Әлемдік рейтингте Қазақстанның қорғаныс қабылеті жақсарып келеді

1938

Әлем елдерінің әскери әлеуетін бағамдап отыратын "Global Fire Power" ұйымы әдеттегі дағдысы бойынша өткен жылдың рейтингісін жариялады.

Әлемдік рейтингте Қазақстанның қорғаныс қабылеті жақсарып келеді Фото: aqorda.kz

Жалпы әлем бойынша 145 елдің әскерінің айбары бағамдалған бұл рейтингте Қазақ елі 58-орынға тұрақтапты.

Қазақстан Венесуэла (57-орын) елінен бір саты төмен, әскери әлеуетін үздіксіз арттырып жатқан мен Әзербайжан (59-орын) елінен бір бас жоғары тұр.

GFP мәліметінше, еліміздің елдің әскери қуаты Орталық Азияның басқа елдерімен, ЕАЭО елдерімен (Беларусь пен Армения) салыстырғанда айтарлықтай жоғары тұр.

Нақты айтар болсақ, Беларусь – 64, Өзбекстан – 65, Түрікменстан – 83, Қырғызстан – 100,  Армения – 102, Тәжікстан 107-орын деп кете береді. Рейтингтің үздік бестігінде сол баяғы АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан және Оңтүстік Корея секілді алып елдер қалып отыр. 

Әрине, 145 елдің ішінде 58-орын алу деген де жаман көрсеткіш емес былай. Өткен жылы 63-орында тұрған едік. Яғни аздап болса да алға жылжу бар деген сөз.

Аталмыш ресурстың мәліметінше, рейтинг жасау барысында 60-қа жуық талаптар ескеріледі екен.  Оған елдің жалпы жер көлемі,  соған сәйкес елді қорғап тұрған тұрақты әскер саны мен қару-жарағы, арнайы техника, киім-кешек, азық-түлік, айлық-шайлығы деген дүниелер қамтылады. 

Расы керек, соңғы үш-төрт жыл әлемдегі әскери бәсекені күрт күшейтіп жіберді. Күтпеген жерден бұрқ еткен Әзербайжан-Армения, Ресей-Украина қақтығысы соғыс қағидасын өзгертіп сала берді. Қорғаныс құралдары мен қару-жарақ түрі де мүлдем басқа арнаға бұрылып жатыр. 

Әрине бұл үрдістен Қазақ елі айналып өте алмайтыны даусыз. Себебі, Қазақстан жері аумағы өте үлкен, есесіне халқы аз мемлекет саналады. Сарапшылар жаман айтпай жақсы жоқ, егер алда-жалда елден тыныштық кетіп, шекарадан жау аттай қалған жағдайда мобилизация, халықты қауіпсіз аймаққа көшіру, әскерді ұрыс алаңына дереу арада жеткізу немесе алып кету секілді жұмыстарды іске  қиын болатынын жасармайды. Себебі жеріміз үлкен, халық аз. Оның үстіне еліміздің географиялық жер бедері де өте күрделі болып отыр.

Сондықтан болар, елімізде соңғы уақытта қауіпсіздік мәселесіне көбірек көңіл бастады. Бұрынғыдай емес, әскери саладағы қордаланған жайттар ашық айтылып, халықпен ашық диалогқа түсе бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қарулы Күштерін, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекіткені белгілі.

Аталмыш тұжырымдамада әскери қауіпсіздік органдарын 2030 жылға дейін қалыптастырудың және дамытудың негізгі принциптері мен ұстанымдары қамтылғанын айта кету керек. Өзге елдермен әскери байланысымыз артып, әскери-ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан елдердің саны 40-тан асып отыр.

Оның үстіне биыл елімізде Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің қатысуымен жауынгерлік дайындық шаралары аясында ауқымды әскери оқу-жаттығулары өтетін болды.

"Биыл ел аумағында бес мемлекеттің қатысуымен ауқымды оқу-жаттығулар өтеді. Ол жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Жауапкершілік аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін орындау мақсатында бауырлас халықтар мен қарулы күштер арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау біз үшін өте маңызды", – деді Қазақстан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Оның айтуынша, биыл 160-тан аса жедел және 70 мыңнан астам жауынгерлік даярлық жөніндегі іс-шаралар жоспарланған. Олардың ішіндегі ең маңыздысы Әскери-теңіз күштерінің, Әскери-әуе күштерінің, "Батыс" өңірлік қолбасшылығындағы арнайы операциялар күштерінің, одан өзге Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттерінің қатысуымен өтетін "Бірлестік" оқу-жаттығуы. 

Бітімгерлік миссия

Айтпақшы еліміз қазақ тарихында алғаш рет БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қол жеткізді. Яғни ҚР Қарулы күштері өз туымыз астында миссия орындауға мүмкіндік алып отыр деген сөз. Бұл дегеніңіз – Қазақстанның дербес мемлекет есебінде халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі артып отыр деген сөз. Жуырда БҰҰ-ның инспекциялық тобы бітімгерлік операцияларға қатысуға жоспарланған қазақстандық әскери қызметкерлердің материалдық-техникалық базасын тексерген. БҰҰ сарапшылары жеке құрамның дайындығы жоғары деген баға берді. Олар бітімгершілік операциялар орталығы нұсқаушыларының кәсіби деңгейін де  атап өтіпті. Тағы бір қайталай кетейік, сарбаздар бітімгерлік базалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Гуманитарлық жүктерді күзетеді, конвойларды алып жүреді, бақылау-өткізу пункттерін ұйымдастырып, бейбіт тұрғындарды қорғайды. Жалпы жіберілетін әскерилердің саны – 430. Олардың ішінде 7 әйел бар.  

Қазақстанда бітімгерлік қызметтің тарихы 2000 жылдан басталады. Сол жылы арнайы жарлықпен қазақстандық "Қазбат" бітімгерлік батальоны құрылды. 

2003 жылы "Қазбат"  әскери қызметшілері АҚШ пен НАТО қолдауымен Ирактағы бітімгершілік операциясына ("Иракқа бостандық" операциясына) кірісті. Әскер мамандар Ирак жерінде 4,5 миллионнан астам түрлі оқ  дәрілерді – миналарды, зымырандар мен снарядтарды жойып, 6 718 текше метр су тазартты.

Қазақстандық әскери дәрігерлер американдық "Дельта" базасы медициналық тобының құрамында жұмыс атқарды. Олар негізінен террорлық шабуылдардан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.

2018 жылы Қазақстан мен Үндістан арасындағы қол қойылған меморандумға сәйкес Қазақстандық бітімгерлер ротасы БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына алғаш рет қатысты. Қазақстандық бітімгерлер Израильмен шекарада жергілікті жерді патрульдеу, бақылау бекеттерін ұйымдастыру, оқ атпауды бақылау міндеттерін атқарды.

Сол секілді бітімгерлеріміз Ливанда бесінші ротацияның бітімгерлік контингенті қызмет атқарып келді. Бұдан өзге, Батыс Сахарада бес әскери қызметші бақылаушы рөлін атқарды. 

Әскерилердің жағдайын түзеу керек

Басында айтып өткеніміздей, биік мінберлерден әскери саладағы кемшіліктер де ашық айтыла бастады. Сол секілді әскери техниканы жаңарту мәселесі, оқыту, еуропа елдерінің стандартына жақындату мәселесінде де көптеген олқылықтар бары белгілі болып отыр. 

Мәселен, жақында Парламент Мәжілісінде әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін талқылау кезінде депутаттар әскери қызметшілердің жалақысы тым төмен екенін әрі әлеуметтік көмектер берілмейтінін Қорғаныс саласының басшылары ашық мойындады. Осының салдарынан әскери қызметшілер армиядан кетіп жатыр. Кетпегендері әскери қызметтен тыс уақытта такси болып жан бағып жүр. Әрі олардың саны жыл өткен сайын көбейіп отыр.

"Тек 2020-2023 жылдар аралығында ғана  Қарулы күштерден 17 065 әскери қызметші босатылды. Оның ішінде 4 301 – офицер және келісімшарт бойынша 12 764 – әскери қызметші. Салыстыру үшін, бұл шамамен 15 механикаландырылған бригадаға тең күш", – дейді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабының басшысы Сұлтан Қамалетдинов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу