Азияға экспорт күшейді

4650

Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда соғысы Қазақстанның "Сары құрлық" елдеріне  мұнай экспортын арттырып отыр. 

Азияға экспорт күшейді

Қазақстанның CPC Blend маркалы шикі мұнайын Азияға экспорттау деңгейі қыркүйекте рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін. Өйткені Қытайдың АҚШ-тан импорттайтын энергетикалық шикізатының көлемі тарифтің өсуіне байланысты азайып барады. Енді сол кемшіліктің орнын толтыру қажет болып отыр.

"Рейтер" агенттігінің мәліметінше, Бейжің Вашингтонмен арадағы сауда соғысына байланысты Құрама Штаттардың шикі мұнайына 5%-дық тариф жариялаған. Осының салдарынан Қытайда америкалық шикізат көлемі айтарлықтай кеміді.

Осы айда Азияға CPC Blend маркалы мұнайдың 2 млн тоннадан (тәулігіне 52000 баррель) астамы сатылмақ. Бұл былтырғы көрсеткіштен жүздеген мың тоннаға көп. 2018 жылы желтоқсан айында "Сары құрлыққа" 1,7 млн тонна (тәулігіне 430 000 тонна) мұнай экспортталған екен.  Refitiniv Eikon компаниясының дерегінше, осының өзі өткен жыл үшін рекорд еді.

Бұл сортты импорттау деңгейінің артуына Оңтүстік Корея көбірек үлес қосайын деп отыр. Өйткені оның мұнай өңдеуші зауыттары өзге елдерден келмей қалған шикізаттың орнын CPC Blend-пен толықтырмақ. Refitiniv Eikon-ның тағы бір ақпаратына жүгінсек, Сеул қыркүйектің соңына дейін 1 млн тоннаға жуық CPC Blend шикізатын импорттамақ.

Қытайға келсек, ол Қазақстанның CPC Blend мұнайын сирек сатып алатын. Алайда осы айда Бейжің бұл сорттан кемінде 500 мың тонна импорттап, Азия елдері арасында екінші орынға шықты. Соңғы деректерге қарағанда, Бейжің осы қоспаны импорттаудан рекорд жаңартып отыр.

Екі миллион тоннадай CPC Blend  қыркүйек айында Сингапур мен Үндістанға жеткізіледі. Бұл мемлекеттер бұл мұнай түрін үнемі аз мөлшерде сатып алып келеді.

Осы мәселемен етене таныс сауда мамандарының айтуынша, Қытайдың Sinopec компаниясының Unipec деген сауда бөлімшесі  CPC Blend мұнайын сатып алып, Қытайға жеткізумен айналысады.

"Unipec мұнай таңдау жұмыстарын оңтайландыруға мәжбүр, себебі африкалық маркалар қымбат, Дубайдың шикізатын әкелу жолдары аз, ал Америка отынына әкелуге тариф енгізіліп отыр", – деді аталған мамандардың бірі "Рейтерге" берген сұхбатында.

Алайда Sinopec бұл сауалға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

Осылайша, Қытай Құрама Штаттармен арадағы сауда соғысы салдарынан мұнай импортының альтернативтік жолын іздеуге кірісіп жатыр. Демек оған қазақтың көмірсутегі бұрынғыдан көбірек қажет болып отыр.  Ал, CPC Blend жетпеген мұнайдың орнын толтыратын шикізатқа айналды.

CPC Blend – салмағы жеңіл шикізат. Ол нарыққа 1580-шақырымдық Каспий құбыр консорциумы 2001 жылдың соңында қолданысқа берілгенде таныстырылды. Бұл марканы Батыс Қазақстаннан Қара теңіздегі экспорттық терминалға Ресейдің "Лукойл" және "Роснефть" компаниялары жеткізеді. Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстан мұнай өндірісін арттырып жатқандықтан, CPC Blend экспорты да бірте-бірте күшейіп келеді.

Дегенмен өткен бейсенбіде ҚР Энергетика министрлігі мәлімдегендей, еліміз ОПЕК пен ОПЕК-ке кірмейтін мемлекеттердің мұнай өндірісін шектеу туралы келісімін орындап отыр және алдағы уақытта орындай бермек. Бұл пәтуаның мақсаты – көмірсутегін азырақ шығарып, оның әлемдік бағасын жоғарылату.

Аталған министрліктің өзге мәліметінше, қаңтар-тамыз айларында Қазақстан тәулігіне орта есеппен 1,8 млн баррель шикізат өндірген. Ал, өндірісті шектеу туралы халықаралық келісімге сәйкес, Қазақстан мұнай өндірісінің тәуліктің мөлшерін  1,86 млн баррельден асырмауға міндеттеме алды.

Дегенмен әлемдік нарықта геосаясат энергетикалық отын бағасын көтеретін факторға қайта айналып келеді. Сенбінің кешінде Сауд Арабиясының мұнай зауыттарына жасалған шабуылдан кейін, Нью-Йорк пен Лондон биржаларында Brent маркалы мұнайдың құны бірден 19,5%-ға өсіп, 71 доллар 95 центке жетті. Ал, Американың WTI маркасы 15,5%-ға  көтеріліп, 63.34 долларға саудаланды.

Шабуылдардан кейін, корольдікте мұнай өндірісінің тәуліктік мөлшері 5,7 млн баррельге қысқарды. Бұл – әлем елдеріне күніне экспортталатын шикізаттың жартысына және дүниежүзінде 24 сағатта өндірілетін мұнайдың 5%-на тең көрсеткіш. Айта кетсек, Саудия көмірсутегінің көбін Азия елдеріне сатады.

Сауд Арабиясының Aramco компаниясының Абкайк және Хураис қалаларындағы зауыттарына жасалған шабуылды Иранға арқа сүйеген йемендік шиит-хуситтер өз мойнына алды. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, кешендер дрондар мен қанатты зымырандардың соққысынан өртенген және Вашингтон мен әр-Риядқа сенсек, бұл қаруларды содырларға Иран берді.

Саудия кек алу үшін енді Иранға әскери соққы беруі мүмкін. Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамп Теһранға жауап қайтаруды  "көздеп, оқталып" отырғанын ескертті. Дегенмен өзге бір сөзінде Ақ үй басшысы ешкіммен соғысқысы келмейтінін ескертіп, Саудия мұнайына жасалған шабуылдың Америкаға әсер етпейтінін атап өтті.

Ислам Республикасы болса, әр-Рияд пен Вашингтон таққан кінәларды жоққа шығарып отыр. Осы елдің сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Аббас Мұсави АҚШ таққан айыпты "максималдық жалған саясаттың" бір бөлігі деп атап, соғысқа әзірлігін жариялады.

Қыркүйектің 17-сінде Азия биржаларында Brent бағасы 1%-ға түсті. Себебі АҚШ қордағы мұнайын нарыққа шығаруы мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда Таяу Шығыстағы әскери жанжал қаупі көмірсутегінің күрт арзандауына әзірге жол бермей тұр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу