Алқабилер институты: органдар қарсы, қоғам қалыс

994

Алқабилер соты – халыққа билік өкілеттігін берудің, соның ішінде  әділ төрелік етудің алғышарты. 

Алқабилер институты: органдар қарсы, қоғам қалыс Фото: aikyn.kz

Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Өйткені, оның әуелгі тарихта пайда болудағы бір себебі осы. Бірақ елімізде 2007 жылы енгізілсе де, 17 жыл бойы бұл институт өте баяу дамып келді. Әрине, оның бірнеше объекитві себептері де бар болар. Бірақ, алқабилер сотын енгізуге қарсы "тараптардың" болғанын жоққа шығаруға болмайды.

Қылмыс түрі 31-ден 44-ке артты

Елімізде алқабилер соты жандана бастады. Бұған дейін хабарланғандай, 1 қаңтардан бастап олар қарайтын қылмыс түрлерінің саны артты. Мәселен бұған дейін жазасына 20 жылдан жоғары бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы қамауға алу үкімі шығарылатын аса ауыр қылмыстар қаралып келген болса, биыл ауыр және орташа ауыр қылмыс баптары қосылды. Әрине, мұның барлығы Президенттің тапсырмасымен жүзеге асуда екенін сөз басында-ақ атай өткен абзал. Өйткені, жылдар бойы ілби басқан бұл саланың тізгінін босату үшін саяси ерік-жігер қажет еді.

"Бұл жаңашылдықтар - мемлекеттің алқабилер құзіретін арттыра түсуге бағытталған батыл бастамалары. Биыл қосылған 13 қылмыс түрінің ішінде: азаптау, рейдерлік, абайсызда адам өліміне алып келген жол қозғалысы ережесін бұзу, адам органдары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда заңсыз аң аулау және тағы да басқалары бар. Ал бұған дейінгілері адам өлтіру, аса ірі көлемде есірткі құралдарын немесе психотропты заттарды өткізу сынды өзгедей де санаттар болатын. Бұл қатарға төтенше жағдайлар кезіндегі адам өлтіру, соғыс кезінде жасалған әскери қылмыстар және тағы басқалар жатпайды. Өйткені, төтенше жағдайлар немесе соғыс кезінде алқабилер құрамын жинау қиын екені түсінікті ғой.

Жалпы жылдан жылға алқабилер институты оң дамып келе жатқанын сот статистикасынан көруге болады. Мәселен, 2020 жылы алқабилер соты 42 қылмыстық іске төрелік еткен болса, былтыр бұл сан 136-ға дейін көбейді. Енді биыл бұл цифр 950-ге дейін жетуі мүмкін деп болжап отырмыз. Ондай жағдайда бұл қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қаралған аса ауыр қылмыстық істердің 69%-ын құрайтын болады. Ал қазір бұл көрсеткіш - 3,6%.

Тағы бір айта кететіні, алқабилер қараған істерде кәсіпқой судьяларға қарағанда ақтау үкімдері жиі шығады. Мәселен, олардың үлесі істердің жалпы санының 10%-ына дейін жететін болса, жалпы соттарда тек 1,5-2%-ды құрайды. Десе де бұл цифрларды тікелей салыстыруға болмайды. Өйткені, былайғы соттарда тараптар татуласқан немесе айыпталушы прокурормен "кінәсін мойындау туралы мәмлеге" барған, яки тағылып отырған айыппен келіскен сәттер көп кездеседі", - дейді Жоғарғы соттың судьясы Назгүл Рахметуллина республикалық "Казахстанская правда" басылымында.

Осы тұста соңғы жылдары елімізде алқабилер қараған істер тым аз екенін атай кеткен жөн. Мәселен, Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика комитетінің мәліметтері бойынша 2007-2009 жылдары жылына шамамен 50 шақты, ал 2010 жылы – 270 (29 094), 2011 – 339 (21 304), 2012 – 289 (17 847), 2013 – 198 (21 379) іс қаралған. Бұл көрсеткіш 2014 жылы – 65 (20 006), 2015 – 42 (26 839), 2016 – 47 (26 469), 2017 – 72 (29 378), 2018 – 44 (27 817) іс болыпты. Бұл тұста жақша ішінде сол жылы қаралған қылмыстық істердің жалпы санын келтіріп отырмыз. Ендеше, оның жауабын 2000-2009 және 2013-2017 жылдары Жоғарғы Сот төрағасы болған Қайрат Мәмиден сұрау керек сияқты. Ал сұрақтың төркіні "аталған институттың дамуына қарсылық" туралы болуға тиіс.

Істер саны артқаны, айсбергтің ұшы ғана

Алқабилер сотын дамыту туралы айтылып жүргеніне көп жылдың жүзі болды. Соның ішінде басты проблемалардың бірі – істер санына қатысты еді, ол жылдан жылға шешімін тауып келеді. Бірақ бұл айсбергтің ұшы ғана. Одан да өзге мәселелер жетіп артылады. Мәселен, алқабилерді жасақтауда ұйымдастырушылық-психологилық проблемалар бар. Кандидат боп іріктелген азаматтардың басым көпшілігі би болудан бас тартып жатады. Бұл қоғамның сот жүйесіне деген сінімсіздігін білдірсе керек. Сондай-ақ елімізде бұл институттың "аралас модельі" жүзеге асырылады. Жиі сынға ұшырайтын бұл үлгіде кеңесу бөлмесіне алқабилермен қатар судья да кіреді. Сарапшылар, осылайша алқабилердің қорытынды шешім қабылдауына судья қатты ықпал етеді деп санайды. Одан соң алқабилер шығарған ақтау үкімдерінің басым бөлігі жоғарғы инстанцияларда күшін жойып жатады. Бұл алқабилердің қоғам алдындағы беделіне нұқсан келтіреді. 

"Бір сөзбен айтқанда бұл институт толық қуатында жұмыс істеп кете алмай тұр. Неге? Өйткені, бұл - құқықтық қана емес, саяси сипатқа ие мәселе. Алқабилер сотында қарапайым халық өкілдері әділ сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік алады. Басқаша айтқанда мемлекет билікті халықпен бөліседі. Осы ретте қылмыстық қудалау құқы лауазымды тұлғалардан қатардағы азаматтардың қолына өту процесі тез және оңай болмайтынын түсіну қажет. Соның ішінде мен алқабилердің ақтау үкімдері жиі күшін жоятын себебі еліміздің сот практикасында айыптаушы көзқарастың кең таларуында екеніне назар аудартқым келеді. Мәселен, жария айыптау кезінде, яки прокурорлардың қатысуымен өтетін қылмыстық істерде ақталған азаматтардың үлесі ең көп дегенде 0,6%-ды құраса, алқабилерде 12,9%-ды болған. Бірақ ол үкімдердің көпшілігінің аппеляциялық және кассациялық сатыларда күші жойылып отырған. Өз кезегінде бұл тренд сот жүйесінің алқабилер институтының тиімді жұмыс істеуіне "қарсылығы" туралы белгі береді", - дейді сарапшы Слямжар Ахметжаров.

Мұндағы қиындық тудыратын мәселенің ендігі бірі – алқабилер тобын құру. ҚР "Алқабилер туралы" Заңы бойынша оның құрамы судьяны қоспағанда 10 адамнан тұруға тиіс. Тiзiмдi жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған, алпыс бес жастан асып кеткен, өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар, сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған және тағы да басқа адамдар енгізілмейді. Сондай-ақ, кандидаттардың шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi. Әйтсе де, бұл жердегі қиындықтар олардың сана-сезіміне байланысты боп отыр.

"Мұндағы барлық жұмыстар "Электронды үкімет" порталында "Төрелік" ақпараттық-талдау жүйесі арқылы өкілетті органға сауал жіберу жолымен жүзеге асады. Кандидаттар кездейсоқ таңдап алу тәсілімен компьютерлік бағдарламада автоматты түрде іріктеледі. Әйтсе де, тізім бойынша 200 адам болса, соның 10-15%-ын ғана нақты шақыру мүмкін боп тұр. Неге? Өйткені, азаматтар соттың рөлін атқаруға ықылассыз, ададмдардың тағдырын шешудегі жауапкершіліктен қашады. Көпшілігінің алқаби деген ұғымнан хабары жоқ. Бірінші рет естіп тұрғандарын жасырмайды, сол себептен жүрексінеді. "Біз заңгер емеспіз" деген уәж айтады. Бірақ бұлайша қорықпау керек. Егер азаматтар бір рет болса да алқаби болып қараса, біздегі процесстерді ішінен көріп, сот жүйесіне деген көзқарасын өзгертер еді. Мемлекеттің қоғамға қандай сенім артып отырғанын түсінер еді. Сіздерге мұнда істің заңнамаға қатысты барлық детальдары түсіндіріледі, қандай да бір сұрақтарыңызға жауап беріледі. Сол себеп, егер сізге "кандидат ретінде шақыру" қағазы келген болса, өзіңіздің азаматтық парызыңызды өтеуге саналы түрде шешім қабылдап, алқаби болуға шақырамын", - дейді Қарағанды облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Галина Жилина.

Бұл тұста, шындығын айтқанда, қоғамда қалыптасқан сотқа деген теріс қөзқарас пен төмен сенімнің де әсері бары аңғарылатын сияқты. Мамандар мұны азаматтар тарапынан әділетсіз сот жүйесіне деген "ішкі қарсылық" және онымен ортақ жүйеде болмауға деген тілегі деп түсіндіреді. Онысын осылайша "қалыс қалу" арқылы ынтасыздығымен көрсетеді екен. Таяқтың екінші ұшы ақпараттық-насихат жұмыстарын жандандыруда жатыр, сондай-ақ, ұйымдастырудағы күрделі процестерді оңтайландыру қажет.

Инфантильді институт пайда болды

Алқабилер тобы құрылғаннан кейін де мұндағы проблемалар көбеймесе азая қоймайды. Оның бір себебі: Қазақстанның континентальды моделге негізделген құқықтық тарихында жатыр. Соған сәйкес, бұл институт француздық "аралас үлгіде" жүзеге асырылады, яки шешім қабылдар кезде кеңесу бөлмесіне алқабилермен қатар судья да кіреді. Бірақ мұндай тәжірибеге тараптардың пікірі әрқилы.

"Біздің елімізде "алқабилер соты" деген жоқ, "алқабилердің қатысуымен өтетін сот" деген бар. Нені меңзеп отырғанымды түсінген боларсыз? Біріншісінде, сотталушының кінәлі екенін немесе емесін тек қана ешқандай заң білімі жоқ, сот, тергеу деген нәрседен алыс, өз шешімін ар-ожданы мен ішкі тұжырымдарын басшылыққа ала отырып, тікелей соттағы зерделенген айғақтардың негізінде қабылдайтын қарапайым адамдар анықтайды. Ал екіншісінде мұны кәсіби судьялар олармен біріге отырып шешеді. Бұл дұрыс емес! Соның кесірінен бізде алқабилер институты инфантильды, яки судьяның ықпалынан аса алмай, іс нәтижесіне салғырт қарайтын адамдар тобының сотына айналып отыр. Іске қосылған бастапқы бес жылда кеңесу бөлмесіне 10 алқабимен бірге бір емес, екі бірдей судья кіретін. Ондайда қайдан әділеттілік болсын? Жалпы біздегі сот жүйесіне алқабилер институты арқылы сот төрелігін жүргізу "өте ыңғайсыз". Олар мұны тек Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдердің қысымымен істеп отыр", - дейді адвокат Нұрлан Жолболов.

Сарапшылар алқабилердің қорытынды шешім қабылдауына судья қатты ықпал етеді деп санайды. Сол себеп, түсіндіруі керек заңнамалық тұстар мен кәсіби ұғымдарды былайғы уақытта түсіндірсін де, шешім қабылдау кезінде олармен мүлдем араласпасын дейді. Ал үкім шығаруға арнайы уақыт пен оңаша жер беру керек. Судья ғана емес, алқабилер де бір-бірімен сөйлеспей, жабық дауыс бергені жөн. Десе де, мұндай тәжірибе англо-саксондық модельді ұстанатын әлем елдерінде бар екен. Мәселен, осы классикалық үлгіні қолданатын Англия, АҚШ, Канада, Австрия сынды мемлекеттерде адвокат айтып отырған бірінші нұсқа кездеседі. Онда айыптаушы тарап уәждерін "дәлелдеуге міндетті" болса, сот тек тараптар арасындағы арбитрдің рөлін атқарады.

"Бізде әрбір алқаби де, судья да бір-бір дауысқа ие. Шешім көп дауыс санымен қабылданады. Судья тек қандай шешім қабылданғанын хабарлайды. Болды! Сондықтан судьяның мұнда ешқандай да артықшылығы жоқ деп санаймын және оның алқабилердің шешім қабылдауына ықпал етуге құқы жоқ. Керісінше бізде алқабилерде бір басымдық бар – олар  шешімдеріне қандай да бір түсініктеме беруге міндетті емес. Ал кәсіби судья айыптаушы мен қорғаушы тараптың алдында шешімін "дәлелдеуге міндетті". Заңда сондай ұғым бар. Ал англо-саксондық сот өндірісіне келер болсақ, оны жан-жақты талдап, талқылау қажет. Өйткені, алқабилердің осы екі түрінің жақтастары да, қарсыластары да өте көп", - дейді Жоғарғы соттың судьясы Назгүл Рахметуллина республикалық мемлекеттік басылымда.

Оның ойынша, жалпы еліміздегі алқабилер соты тараптардың тартысуға қабілеті, дербестігі, объективтілігі, кінәсіз екендігінің презумпциясы деген принциптерге сәйкес келеді. Мұның барлығы алқабилердің алғаусыз тура екендігіне, кінә тағу сипатынан ада боп келетініне кепілдік береді.

Бір кілтипан прокурорларда

Еуропа Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Адам құқықтары және демократиялық институт жөніндегі бюросы еліміздегі алқабилер сотын зерделеп, бірқатар кемшіліктерді анықтаған екен. Мәселен, олар прокуратураның кейбір қызметкерлері істің алқабилердің қатысуымен қаралуын жақтыра қоймайтынын байқаған. Себебі іс құжаттарын неғұрлым мұқият зерделеп, тараптардың бәсекелестігі жағдайында тағылған айыптың дұрыстығын дәлелдеу үшін алқабилер алдында сөз сөйлеп үйрену керек. Жасыратыны жоқ, прокурорлар сот жарыссөзінде айыптау қорытындысын оқып беріп жеңіл құтылуға дағдыланған. Оған қоса, сот тергеуі барысында дауыс ырғағының төмендігі, сенімсіздігі, сот өндірісінің тілін нашар меңгеру жағдайлары жиі кездеседі. Алқабилер прокурордың жәй, түсініксіз сөйлеуіне байланысты сұрақты естімегендері туралы көп шағымданады екен, ал төрағалық етуші судья прокурорға дауысын шығарып сөйлеу туралы жиі ескертуге мәжбүр. Бұл тұрғыда шешендік өнеріне қатысты заң терминдерімен қиындатпай, түсінікті, қысқа сөйлеу талабы да ескерілмей жатады. Халықаралық беделді ұйымның тұжырымдарынан "қарсылық" танытудағы бір кілтипан прокурорларда да жатыр-ау деген ой туады.

"Тағы бір мәселе, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының сапасыздығында. Тек алқаби емес, жалпы сот төрелігі практикасында жиі кездесетін тергеудің кемшілігі мен қателіктері біраз қиындықтарға душар етеді. Мәселен, сотталушы алдын-ала тергеудегі жауаптарынан бас тартып, оны қысымшылық жолмен алынғаны туралы шағымданады. Судья алқабилерге "мұны назарға алмауын, себебі уәж тексерілуге жататынын" айтып ескерткенімен, тергеу органдарының негативті жұмыс жасау әдістері алқабилердің сана-сезімінде орнығып қалады. Сондықтан олар алдын-ала тергеу кезінде алынған жауаптарға сенбейді. Осыған байланысты, тергеу қызметкерлерінде айыпталушының кінәсін мойындаған жауаптарынан басқа да қосымша дәлелдемелері де болуға тиіс. Мысалы, алқабилер жаны ашып, сезімге беріліп, жеткілікті дәлелдерге қарамастан, сотталушыны ақтап жіберген кездері де аз емес. Өйткені, олар жоғары сатыларда бұзылған үкім үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Ал үкімді алқабилер алқасы шығарғанына қарамастан судья жауапкершіліктен босатылмайды. Бұл бір жағы судьяның алқабилермен бірге кеңесу бөлмесінде шешім қабылдауға қатысуынан болар", - дейді Ақтөбе облыстық сотының Қылмыстық алқа судьясы Гүлжан Әжіғалиева.

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) жыл сайынғы есебіне сүйенсек, халықтың сот төрелігіне деген сенім деңгейі мемлекеттің қоғам алдындағы есеп беруімен тікелей байланысты екен. Сот жүйесіне деген сенім коэффициенті жоғары елдерде мемлекеттік институттардың жауапкершілігі де жоғары боп келеді. Мұндағы басты факторы – сот төрелігін бейтарап әрі әділ атқару. Бұл тұрғыда алқабилер соты қарапайым азаматтарға бірегей мүмкіндік туғызып отыр деуге толық негіз бар.

"Алқабиде алғау жоқ..."

Әрине, алқабилер сотының елімізде жетістігі де барын жоққа шығарудан аулақпыз. Бұл институттың пайда болғанының өзі Орталық Азиядағы ілгері ел екеніміздің дәлелі. Өйткені, көрші Қырғыз елінде ол келесі жылы енгізілуі мүмкін болса, Өзбекстанда әлі қарастырылуда екен. Түрікменстан мен Тәжікстандағы саяси-құқықтық жағдай бұл елдерден алыс емес. Ал Қазқстанның азды-көпті 17 жылдық тәжірибесі бар. Осы уақыт ішінде алқабилер сотының өндірісі шеңберінде тараптардың "бәсекелестік және тең құқықтылық" қағидасы бірқатар дәрежеде жүзеге асырылды. Алдымызда тұрған ендігі мәселе - саланы жетілдіре түсу.

"Халықтың сотқа деген сенімін арттыру үшін кешенді шаралар қажет. Бұл жерде алқабилер институты сот тәжірибесіндегі айыптау көзқарасын төмендету және сот процесін ізгілендіру бойынша елеулі әлеуетке ие. Сол себеп, "француздық аралас моделден" сотталушының кінәсін алқабилер, ал жазалау шарасын судья айқындайтын классикалық нұсқаға көшу қажет. Сондай-ақ, алқабилер шығарған ақтау үкімдерінің күшін жою тәртібін реттейтін заңнамалық нормалар мен актілерді қайта қарау керек. Бұл олардың қоғам алдындағы маңыздылығын арттыра түсетін болады", - дейді сарапшы Слямжар Ахметжаров

Сонымен тоқ етерін айтқанда, алқабилер институтын дамытуға "қарсы тараптар" жоқ емес. Бірақ ол ескі Қазақстанның еншісіндегі дүние сияқты. Мұндағы назар аударатын бір тұс - алқабилер сотының сотталушының өзі тілек білдірген жағдайда ғана жүзеге асатыны. Бәлкім осы тұсты өзгертіп, міндеттеген жөн шығар. Сондай-ақ, еліміздің сот төрелігі жүйесінде алқабилер қарайтын істердің көп болуын қадағалауды прокуратураға жүктеу керек. Сонда оларда мүдделілік пайда болмақ. Осының бәрі шешімін табар болса, халықтың сенімі де жоғарылай түсері сөзсіз. Болмаса, сарапшылар айтқандай "органдар қарсы, қоғам қалыс қап" отырғанына көз жетті. Сонда да болса, дана халқымыз "Тура биде туған жоқ, Туғанды биде иман жоқ" дегендей, ұжымдық сот институтының болашағына қарап "Алқабиде алғау жоқ" деуге болғандай екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу