Қазақстан Беларусь пен Қырғызстанға шарт қойды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
19644

Бензин экспортында Ресеймен бәсекелесуіміз мүмкін. 

Қазақстан Беларусь пен Қырғызстанға шарт қойды

Биыл елімізде 89 млн тонна мұнай өндіріледі. Соңғы бес айда жер қойнауынан 36,5 млн тонна "қара алтын" шығарылды. Қазір мұнайшылар тәулігіне 400 мың баррель мұнай игеріп жатыр.

Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз кеніштерінде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары алдағы уақытта мұнай өндірісінің қарқынын күшейтеді. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев: "Қашағанда жөндеу жұмыстары мерзімінен 10 күн бұрын аяқталды. Теңіз және жерүсті құрылыстарында техникалық жұмыс жүргізілді. Қазіргі өндіріс көлемі рекордтық көрсеткіш – тәулігіне 400 мың баррельді құрап отыр. Теңіз кен орнын кеңейту жобасы аяқталғанда өндіріс көлемі тағы ұлғаяды.  2024 жылға қарай Теңіздегі мұнай өндіру көлемі қазіргі 27 млн тоннадан 39 млн тоннаға жетеді", – деді.

Биыл Қашаған кен орнынан тәулігіне 370 мың, 2024 жылы тәулігіне 450 мың баррель мұнай өндіру жоспарланған болатын. Ал ортамерзімді перспективада мұнай өндіру көлемі жыл сайын өсіп, 2025 жылға қарай жылына 104 млн тоннаға жетуге тиіс еді. Қазіргі көрсеткіш жоспар мерзімінен бұрын орындалуы мүмкін екенін көрсетіп отыр.

Біле жүріңіз, 2017 жылдың соңына дейін Қашаған кен орнының мұнай өндіру деңгейі тәулігіне 210 мың баррель болды. 2018 жылы тәулігіне 350 мың баррель мұнай өндірілді. 2024 жылға дейін өндіріс көлемін қазіргі 13 млн тоннадан 16 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.

Министрдің мәлімдеуінше, елімізде қаңтар-мамыр аралығында 36,5 млн тонна мұнай өндіріліп, жоспар 101% орындалған.

"Қашағаннан  – 4,24 млн,  Теңізден  – 12,48 млн, Қарашығанақтан  – 4,97 млн тонна мұнай алынды. Жыл соңында дейін мұнай өндіру көлемі  89 млн тоннаға жетеді", –  деді Қанат Бозымбаев.

Оның сөзінше, Теңіз кен орнын кеңейту жобасы жалғаса береді. Бұл бастамаға 37 млрд АҚШ доллары жұмсалады.

Естеріңізге салайық,  2018 жылы елімізде  90 млн, 2017 жылы 86,2 млн тонна мұнай өндірілді.

"Төртінші мұнай зауыты қажет емес"

Министр Қанат Бозымбаев осылай деді. Оның сөзінше, энергетика министрлігі "ҚазМұнайГаз" компаниясымен бірлесіп, Қазақстан мен шетел нарығын талдаған. Нәтижесінде жоғарыдағыдай қорытынды жасаған.

"Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауыты керек пе, жоқ па деген сұрақтың айналасындағы пікірталасқа нүкте қою үшін біз "ҚазМұнайГазбен" бірге талдау жұмысын жүргіздік. "ҚазМұнайГаз" нарықты, мүмкіндіктер мен трендтерді зерттеуге қауқарлы компанияларды жалдап, мәселенің мән-жайын анықтады. Тренд демекші, біз әлемде электромобильдерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын да ескеруге тырыстық. Осыған байланысты, мұнай өнімдерін тұтыну көлемінің балансын қайта зерделедік. Ақыры, дәл қазіргі уақытта төртінші мұнай өңдеу зауытын салудың қажеті жоқ деген қорытындыға келдік", – деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, еліміздегі 3 мұнай өңдеу зауыты толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ.

"Толық қуатымен жұмыс істемесе де 3 мұнай зауыты өндіріс көлемін артығымен орындап отыр. Осы тұрғыдан алғанда да бізге мұнай зауыты қажет емес", – деді энергетика министрі.

