Әлиханға ескерткіш жоқ деудің өзі ұят – депутат

3919

Әлихан Бөкейханның 150-жылдығына арналған конференцияда ұлт көсемі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі тұңғыш монографияның тұсауы кесілді.

Әлиханға ескерткіш жоқ деудің өзі ұят – депутат

Биыл қазақтың даңқты мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, публицист, аудармашы, "Алаш" қозғалысының, партиясының саяси жетекшісі, Алаш-қазақ автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толған мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту жөнінде 2015 жылдың 18 қарашасында Парижде осы ұйымның Бас конференциясының 38-сессиясы арнайы Қарар қабылдағаны белгілі. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген Алаш арысының мерейтойына орай 10 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде "Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы" атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға қатысушылар Әлихан Бөкейханның тәуелсіздікке бастау болған идеяларын, Алаш қозғалысын, Әлиханның шығармашылығын, аударма ісіне қосқан үлесін тақырып етіп алып, жан-жақты баяндамалар жасады. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов Әлихан тойына қатысты кейбір "әттеген-айларға" да тоқталып өтті.

"Біз Әлихан тойының атаусыз қалғанын тере бермейік деп қолдан келген, көңілге медеу боларлық ілкімді істерді атап өттік, – деп ойын жалғастырды Берік Дүйсенбинов. – Ал енді жүрек түкпіріндегі назымызды шығаратын болсақ, көп істерімізде іркілістер бар. Отанымыздың жүрегі, Қазақстанның ең үлкен мегополисі Алматы қаласындағы үлкен көшелердің бірін Алаш көсемінің атымен атау әлі іске асқан жоқ. Екі ірі қаламыздағы Ұлттық мәртебесі бар жоғарғы оқу орындарына Әлекеңнің есімін бере алмадық. Қазақ елі үшін қанын да, жанын да аямаған өзінің басын қатерге тіккен Ұлы тұлғаға арнап не Астанада, не Алматыда бір ескерткіш қоя алмадық".

"Қазақстанның кейбір қаласында әлі күнге дейін қолын бұлғап күн көсем – Лениннің ескерткіші қасқайып тұр, – деп өкінішін жасырмаған Мәжіліс депутаты: – Ал шын мәнінде қазақтың атын әлемге танытқан Әлиханға арналған ескерткіш жоқ деген сөзді айтудың өзі ұят", – деп сөзін аяқтады.

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Дихан Қамзабекұлы: "Әлиханның әрбір сөзі, әрбір ойы ұлтқа, қазақтың тәуелсіздігіне арналған. Бұл бекер емес. Себебі, Алаш арыстарының барлығы намыстың қайнауынан шыққан, елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған әрбір сөзінде ұлттық жауапкершілік болды. Сонымен қатар жоғарыда аталғандардың барлығы олардың көкейінде тұрды. Нәтижесінде қағазға да солай түсті. Сондықтан біз Әлиханның еңбегін оқығанда таң қаламыз. Елге деген, ұлтқа деген осыншама адалдық болады екен ғой деген ой келеді", – деп Әлихан Бөкейханның ұлтжандылығын тілге тиек етті.

Ал Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ "Алаш" мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы қазір Әлихан Бөкейханның тойына мемлекеттік деңгейдегі ешбір органның, оның ішінде не Мәдениет және спорт, не Білім және ғылым министрліктерінің, не ЮНЕСКО және ИНЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссияның жауаптанып отырмағанын, тек кейбір мекеме мен жекелеген азамат өз ықтиярымен түрлі іс-шараны ұйымдастырып отырғанын айтып, оларға алғысын білдірді.

"Осы орайда бүгінгі шараны ұйымдастырған Астана қаласының әкімдігіне және қалалық тілдер басқармасына алғыс білдіргім келеді. Бұдан бөлек Астанадағы Еңбекшілдер көшесі даңғылға айналып ұзарып, оған Ә.Бөкейханның есімі беріліп, оған да көңіл қуанып жатыр. Тағы бір қуаныштысы, сол жағалаудағы № 76 мектеп-лицейіне Әлекеңнің есімі беріліп жатыр", – әлихантанушы ғалым.

Конференция барысында, сонымен қатар, Сұлтан Хан Аққұлының авторлығымен шыққан Әлиханның өмірі мен сан қырлы қызметі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі 2 томнан тұратын ең алғашқы 2 кітап – қазақша "Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы", "Әлихан Бөкейхан. Аманат", орысша "Алихан Букейхан. Творец истории" және "Алихан Букейхан. Завещание" атты қос монографияның тұсауы кесілді.

Автордың мәлімдеуінше, екі монографияны да басып шығаруға бюджеттен еш қаржы бөлінбей, демеушілердің көмегі арқасында 400 данамен ғана жарық көріпті.

Қазір ұлт көсемі Әлихан туралы бұл тұңғыш монография ағылшын, түрік және украин тілдеріне аударылу үстінде. Алаш автономиясының 100-жылдығы тойланатын 2017 жылы бұл кітап бірден 5 тілде жарық көреді, – деді Сұлтан хан Аққұлы.

Айта кетейік, конференцияның мақсаты – даңқты қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық "Алаш" қозғалысының негізін қалаушы әрі оның саяси жетекшісі, Алаш автономиясының үкіметі – Алаш Орда Халық кеңесінің төрағасы, публицист, ғұлама ғалым әрі шебер аудармашы – Әлихан Бөкейханның өмірі мен қоғамдағы рөлін, қызметін жан-жақты терең зерттеу, тану, таныту, келешек жас ұрпаққа насихаттау. "Алаш" ұлт-азаттық қозғалысы мен еліміздің тәуелсіздік алуына өлшеусіз үлес қосқан, туған елін тәуелсіздік мұратына жұмылдыра білген қозғалыс көшбасшыларының мұрасын тарату мен қалың көпшілікке дәріптеу.

Қуат Әуесбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу