"Қаралы қаңтар" оқиғаларынан кейін "бейбіт" тақырыптарға елігіп, көңілін аулаған алматылықтар Алматы атауын "Алма-Атаға" ауыстыруға ұмтылып, жоғарыға петиция жазып жатса, ал Алматы облысы өңірді шын мәнінде "Алмалы өлкеге" айналдырудың қамына кірісіпті.
Алматы облысының жаңа әкімі Қанат Бозымбаевтың мәліметінше, облыста түрлі жеміс өсетін бау-бақшалардың жалпы ауданы қазіргі кезде 24 мың гектарды ғана құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан екі жыл бұрын, 2020 жылы бұл көрсеткіш 23,5 мың гектар болған, яғни жылдар өтсе де, ауқымы көп өспеген.
Бұл алма бақтарына да қатысты. 2020 жылы олардың жалпы көлемдегі үлесі 14,1 мың гектар болса, қазіргі кезде 14,4 мың гектарға шамалы ғана артыпты. Рас, екі жылдай бұрын соның ішіндегі интенсивті әдіс қолданылатын алма егістері 2 мың болса, бүгінде үлесі 3 мыңға дейін жеткен.
Негізі, Алматы секілді, Жетісу өңірі де "әлемдегі алманың Отаны" саналады, мұны ЮНЕСКО мойындаған. Бірақ Қазақстанның өзі алма бойынша импортқа тәуелді. 2021 жылдың бірінші жартысында Қазақстан шамамен 3 мың тонна алманы шетелге экспорттап, 1,6 млн доллар табыс тапты. Оның көбін – 1,4 млн долларға бағаланған 2,6 мың тоннасын Ресей, 121,6 мың долларға 165,5 тоннасын – Өзбекстан, 35,2 мың долларға 119,1 тоннасын – Түрікменстан сатып алды. Демек экспорт географиясы тым тар. Әлем, алыс шетел қазақ алмасын, "Алматы апортын" естігені болмаса, татпаған, жақсы білмейді.
Алма импорты болса, бұдан 21 есе көп. Былтырғы бірінші жартыжылдықтың өзінде 27,4 миллион долларға осы жемістің 63,8 мың тоннасын шетелден тасып жеппіз. Қазақ еліне алманың көбін Польша жеткізеді (17,9 млн долларға 39,3 мың тоннасын). Екінші орында Иран (одан 6,7 млн долларға 16,8 мың тоннасын сатып аламыз). Көршілеріміз Өзбекстан мен Қырғызстан тиісінше 2,9 және 1,2 мың тонна алма жіберді. Ресей, Тәжікстан және Түркиядан 300 тоннасын тасымалдадық.
Жалпы еліміз бойынша 35,7 мың гектар алма бағы бар. Оның үлкен бөлігі – 15,8 мың гектары Түркістан облысында орналасқан, яғни әзірге алманың мекені сол болып тұр. Екінші орындағы Алматы облысынан кейін Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары және Шымкент орын тепті.
Тұтастай алғанда, Қазақстан жыл сайын 260 мың тоннадай алма жинайды, оның көбін өзі тұтынады. Бұл ретте әр гектардан айналатын өнімділік жөнінен Алматы облысы Түркістан облысынан озды: Жетісу өңірі бір жылда 107,8 мың тоннасын жинады. Түркістан өңірінің жетістігі – 107,4 мың тонна.
Енді Алматы облысы егістік көлемі жөнінен де көшбасшы атану міндетін қойып отыр.
"Бізде Еңбекші қазақ ауданы үлгі-өнеге бола алады, онда 25 ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны интенсивті бау-бақша өсірумен айналысады. Интенсивті-қарқынды бау шаруашылығының ауданы артып келеді, соның арқасында шығымдылық артып, интенсивті бауларда 1 гектардан алынатын өнім көлемі орта есеппен 99,2 центнерге жетті. Жалпы алғанда, облыста бір жылда 107,8 мың тонна алма жиналды. Орташа шығымдылық – гектарынан 87,5 центнерден айналады", – деді аймақ басшысы.
Оның мәліметінше, облыстың алма өсіру ісіндегі беткеұстарлары қатарында "Alma Mater Fields" ЖШС-ін (баулары шамамен 500 гектарды алып жатыр), "Amal Bio" ЖШС-ін (150 га), "Алматы алмалары" ЖШС-ін (130 га), "Бақдала" ЖШС-ін (81 га), "Apple Word" ЖШС-ін (78 га), "Арнау Агро" ЖШС-ін (75 га) және "Freshland" ЖШС-ін (70 га) атауға болады. Бұл – Еңбекші қазақ ауданының кәсіпкерлері.
Бұдан бөлек, облыстың Панфилов ауданында "Жаркент Фрукт" ЖШС 1 004 гектардан, Талғар ауданында "Баймене" ЖШС 80 гектардан, Жамбыл ауданында "Атек Агро" ЖШС 54 гектардан алма жинайды.
"Жақын перспективада ескі бау-бақтарды өнімділігі анағұрлым жоғары интенсивті баулармен жаңғырту есебінен интенсивті баулар ауданын арттыру міндеті белгіленді. Осы мақсатта инвесторлар тартып жатырмыз. Соның бірі алматылық "SSA Fruits" компаниясы. Ол 1 мың гектарға дейінгі жерге интенсивті бау-бақша егуді жоспарлап отыр. Олар Еңбекші қазақ және Ұйғыр аудандарында орналасады. Жоба құны 81,5 миллион доллар тұрады. Қазіргі кезде инвестор 80 гектар жерде алма егуге кірісіп кетті", – деп мәлімет берді облыс әкімі.
Облыс алма бауларының ауданын 26 мың гектарға дейін арттыру міндетін қойды. Егер осы мақсатына жете алса, тек бір облысымыздан ғана 170 мың тоннадай өнім жиналуы мүмкін.
Алматы облысында сондай-ақ шабдалы-персик, өрік, шие, алхоры және басқалары өседі.
Қ. Бозымбаев облыста биыл ағаштың түр-түрі егілетінін еске салды. Атап айтқанда, Президент Қ. Тоқаевтың 5 жыл ішінде Қазақстан бойынша мемлекеттік орман қорына 2 миллиард және елді мекендер аумағына 15 миллион түп ағаш отырғызу тапсырмасын іске асыру аясында Алматы облысының ормандары молайтылады.
Бұл үшін 2025 жылға дейінгі өңірлік кешенді жоспар әзірленіпті. Өңірде осы жоспарға сәйкес 35,5 мың гектар алқапқа 77,5 миллион ағаштар отырғызылып, өсіріледі. Осы шаралардың арқасында 2025 жылға қарай облыста орманмен көмкерілген аумақ бүгінгі 8,6%-дан 9,1%-ға дейін ұлғаяды.
Осының арқасында жаңа жұмыс орындары да құрылуға тиіс. Бюджеттен тиісті қаражаттар бөлінеді, кәсіпкерлер, ауылдықтар табыс көзіне қол жеткізеді. Бұл жұмыстар "қайғылы қаңтар" оқиғаларының қайталанбауына өз үлесін қосуы мүмкін.
Жанат Ардақ