Айта кетейік, Қазақстанда төртінші мұнай зауытын салу туралы әңгіме 2014 жылы басталды. Сол кезде төртінші мұнай өңдеу зауытын Ақтау қаласында салу туралы бастама көтерілді. Ақтау қаласының шикізат қорына жақын орналасқаны, дайын өнімді Маңғыстау мен Түркіменстан арасындағы теміржол арқылы Парсы шығанағы елдеріне, Ақтау, Құрық теңіз порттары арқылы Кавказға, Ресейге, одан әрі Еуропаға, сондай-ақ темір жол арқылы көршілес жатқан Орта Азия елдеріне шығаруға болатыны бұлтартпас дәлел ретінде алға тартылды. Дәл осы уақытта төртінші мұнай өңдеу зауытын Жезқазған қаласында салу туралы ұсыныс жасалды. Идея авторлары Жезқазған өңірінің географиялық орналасуы, климаттық жағдайы жаңа зауыт үшін басымдық болып табылатыны тілге тиек етілді. Алайда мұның бәрі құр сөз болып қалды.

Қазақстандағы қазіргі 3 мұнай өңдеу зауыты кеңес одағы кезінде салынған.

Олар: 1945 жылы қолданысқа берілген, Атырау мұнай, 1978 жылы жұмысын бастаған Павлодар мұнай-химия және 1985 жылы қызметіне кіріскен Шымкент мұнай өңдеу зауыттары. Бір кездері осы үш зауыт Қазақ КСР мен қоса бірнеше бауырлас елді сұйық отынмен қамтамасыз етіп тұрды. Өйткені ол кезде жанар-жағармайға деген сұраныс қазіргідей болған жоқ.

Экспортқа 85 мың тонна бензин шығарылады

Келесі аптада отандық жанар-жағармай шекара асып, Еуропа мен Орталық Азия елдеріне жеткізіледі. Бұл туралы Қанат Бозымбаев: "Экспорт көлемі шамамен 60-70 мың тонна АИ-92, 10-15 мың тонна АИ-95 маркалы бензинін құрайды. Қазір Беларусь, Қырғызстан елдері біздің бензинге қызығушылық танытып отыр.

"Жосықсыз бәсекелестік алдын алу үшін біз оларға реэкспорт жасамау туралы шарт қойдық. Олардың келіспей жатқан тұстары бар. Біз серіктестеріміздің Қазақстанның мұнайы мен мұнай өнімдерін үшінші елдерге реэкспорт жасағанын қаламаймыз. Келіссөз сәтті өтеді деп үміттенеміз", – деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, жыл басынан бері елімізде АИ-92, АИ-95 маркалы бензиндерінің профициті байқалады. Бензин өндірісі ішкі сұраныстан 20-30% артық болып тұр.

"Осыған орай ел аумағында АИ-92 маркалы бензинінің бөлшек саудадағы бағасы өткен жылдың сәйке кезеңімен салыстырғанда 6,9%-ға арзандап, 147,6 теңгеден сатылып жатыр. АИ-95/96 маркалы бензині 3,8%-ға арзандап, 168,6 теңгеден саудалануда", – деп нақтылады Қанат Бозымбаев.

Бұдан біраз бұрын энергетика министрі Қазақстан болашақта Қырғызстан, Армения, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан елдеріне бензин экспорттайтынын мәлімдеген болатын

"Кейбір елдерге бензин экспорттауға қатысты мәселе Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттермен талқыланып жатыр", – деген еді сол кезде Қанат Бозымбаев.

Отандық бензиннің үшінші елдерге экспортталуы Қазақстан үшін тиімді. Бұл туралы экономист-сарапшы Сергей Смирнов: "Кедендік төлемдерден табыс түседі. Қазақстан бензин экспорттайын деп отырған елдерге дәл қазір бензинді Ресей жеткізіп отыр. Алдағы уақытта нарықтың осы сегментінде бәсеке басталады. Менімше, Мәскеу Астанаға бензиннің бағасын түсіруге жол бермейді. Біздің ел көрші елдерге бензин сатуды бастағанда өзіміздегі бензиннің бағасы өсуі мүмкін. Өйткені біздің нарық профициттен, яғни артық бензиннен арыла бастайды", – деді.

Оның айтуынша, 2025 жылы ЕЭО аясында бірыңғай энергетикалық нарық пайда болады. Сәйкесінше  мұнай, газ және мұнай өнімдерінің бағасы теңеседі. Сол кезде АИ-92 маркалы бензині 80-100 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Бұл – қазақстандықтар үшін қымбат баға.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу