінің дамуы қалай серпін алады деген депутат сұрағына министр түсініктеме берді.

"ШОБ корпоративтік табыс салығын жергілікті жерлерге берудегі негізгі мақсат – өңірлердің экономикасын дамыту. Жергілікті экономикаға серпін беру. Сол себепті қаржы бөлуді үйлестіру үшін әдістемелік нұсқаулық әзірледік. Нұсқаулықта "жиналған корпоративтік табыс салығының 30%-дан кем емес мөлшері аудандық бюджетке кетуі керек" делінген. Жыл бойы моноторинг жасаймыз, нәтижесіне қарап өзгерістер ұсынуымыз мүмкін", – деді Руслан Дәленов.

Заң жобасын талқылау барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің бүгінгі күні шағын және орта бизнес экономикасы үшін бюджетте ақша жеткілікті ме деген сұрағына Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов: "Экономикада ақша аз", – деп жауап берді.

Сондай-ақ  Ұлттық экономика министрі орта кәсіпорындар салықты азырақ төлеу үшін ұсақталып, шағын бизнес санатына өтуге қауіптенбейтінін айтты.

"Салықтық жеңілдікті тек патент, жеңілдетілген декларация тәрізді арнайы салық режимінде жұмыс істейтіндер ғана алады. Мөлшерлеме қазір 3%. Орта бизнес  20%  КТС төлейді. Шектеу болғандықтан, олар шағын бизнес санатына өте алмайды. Орта кәсіпорындар ұсақталып, шағын бизнес санатына өтетінінен қауіптенбеймін",– деді Ұлттық экономика министрі.

Еске сала кетейік, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының бірінші оқылымында мақұлданды.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу