Әлібек Әбділов: "Қазақстан халқына" қорының бір тиыны әкімшілік шығысқа жұмсалмайды

3774

Президенттің пәрменімен құрылған "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорындағы 117 млрд қайда жұмсалады деген сұрақ көптің көкейін тесіп тұр.

Әлібек Әбділов: "Қазақстан халқына" қорының бір тиыны әкімшілік шығысқа жұмсалмайды

Қомақты қаражаттан теңге тартуға "дәмелілердің" еркіне салса, қордағы ақшаны үй, автокөлік сатып алуға, несиесін жабуға, тіпті той жасауға шашып жібермекші. Мұндайға жол берілмейтінін қордың ресми өкілі Әлібек Әбділов мәлімдеді. Бұл туралы қордың тұжырымдамасында да жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қордың қызмет бағытын қамқор­шы­лық кеңесі бекітті. Басқа салалар қор қызметін­де­гі басым бағытқа жат­пайды. Біз азаматтардың қар­жылық проблемалары болуы мүмкін екенін түсінеміз. Алайда бұл мәселелер­дің барлығын қор шеше алмайды. Сон­дықтан тұжырымдамада көрсетілген қызмет бағыттарын мұқият оқып шығуыңыз­­ды сұраймыз", – деді Әлібек Әбділов.

Оның сөзінше, "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорындағы қаражат еліміздің бірнеше банкінде сақталады. Олардың реквизиті қордың сайтына орналастырылған. Қаржының сақталуын қамтамасыз ету үшін кредиттік рейтингі жоғары ТОП-10 банк таңдалған. Тізімге "Отбасы банк" пен шетелдің 2 банкі қосылған. Алайда олардың реквизиті қызмет көрсетуінің бірқатар ерекшелігіне байланысты сайтта көрсетілмеген.

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, қордың стратегиясы айқын. Іс барысында қордың тұжырымдамасы мен жарғысы негізге алынады.

"Қоғамдық әлеуметтік қор жұмысының негізгі ережесі – ерікті жарна, ашықтық, толық есептілік және азаматтық қоғам тарапынан бақылау. Қордың ресми ресурсында кіріс есептегіші жарияланды. Дәл осындай шығыс есептегіші де болады. Көмек атаулы немесе дамыту бағдарламасы түрінде беріледі. Біз көрсетілген көмектің барлық бағытында жүйелі шараларға көшуіміз керек. Үнемі бір адамға көмектесетін болсақ, онда ақша құмға сіңген судай болады. Қазір денсаулық сақтау бағытындағы өтінімдер өзектілігімен ерекшеленіп тұр. Бізге шұғыл шара қабылдау қажет. Көмек сұрағандардың арасында сирек кездесетін ауруға шалдыққан балалар бар", – деді Әлібек Әбділов.

Оның айтуынша, қазір бір науқас баланы емдеуге жіберген дұрыс па, әлде мықты маманды алдырып, отандық дәрігерлерге тәжірибе алмастырған дұрыс па деген мәселе талқыланып жатыр.

"Бұл медицинаның белгілі бір бағытын дамытуға серпін береді. Қор қымбат дәрі-дәрмектерді сатып ала алады. Алайда болашақта Денсаулық сақтау министрлігі бұл шараны өз бюджетінің өтініміне енгізіп, жеткізілімді реттеуге тиіс. Қор республикалық бюджетті қайталамайды, бір реттік көмек бере алады. Бұл іс жүйелі түрде атқарылумен ерекшеленеді", – деді ресми өкіл.

Әлібек Әбділов жұмыс тәсілін түсіндіру барысында қор көмек сұраған өтініш иесімен, мысалы науқас баланың анасымен тікелей жұмыс істемейтінін, бұл міндеті қордың серіктестері – 123 үкіметтік емес ұйым, қоғамдық және қайырымдылық қорлары атқаратынын айтты.

"Екі сайт бар: біріншісі – qazaqstanhalqyna.kz/ru/ ақпараттық портал, екіншісі atamekenim.kz/ru. Соңғы көрсетілген сайт бірнеше жылдан бері қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай қабылдау бөлмесі ретінде жұмыс істейді. Аtamekenim.kz сайтының құрылтайшылары барлық алгоритмдерді, аккредиттелген қайырымдылық ұйымдарының тізімін қорға тегін тапсырды", – деді ол.

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, өтінімдер төмендегідей тәртіппен өңделеді: азамат "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорына тіркелуге тиіс. Осыдан соң ол өзінің мәртебесін нақтылау үшін автоматты түрде egov.kz порталына өтеді. Бұл іс атқарылғаннан кейін өтініш иесі қайтадан қордың сайтына оралады. Бұл жерден өзіне тиісті санатты таңдайды. Содан кейін өзіне немесе кім үшін көмек қажет екенін көрсетіп, өтініш жолдайды. Қайырымдылық ұйымдары өтінішті қарап, нақты біреуі бақылауға алады.

Қалғандары бұл өтінімді қарастыра алмайды. Сараптамалық комитеттер өтінімге қатысты қорытындыны қордың басқармасына жібереді. Осы рәсімдерден соң қаржы бөлінеді.

"Өтінімдер кезек бойынша емес, мәселені шешу үшін қабылданатын шаралардың орындылығы мен қажеттігі бойынша қаралады. "Қазақстан халқына" қоры көмек көрсетуден бас тартуы да мүмкін, алайда өтінішті серіктес қайырымдылық қорлары қанағаттандыруы ықтимал", – деді Әлібек Әбділов.

Ресми өкілдің айтуынша, бүгінге дейін қорға 19 мың өтініш келіп түсті. Өтінімдерді жылдам өңдеу үшін ұқсас мәселелер іріктеліп, топтастырылды.

Әлібек Әбділов қор артық шығынсыз, барынша тиімді жұмыс істеуді мақсат тұтатынын айтты.

"Өңірлік өкілдіктер болмайды", – деді ол.

Ресми өкіл қорға түскен қаражат нақты көмекке ғана жұмсалатынын жариялады.

"Қордағы қаражаттың бір тиыны әкімшілік шығысқа жұмсалмайды. Әкімшілік шығыс депозиттен түсетін ақшаның бір бөлігінен қаржыландырылады. Қордың қаражаты банктердің депозитіне орналастырылады. Депозиттің пайыздық мөлшерлемесінен алынған сыйақы ішінара төтенше жағдай кезінде халыққа көмек көрсету резервіне түседі, ал екінші бөлігі ұйымдастырушылық қажеттілікке жұмсалады", – деді Әлібек Әбділов.

Оның айтуынша, қоғам қор жұмысының ашықтығына, оның ішінде жылдық аудит пен басқа да есептілік дерегіне қызығушылық танытып отыр.

"Кіріс пен шығысқа қатысты есеп ыңғайлы форматта беріліп, жарияланып отырады. Қор тұжырымдамасына сәйкес, қаражатты инфляциядан қорғау үшін бағалы қағаздарға инвестициялай алады", – деді ресми өкіл.

Әлібек Әбділов ­"Қазақстан халқына" қорының бірың­ғай платоформасы арқылы алаяқ­тық жасау фактілері тіркелгенін жариялады.

"Алаяқтардың қазақстан­дық­тардың атынан несие рәсімдеуге әрекеттенгені анықталды. Бізге бір күнде 186 шағым түсті. Мәселен, Шымкент тұрғыны атаmekenim.kz сайтында көмекке өтініш беріп, барлық мәліметтерді толтырған­нан кейін экранда несиеге өтініштің сәтті өңделгені туралы ақпарат шыққан. Со­дан кейін оған одан әрі ақшалай не­сие рәсімдеу туралы ұсыныспен бейне қоңырау жасалған.  Дәл осындай оқиға Өске­мен қаласында тіркелген. Қала тұр­ғынына электронды үкіметтің жалған порталы атынан SMS хабарлама жібері­ліп, одан 1 166 000 теңге ақшалай көмек алу үшін жолданған SMS кодты жіберу туралы талап қойылған. Бұған дейін "Қазақстан халқына" қоры атынан телефон шалған алаяқ­­тар көпшілікке 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы тағайындайтындарын айтып, алда­ған. Қор мессенджерлер арқылы бейне немесе аудио қоңырау шалмайды. Негізгі байланыс құралы – qazaqstanhalqyna.kz сайты және atamekenim.kz қайырымдылық ұйымдарының бірың­ғай платформасы. Біз азаматтарға  қауесетке сенбеу, алаяқтарға алданбау қажеттігін ескертеміз және тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз", – деді ресми өкіл.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу