Қазақстан Президентінің алдында жаңа экономикалық драйвер табу міндеті тұр

2320

Сарапшылар экономиканы, бизнесті және қаржы нарығын қалай жаңғыртуға болатынын айтты.

Қазақстан Президентінің алдында жаңа экономикалық драйвер табу міндеті тұр

Жаңа Президенттің алдында қандай экономикалық сын-тегеурін бар? Мемлекет басшысы күн тәртібіне қандай мәселелерді қоюы мүмкін? Inbusiness.kz экономикаға, бизнеске және қаржы секторына қатысты бар сарапшылардан мемлекет басшысы қандай экономикалық реформа жүргізеді, бизнеске қолдау көрсету үшін қандай шаралар қабылдануы керек және қаржы нарығында қандай мәселелер шешілуге тиіс деген сұрақтарға жауап алды.

Жарас Ахметов, экономист:

– Қазақстан әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылу үшін ІЖӨ өсімін 5-5,5%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі көрсеткіш шамамен 4%-ды құрайды. (Наурыз айында ұлттық экономика министрі Руслан Даленов биылғы жылға макроэкономикалық болжам жасағанда ІЖӨ 3,8% өсім болатынын баяндаған. Ал Halyk Finance сарапшылары нақты өсім 3,6%-ды құрайтынын алға тартуда. - редакция). Менімше, қазір экономикалық өсімнің қарқынын күшейтуге екпін түсіру қажет. Бәсекеге қабілетті орта қалыптастырып, кәсіпкерлікті, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамытқан дұрыс. Себебі микро және шағын бизнес мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты орта және үлкен бизнестен ұтылып жатыр. Әдетте біз бәсекелестік туралы сөз қозғағанда арзанға өндіру, қымбатқа сату туралы сөз қозғаймыз. Микро және шағын бизнес өкілдері тапсырыс көлемі аз болғандықтан көтерме саудада жеңілдікке қол жеткізе алмай қалады. Есесіне ірі бизнес өкілдері "майшелпекке" ие болады. Мұндай мысалдарды тізбектей беруге болады. Бәсекелестікке қойылатын талапты реттеу – мемлекеттің жұмысы. Алайда дәл қазір бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Қолдау бағдарламалары шектен тыс бюрократияланған және көпшілікке қолжетімсіз. Қаржы нарығын дамыту үшін банк жүйесін тұрақтандыру және несиелендіру көлемін арттыру қажет.

Арман Бейсембаев, FXPrimus сарапшысы:

– Ресурстық рентаны бөлуге негізделген экономика тиімсіз. Ол өсімге жұмыс істемейді. Осыдан дағдарыс басталады.  Біз мұны 2012 жылы түсіндік. Дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканың даму көрсеткіші тежеле бастады. Ал 2014 жылғы мұнай бағасы ІЖӨ бұрынғыдай өспейтінін көрсетті. 2015 жыл теңгенің құнсыздануымен есте қалды. Еңбек өнімділігінің қарқыны мен экономикалық өсімнің қазіргі 3-3,5% деген көрсеткіші жоспарланған нәтижеге жеткізбейді. Осы көрсеткіш сақталатын болса, қазіргі көрсеткіш құлдырап кетуі мүмкін. Сондықтан шикізатқа негізделген экономикалық драйверден бас тартып, басқа амалға жүгіну керек.

Қандай? Міне осы сұраққа Президент жауап беруге тиіс. Кәсіпкерлікті дамыту қажет болса, кез келген бизнес өзін жайлы сезінуі үшін қандай болмасын нақты "ойын ережесін" бекітіп алу қажет. Сосын соған икемделіп, даму керек. Осылай болғанда бизнес бірнеше жылға стратегиялық жоспар құрып, алаңсыз жұмыс істейді. Сондықтан ШОБ-қа – кедергі келтірмеу керек. 

ШОБ-пен жұмыс істейтін барлық органдар, оның ішінде салық органдарының өкілдері осы ұстанымды ұстануға тиіс. Мемлекеттің жеке секторда ойыншы болмағаны абзал. Ол заңның сақталуын қадағалап, жеке ойыншылардың нарықты монополиялауына жол бермей, жоғарғы  арбитр дәрежесінде отыруы керек.

Қаржы нарығындағы басты міндет  – оның пайда болуына жағдай жасау. Қазіргі қаржы нарығы көз алдымызға нақты экономикадан тыс жерде орналасқан немесе параллель әлемде жатқан, бір-бірімен жолықпайтын  секторды елестетеді.

Қаржы нарығы дегеніміз – банк немесе биржа ғана емес. Бұл – нақты сектормен байланыс орнататын инвестициялық үдерістер мен институттардың кешені. Нақты сектордан қаржы нарығына инвестиция алу,

тәуекелдерді болғызбау, артық капиталды айналдыру үшін келеді. Стартаптар мен инновациялық жобалар идеялары үшін венчурлық инвестиция сұрайды. Осының барлығын үйлестіру, шешу қаржы нарығының базалық міндеті. Осындай нарықтың бізде пайда болғаны, қалыптасқаны және дамығаны маңызды.

Саян Комбаров, сертификатталған бухгалтерлер қауымдастығының мүшесі:

 – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа осыған дейінгі экономикалық мәселелерді шешу қажет деп ойлаймын. Бұл – нарық механизмдерінің жетілдірілуі және Қазақстанда қолданысқа енгізілуі. Біз Мемлекет басшысының  әлеуметтік әділдік орнатуға, Қазақстан халқының ұлттық мүддесін қорғауға басымдық беріп отырғанын назарға алуымыз керек. Өз кезегінде Президент 5 институционалдық реформаны жандандырып, Тұңғыш Президенттің цифрландыру бағытындағы жұмысын жалғастыру сонымен қатар үкіметтің халыққа есеп беруін қадағалауы және ШОБ-ты дамытуға

серпін беруі тиіс деп ойлаймын.

Менім ойымша, ШОБ-ты ілгерілету үшін оны салықтан босату қажет. Мұндай көмекті ШОБ-қа ғана емес, барлық халыққа және бизнеске бағыттаған жөн. Бұл бастама үкімет пен мемлекеттік бюджеттің шығынын қысқартуды талап етеді.

Осы жерде монетарлық және бюджеттік саясат нарықтық қарым-қатынасты бұзуға себепші болатынын айта кетуге тиіспіз.Әкімшіл-әміршіл жүйе ерікті-мәжбүрлі түрде нарық қатысушыларының құқығына қайшы әрекеттерге барады. Бізге осының алдын алу қажет.

Осы жерде Президент айтқан әлеуметтік әділдік туралы сөз қозғайтын болсақ, жемқорлыққа жол бермеуіміз керек. Қоғам бюрократияға тәуелді болмауға тиіс. Кәсіпкерлерді алалауға, біреуге жеңілдік жасап, екіншісіне жеңілдік жасамауға болмайды. Талап, тәртіп, міндет ортақ болуы керек.

ШОБ-қа қолдау көрсетуді нарықтың есебінен емес, үкіметтің немесе банктердің есебінен жүргізу қажет.

Үкімет мөлшерлемелерді  субсидиялауға,  несиелендіруге, баға белгілеуге тиісті емес.

"Мемлекеттік ынталандыру" деген әдемі естілетін сөз, алайда іс жүзінде нақты нәтижеге жеткізетін жол емес. Көбінесе ол тұрақты дамуға, тепе-теңдікке, әлеуметтік әділдікке кері әсерін тигізеді.

Қаржы нарығында Президент нарықтық қарым-қатынасты реттеуге, банктердің тұрақтылығы мен төлем жүйесін жүйелеуі тиіс деп ойлаймын.

Өкінішке қарай, бұған Ұлттық банктің өзі кедергі келтіріп тұр. Оның экономиканы дамытуға қосып отырған үлесі мардымсыз. Бұл – нарықтық қарым-қатынасты бұзып, инфляция қалыптастырушы. Ұлттық банк

тұрақты несиелендіру мен бағаның қалыптасуын да реттеп отырға тиіс. Ол девальвацияға да жауапты.

Жалпы, халықаралық саудадағы іркілістер мен қаржылық тұрақсыздыққа, өзін ақтамаған қарыздарға орталық банктер кінәлі.

Қаржы реттеушісінің қаржы нарығындағы үдерістерге киліге беруі жақсылыққа апармайды. Банктер берген несиелерінің қайтарылуына өздері жауапты болуға тиіс. Қоғамды жікке бөлетін әлеуметтік, экономикалық бассыздықтардың тамырына балта шабу қажет. Банктер нарықтағы жинақтаушының есебінен несиелендірілуі керек. Ұлттық банк олардың қамқоршысы болуға тиіс емес.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу