Алматы әкімдігі жабайы жарнамалармен жойқын күрес жүргізбек

5595

 Эстетикалық талғамға сай емес деп танылған жарнамалар жойылады. 

Алматы әкімдігі жабайы жарнамалармен жойқын күрес жүргізбек Фото: google.com

Ақордада кеше Астананы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас қаланың эстетикалық келбетіне қатысты мәселе көтеріп, оның "астаналық сән-салтанатын" жоғалтқанын қынжыла жеткізді. Бұл сын жалғыз елордаға ғана емес, экс-астана, әрі еліміздің ең ірі мегаполисі Алматыға да қатысты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Кейінгі жылдары Алатау бөктеріндегі әсем шаһардың ажары тайып, сұрқы қашқанына жергілікті жұртшылық жиі шағымданады. Алматының сола бастаған гүлдей жүзі сынық, көркі солғын тартуына сыртқы көрнекі жарнама да үлес қосады. Мысалы, қала көшелері өрескел, талғамсыз, алабажақ жарнамалар мен маңдайшаларға толды. Сондай-ақ өзге қалалардағы сияқты, онда "мобильді билборд" аталатын, кез келген көшенің бойындағы тұраққа қойыла салатын көліктің тіркеме-прицепіндегі жарнама қаптап кеткен.

Енді мұның бәріне тосқауыл қойылуы мүмкін.

Алматы қаласы әкімдігі қала басшысы Ерболат Досаевтың арнайы қаулысының жобасын әзірледі. Ол "Алматы қаласындағы үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс жерде сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орнату қағидаларын бекіту туралы" деп аталады.

Құжат аты айтып тұрғандай, тиісті қағидаларды және сыртқы, көрнекі жарнама объектілерін орнатуға қойылатын жаңа талаптарды бекітеді. Ол қабылданса, келесі жерлерде сыртқы, көрнекі жарнама объектілерін орналастыруға тыйым салынады:

  • жол белгісінде, оның тірегінде, сондай-ақ жол қозғалысын реттеуге арналған кез келген басқа да бұйымда;
  • жүріс бөлігінің үстінде;
  • жол қоршауларында және бағыттауыш құрылғыларында;
  • қалалық коммуналдық байланыс желісінде, жарық беру, бейнебақылау тіреулерінде;
  • автомобиль тіркемелерінде, ершікті тартқыштар тіркемелерінде;
  • қоғамдық көлік аялдамаларының төбелерінде;
  • егер мұндай орнату ғимараттар мен құрылыстардың пайдалану сипаттамаларының нашарлауына, беріктігі мен тұрақтылығын төмендетуге соқтыруы мүмкін болса, ғимараттар мен құрылыстарға;
  • автомобиль жолдарының бөлу жолақтарында, сондай-ақ жолдың іргелес жүру бөліктерін бөлетін жер учаскелерінде;
  • көлік ағынының қозғалыс бағыты бойынша қоғамдық көлік аялдамаларына 25 метр жақын қашықтықта;
  • жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерінің белгіленуіне дейін 20 метр жақын қашықтықта;
  • инженерлік коммуникациялардың күзет аймағында;
  • ағаштарға 3 метрден аз қашықтықта;
  • электр беру желілеріне 1 метрден кем қашықтықта;
  • жақын тұрған сыртқы, көрнекі жарнама объектісінен 50 метрден аз қашықтықта;
  • жарнама объектісінің сыртқы габариттерінен тыс шығатын элементтерді пайдаланса, орнатылмайды.

Жалпы, қағидалар жобасында даулы тұстар жетерлік. Сондықтан құжатты әкімдік бизнес өкілдерімен бірге пысықтаса, игі.

Басқа да талаптар бар: көшедегі жарнама объектісі, соның ішінде маңдайшалар мен нысан атаулары коррозияға қарсы жабынмен қорғалуға, эстетикалық, санитарлық және техникалық жағдайда ұсталуға тиіс. Олар адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз болуы, таза ұсталуы, түнгі уақытта жарықтандырылуы шарт. Бірақ жарығы көзді қарықтырмауы қажет: жарнама объектісінің максималды жарықтығы 500 кд/м2 (шаршы метрге шаққандағы кандела) аспауға тиісті.

Қаланың сыртқы, көрнекі жарнама объектілері тым тығыз орналасқан бөліктері мен көшелерінде 5 шаршы метрлен асатын алып жарнама нысандарын орнатуға рұқсат етілмейтін болады.

Бұдан былай билбордтардың бос тұруына немесе "Мына жерде сіздің жарнамаңыз тұратын еді" сияқты жазуға да жол берілмейді: "Коммерциялық жарнама болмаған жағдайда жарнамалық құрылғының меншік иесі бос тұрған алаңды әлеуметтік жарнамамен толтырады". Әлеуметтік жарнама тегін орнатылуы және Алматы әкімдігімен алдын ала келісілуі міндет.

Жарнаманы тек жүретін көліктерде, соның ішінде автобустарда орналастыруға рұқсат етіледі.

"Алматы қаласы еліміздегі ең ірі мегаполис, ол ары қарай дамып, ұлғаюда. Сонымен бірге әсіресе оның орталық және іскерлік аудандарында тауарлары мен қызметтерін көбірек сатуға ықпал ететін жарнамаларын орнатуға ықыласты бизнес субъектілерінің саны артып барады. Бұл ретте оны реттеуге қажетті құқықтық құралдардың болмауы салдарынан қаланың жекелеген учаскелерінде сыртқы, көрнекі жарнама объектілерінің барынша көп шоғырлануы орын алды. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіреді, жарнама объектілері жол белгілері мен бағдаршамдарды жауып қалады. Оның үстіне қаланың сәулеттік келбеті бұзылды", – деп дәйектеді Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мамандары.

Олар жарнама құрылғылардың дұрыс орнатылмайтынына да назар аудартты. Салдарынан олар адамдардың, көліктердің үстіне құлап жатады. Жарнамалық қалқан құлап, үш жасар бүлдіршінді жазым ете жаздаған оқиға болды.

Жаңа қағидалар жобасы Алматыда көшедегі жарнама атаулыға қатысты қордаланған проблемаларды шешуге, қолайлы және қауіпсіз қалалық орта түзуге бағытталған.

Әкімдіктің Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының дерегінше, сыртқы жарнама көбінесе Бостандық, Алмалы және Медеу аудандарының аумақтарында орналастырылады.

Нақтыласақ, қазіргі кезде Бостандық ауданында – 3 036, Алмалы ауданда – 2 550, Медеу ауданында – 2 234, Әуезов ауданында – 1 286, Түрксіб ауданында – 834, Жетісу ауданында – 762 сыртқы, көрнекі жарнама нысаны орналасқан. Ең азы және жарнама берушілер арасында сұранысы кемі Алатау ауданы – 424, Наурызбай ауданы – 101. 

Жасыратыны жоқ, бұл саланы былық жайлаған. Лайықты қадағалау болмаған, әй дейтін әже, қой дейтін қожа қалмаған соң жарнамашылар оларын өз қалауынша, кез келген жерде қалқайтып орната беретін болған. Жарнаманы құзырлы органға хабарлама жіберусіз орналастыру белең алған. Басқарманың мәліметінше, Алматыда 2020 жылы осындай 9 726 бұзушылық (жалпы жарнама санының 80%-ы), 2021 жылы 5 486 бұзушылық (60%-ы) тіркелді.

Жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып, орнатудың екі жылда 115 фактісі тіркелді. 30 нысан өткен-кеткен жүргіншілер мен жүргізушілердің көзін қарықтырып, алыстан менмұндайтындай етіп, жарықтандыру нормаларын асырып жіберген.

Алматының сұрықсыз жарнаманың астында қалуына қарсы көз қылып болса да, бұрынғы әкім Бақытжан Сағынтаев күрескен. Мысалы, аққұла тек Алматы қаласының аумағында сыртқы, көрнекі жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақының екі еселенген ставкасы қолданылады. Бұл еселенген ставка жарнаманы магниттей тартып тұратын Абай даңғылы, Әл-Фараби даңғылы, Достық көшесі сияқты қаланың жекелеген көшелері мен аудандарында енізілген.

Дегенмен, Алматы әкімдігі "жарнама үшін төлемақының екі еселенуі көшедегі жарнама санының азаюын қамтамасыз ете алмағанын" мойындады. Бұл тек "жарнама берушілер көрсететін қызметтер құнының ұлғаюына ғана ықпал етті".

Жаңа қағидалар Авгий атқорасындай әсем шаһарды көміп тастаған "жарнама боқтығынан" арылта ма, әлде жарнама қызметтерінің ары қарай қымбаттауына ғана соқтыра ма, тәжірибе көрсетеді.

Осы орайда Алматы әкімдігі Мәскеу мен Париждің тәжірибесін басшылыққа алып отырғанын алға тартты. Бірақ орталық көшелері болмаса, жалпы алғанда Мәскеу бұл проблемадан арыла алмағаны құпия емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу