Алқабилер соты 10 жыл ішінде 77 адамды ақтап шықты

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
4464

Судьялар ақылдасу бөлмесінде алқабилер сотына әлі де заңсыз қысым көрсетіп келеді.

Алқабилер соты 10 жыл ішінде 77 адамды ақтап шықты

Қазақстан 2006 жылдың қаңтарында алғаш рет "Алқабилер туралы" заң қабылдады. Заң 2006 жылы қабылданғанмен, ол бір жылдан кейін іске кірісті: 2007 жылы тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесінде алғаш рет алқабилердің қатысуымен сот процесі өткен болатын.

Сәл кейінге шегініп, судьядан басқа, алқабилер де төрелік еткен сол сот процесін еске түсірсек. 2007 жылдың 12 ақпаны. Петропавл қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында 1996 жылы үш адамды өлтірді деп айыпталған ер адамның ісі қаралды. Сол сот отырысына судьядан басқа, 11 алқаби сайланған еді. Оның ішінде тоғыз адам тұрақты алқаби, ал екеуі компьютер таңдаған тұлғалар болды. Бір қызығы, сол сот отырысында компьютер тағы екі алқа бидің бірі ретінде – Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде от жағатын Сатыбалды Нұрышевті таңдаған болатын.

Астанада алқабилер сотын жетілдіруге арналған халықаралық конференцияға қатысушылар Қазақстандағы алқабилер сотының тарихын осылай еске алды.

Abctv тілшісімен әңгімелескен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 10-департаменті бастығының орынбасары Арман Аяғанованың айтуынша, алқабилер 10 жылда 77 тұлғаны судья үкімінен арашалап қалған.

"Қазақстан Республикасы 2006 жылы алғаш рет "Алқабилер" туралы заң қабылдады. Ал, 2007 жылдан бастап сот процестеріне алқабилер қатыса бастады. 2007 жылдан бері алқа билер 1285 қылмыстық істің қаралуына қатысып, 77 тұлғаны ақтап алды. Бұл – 10 жыл ішінде қаралған қылмыстық істердің 8,5 пайызында алқа билер ақтау үкімін шығарды деген сөз. Менің ойымша, қылмыстық үкім шығаратын органдардың ұстанымдары үнемі дұрыс бола бермейді", – дейді Арман Аяғанова.

Халықаралық конференцияға қатысқан құқық докторы, Уилфрод Лурье атындағы университеті криминология кафедрасының профессоры Николай Ковалев Қазақстандағы алқабилердің қатысуымен өтетін сот өндірістерінің негізгі үш кем тұсы бар дейді. Оның айтуынша, 2010 жылы ЕҚЫҰ Қазақстан судьяларының арасында "Алқабилердің қатысуымен өтетін істердің қазіргі тәртібі алқабилердің тәуелсіз шешімін қамтамасыз ете ала ма?" деген сұрақпен сауалнама жүргізген болатын. Сонда, сауалнамаға қатысқан судьялардың 38-і (42,7%) "ия" десе, 26 судья (29,2%) "жоқ" деп жауап берген. 25 судья (28,1%) бейтарап қалған. Сондай-ақ, осы сауалнама судьялардың көбі аралас сотты емес, алқабилер сотын таңдаған екен.

"Мен бүгінгі таңда алқабилердің қатысуымен өтетін сот істерінің негізгі үш кемшілігін атағым келеді. Біріншісі – ақылдасу бөлмесінде алқабилер сотына әлі де заңсыз қысым көрсетіліп келеді. Судья тарапынан байқалған қысым сол судьяның өзінің ғана емес, бүкіл сот билігінің беделіне нұқсан келтіреді. Екінші кемшілік бірінші кемшілікпен байланысты – алқабилер ақтау үкімін шығарып қояды деп, заңсыз түрде сот процесі барысында алқабилерді тарату практикасы белең алып жүр. Үшінші кемшілік – судьялар алқабилердің қатысуымен өткен істе өзі ақтау үкімін шығарса, оны даулай алмау тәжірибесі", – дейді Николай Ковалев.

Ал Жоғарғы соттың мәліметіне сүйенсек, 2010-2014 жылдар аралығында қылмыстық істерді қарайтын арнайы соттар алқабилердің қатысуымен 1,5 мың адамға қатысты 1133 қылмыстық іс қаралған екен. Жалпы, 2013 жылға дейін Қазақстанда алқабилердің қатысуымен өтетін сот отырыстарының саны жыл санап көбейе берген. Тек, осы 2013 жылы процестік заңға өзгерістер енгізіліп, алқабилер сотына сотты болатын қылмыстық істер қысқартылғаннан кейін, алқабилер қатысатын сот істерінің саны бірден 35,4%-ға кеміген.

2013 жылғы өзгерістерге сай, аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып, ҚР Қылмыстық кодексінің 165, 166, 166-1, 167, 168 (бірінші бөлігі), 169, 233 (үшінші және төртінші бөлігі) – баптарында көзделген қылмыстарды қоспағанда, алқабилердің қатысуымен қарастырылуы мүмкін барлық аса ауыр қылмыс бойынша істер осы соттың қарауына берілді.

Осылайша, 2014 жылы алқабилер 121 адамға қатысты 64 істі қарауға қатысып, 3 адамды ақтаған. 2015 жылы республика бойынша алқабилер соты 61 адамға қатысты бар-жоғы 42 қылмыстық істі қарап, 2 адамды ақтаған. Ал 2016 жылдың 6 айында алқабилер соты 42 тұлғаға қатысты 25 іс қаралды. Олардың ішінде ақтау үкімі шығарылған істер саны – 4.

Жалпы, халықаралық конференцияға қатысқан сарапшылар алқабилердің де қоғамға түсініксіз шешім қабылдайтын сәттері болады деп отыр. Яғни, алқабилердің ақтау үкімі үнемі заңды бола бермеуі мүмкін. Мысалы, 2016 жылдың наурызында Алматы қаласында алқабилер соты "Кәмелет жасына толмаған тұлғаға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық әрекеті" бабымен айыпталған ер адамды ақтап шыққан болатын. Өзінің туған ұлына қатысты зорлық көрсетті деп айыпталған 58 жастағы адамның ісін Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған болатын.

Сот судьясынан басқа, қылмыстық іске 11 адамнан құралған алқабилер соты да төрелік еткен еді. Баланың анасы 2015 жылдың қазанында 4 жастағы ұлына күйеуі сексуалды сипаттағы зорлық жасағанын айтып, арыз түсірген. Сот отырысын қараған алқабилер сараптамада кінәсі дәлелденген ер адамға ақтау үкімін шығарған соң, әлеумет дүр сілкінген болатын. Ұлдың анасы апелляцияға бергеннен кейін, Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясы алқабилердің шешімін жоққа шығарып, ер адамды қамауға алу туралы үкім кескен еді.

Ал Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Елена Дворецкая алқабилердің азаматтық істерге араласатын уақыты жетті дейді.

"Соңғы екі жыл ішінде Қазақстан Республикасында сот төрелігін қамту, азаматтардың заңды құқықтарын қорғау мен қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істерде әділдік орнату үшін біраз реформа жасалды. Алайда, бұл қағазда, судьялардың әртүрлі жиындардағы есептерінде әдемі естілгенімен, сот төрелігіне көңілі толмаған әлеуметтің айқайын да жасыру мүмкін болмай келеді. Қазір халықтың көңілін тыныштандыра алатын қадамның бірі – алқабилер соты болып отыр.

Өкінішке қарай, қазір елімізде алқабилер тек қылмыстық істерді қарай алады. Онда да алқабилер қылмыстық істердің өте тар категориясы бойынша ғана сот отырыстарына қатыса алады. Алайда, Қазақстанда алқабилер сотын азаматтық процестерге енгізсек, халықтың сот төрелігіне деген сенімі арта түспек", – дейді Елена Дворецкая.

Алқабилер әзірге айыпталушының қалауымен тек қылмыстық істерге қатысып келеді. Сөз соңында алқаби боламын деген азаматтарға төмендегі нұсқаулықты ұсынамыз.

Елімізде жиырма бес жасқа толмаған, өтелмеген мерзімі бар немесе сотталған, сот ісіне қабілетсіз немесе қабілеті шектеулі азаматтар алқаби бола алмайды. Сонымен қатар, судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi; наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар алқабилер тізіміне қосыла алмайды.

"Алқабилер туралы" заңға жүгінсек, алқаби боламын деген кандидаттарды шыққан тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты шектеуге болмайды. Алқаби – соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған ҚР азаматы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу