Әлеуметтік бағамен сатылатын көкөністің бәрі бірдей сапалы емес

2714

Сондықтан тұрғындар қымбат өнімді алуға мәжбүр.

Әлеуметтік бағамен сатылатын көкөністің бәрі бірдей сапалы емес Фото: Валерий Бугаев

Өткен жылы Павлодар облысының әкімдігі мен жергілікті шаруалар ішкі нарықты сапалы әрі арзан картоппен, сәбізбен қамту бойынша меморандум жасаған болатын. Бірақ оның кейбір талаптары сақталмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Екіжақты келісімге сәйкес, облыстағы шаруалар тұрақтандыру қоры арқылы 30 мың тонна картоп пен 6 мың тонна сәбізді әлеуметтік мәртебесі бар дүкендерге жеткізуі тиіс. Бұл ретте бір келі көкөністің босату бағасы 95 теңгеден, сауда сөрелеріндегі баға 115 теңгеден аспауы тиіс. Бірақ бүгінгі таңда бұл көлемнің бар-жоғы 10% сатылды.  

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашевтің айтуынша, әлеуметтік бағамен сатылатын көкөністер қолжетімді болуы үшін ірі сауда желілерімен келісімдер жасалды.

"Қазір біз меморандум бойынша әлеуметтік дүкендерден бөлек, "Small", "Inmart", "Greenwich" және "Лидер" ірі сауда желілеріне картоп пен сәбіз жеткізуге көштік. Жалпы, арзан өнімдермен қамтылатын сауда орынының саны бірден 33-тен 76-ға дейін өсті", - дейді Нұрболат Мақашев.

Екінші мәселе - төмен бағамен сатылатын картоп пен сәбіздің бағасы. Кейбір тұтынушылардың айтуынша, бұл өнімдердің бағасы ғана емес, сапасы да төмен.

"Мен "әлеуметтік өнім" деген жазуы болған келісі 115 теңге болатын картоптың үш келісін алған едім. Бірақ олардың сапасы мүлде көңілден шықпады. Өзі қап-қатты, қабығын ашуға, турауға келмейді. Үш келінің тең жартысы шіріген болып шықты. Сондықтан келісі 200 теңге тұратын картопты алатын болдым. Оның сапасы анағұрлым жақсы", - дейді зейнеткер Төкіш Әбдірахманова.

Мұны сатушылардың өздері де растап отыр.

"Гагариндік" деп аталатын картоптың келісі - 190 теңге. Оны алудан бас тартып, тек әлеуметтік өнімді сатылымға қойсам, тұтынушылардың жартысынан айырылып қалуым мүмкін. Сатып алушылардың сөзінше, оның бағасы қымбат болғанмен, сапасы мен дәмі әлеуметтік бағамен сатылатын картопқа қарағанда жоғары", - дейді Әсел есімді сатушы.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың ойынша, әлеуметтік бағамен жеткізілетін көкөністердің сапасы олардың қымбат түрлерінен кем түспеуі керек. Сондықтан меморандумға қол қойған шаруашылықтардың басшылары картоп пен сәбізді жөнелтер кезде сапасына мән беруі керек.

Еске сала кетейік, былтыр павлодарлық шаруалар картоптың рекордтық көлемін - 600 мың тоннасын жинады. Бұл облыс тұрғындарының сұранысынан 10 есеге көп.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу