Оның сөзінше, тұрғын үй, өнеркәсіптік ғимараттар тоғыз балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей салынса, ғимаратқа дүмпу кезінде жарықтар түссе де, қирамайды.
Ол үшін төрт буыннан тұратын құрылыстың сейсмологиялық стандарттарын қатаң сақтау керек екен.
"Біріншісі – сол аймақта болашақ ықтималды геофизикалық апатты құбылыстың максималды магнитудасын бағалау немесе анықтау. Бұл – сейсмолог мамандардың үлесіндегі мәселе. Ондаған жылдар бойы жүргізілетін жан-жақты зерттеулер сол аймақта болуы мүмкін сілкініс ошақтарының орналасу белдемдерін анықтап, әрбір белдемдегі ықтималды магнитуда күшін есептейді. Бұл мағлұмат ресми бекітіліп, жобалаушыларға беріледі. Екіншісі – жобалаушылар құрылысты осы сейсмикалық жүктемеге сәйкес жобалайды. Құрылыстың конструкциясы, биіктігі яғни қабат саны, грунт пен фундамент арасындағы байланыс, құрылыс материалдары яғни арматура, цемент маркасы сияқты қолданылатын материалдардың талапқа сайлығы. Үшіншісі – құрылысты жүргізу яғни құрылыстың сапасы, жобалаушылар қойған талаптарының толық және бұлжытпай орындалуы. Төртіншісі – құрылысты дұрыс пайдалану ережелерін сақтау, яғни тұрғындар тарапынан құрылыстың конструкциясының беріктігін төмендететін іс-әрекеттер болмауы керек. Мысалы, кейбір алматылықтар қабырғаларды алып тастап бөлмелерді кеңейтіп, қабырғаны тесіп есік жасау, балкондарды бөлмеге айландыру сияқты өзгертулер енгізбеуі керек. Мұндайға сейсмикалық аймақтарда рұқсат етілмейді. Бұл құрылыстың беріктігін немесе төзімділігін төмендетеді. Мұндай жұмыстар жүргізілсе, олар ресми құжаттарда көрсетілген талаптарға сай болуы керек. Өз басым, мұндай өзгертулерді жасардың алдында тоқсан толғану керек деп ойлаймын. Алматыда салынған құрылыстар 9 балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей болуы керек. Егер осының барлығы ескеріліп салынса, ол үй жер сілкінісі кезінде де қирамайды. Ішкі өзгеріс болған жағдайда зақымдану болуы мүмкін. Бірақ Түркиядағы апаттан қираған үйлер сияқты қирамауы керек еді. Үйлер үйіндіге айналған. Қауіпті аймақтарда жер сілікінісінен сақтанудың осы ережелер қатаң сақталуы керек. Сейсмолог мамандарда мынадай сөз бар: "Адамның өмірін жер сілкіну қимайды, талапқа сай емес салынған құрылыс қияды" деген сөз бар. Егер Түркиядағы апат кезінде бес буын жұмысын дұрыс атқарғанда мұндай зардап болмайтын еді", - дейді ғалым.
Сейсмология саласын жарты ғасырдан астам уақыт зерттеп келе жатқан зерттеуші қазіргі Алматының құрылысында тиктоникалық жарылымдардың ескерілмей құрылыс салып тастағанын айтты.
Ол бұл үлкен қателік деп отыр. Жер сілкіну бола қалса, осы тұрғын үйдегілер қауіп аймағында қалады екен.
"Алматы қаласы аймағында тиктоникалық жарылымдар бар. 1983 жылы жасалған микроаудандау картасының авторы ретінде айтайын, қаланың астында төрт жарылым бар. Қазір ол карталар өзгертіліп тастады. Қазір мұндай карта жасауға мүмкіндік жоқ. Өйткені қалада түні бойы қозғалыс тоқтамайды. Жер қыртысының қозғалысының дыбыстарын тыңдау мүмкін емес. Жаңа қазіргі картаны жасау барысында бір талдауға қатысып, бұрынғы зерттеулерді ескеруі тиіс екенін айттым. Бірақ сол жарылымдардың үстіне үй салып тастады. Бұл үйлерді неге салды? Салмауы керек еді", - деді ол.
Тағы бір маңызды жайт, құрылыстардың арасындағы қашықтық.
"Екі көпқабатты үйдің арасы тым жақын, бір-бірімен тіресіп тұр. Жер сілкінісі бола қалса, жедел жәрдем, құтқарушылар, ауыр техникалар арасына кіре алмайды. Ал олар үйінділердің арасына кіріп, адамдарды құтқаруы керек. Жобалаушылар осыны қалай ескермегені миыма сыймайды. Арасы 10-15 метр ғана. Бұл сейсмикалық аймақта салынатын үй талабына сай емес. Бұл өте қауіпті. Жер сілкінісі аса маңызды іс. Өйткені ол кез келген уақытта болуы мүмкін табиғат құбылысы, қай уақытта болатынын ешкім білмейді, оның салдарын ережені сақтап қана азайтамыз. Түркиядағы алапат апат бізге сабақ болуы керек", - деді Әлқуат Нұрмағамбетов.
Ғалым Алматы қаласындағы биік үйлердің қаупі туралы айтты.
"Аса қауіпті аймақтарда 9 қабаттан артық үй салуға болмайды деп айтып келе жатырмын. Кейінгі кезде Алматы қаласында 12 қабаттан артық үй салуға болмайды деген сөзді естіп жүрмін, бірақ бұл құрылыс стандартына енгізілді деген ақпарат естімедім. Соған қарамастан 20 қабаттан астам үйлер бар екенін білемін. Жапон жерінде, Токио басқа қалаларында ондай шектеу жоқ. Құрылысшылар осыны алға тартып, салып жатыр. Бірақ олардың құрылыс технологиясы біздікінен жақсы дамыған. Ол жерде апат болса, үйлер қирамайды. Тек қана құлап, жамбасына жата қалады. Үйдің беріктігі, төзімділігі соншама үй құламайды, жамбастап жата кетеді. Жер сілкінісі кезінде беріктігі, төзімділігі жоғары деңгейде емес құрылыс қирап, тіпті нашар грунт езіліп кетуі мүмкін. Бізде үйді 9 қабаттан артық салуға болмайды дегенді талай рет айттым, бұл алдымен грунттың нашарлығына байланысты. Тыңдайтын құлақ болса", - деп налыды сейсмолог.
"Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарыныңда зілзала апатының болу ықтималдығының жоғары екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан "апат айтып келмейді" қағидасын ұмытпай, оған әрдайым дайын болу керек. Зілзала апаты қаупі бар аймақтарда алдын ала профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің орны айрықша. Мақсат – әрбір тұрғын бұл табиғи құбылыстың қаншалықты қауіпті екенін, апат бола қалған жағдайда оның салдарын барынша азайту үшін алдын ала қандай шаралар жүргізуді білуі қажет. Бұл мәселені іске асыруда мамандармен қатар БАҚ-тың барлық түрлері жұмылдыру қажет. Тұрғын халықтың сейсмикалық сауаттылығын арттырудың да маңызы зор", - деді зерттеуші.
Сарапшы Алматыда қаңтардың 23-інен 24-іне қараған түні сезілген 4-5 балдық дүмпу туралы айтты.
"Елді біршама дүрліктірді. Сілкініс эпицентрі Алматыдан оңтүстік бағытта 260 шақырым Қырғызстан мен Қытай шекарасында, Кокшаалтау жотасында болған. Бұл белдем сейсмикалық тұрғыдан өте қауіпті аймаққа жатады. Өйткені, оңтүстіктегі Индостан литосфералық тақтасы солтүстікке қарай жылжып, біздің Евразия литосфералық тақтаны итереді, яғни бұл аймақ буферлық белдемге жатады, сондықтан да оның сейсмикалық белсенділігі өте жоғары. Ал, тұрғын халықты дүрліктірген түндегі сілкініске келсек, 4-5 балдық жер сілкінісі қала нысандарына және оның тұрғындарына аса қауіпті емес. Тек мезгілсіз уақытта болып, онсызда кейінгі кезде әлемнің әр түкпірінде болып жатқан зілзала апаттарынан құлақтары елеңдеулі халыққа әсер етті. Оқырман қауымға осы саланың маманы ретінде айтарым, бүгінгі таңда зілзала апатын алдын-ала іс жүзінде нақты болжау, әлемдік деңгейде мүмкін емес. Басты қиыншылық – мәселенің күрделілігі және салалық ғылымның баяу дамуы", - деді ол.
Алматы үшін апатты болатын сілкіністің күшіне де тоқталды. Сондай-ақ сілкініс бола қалса, қай ғимараттарға аса қауіпті екенін атап өтті.
"Алматы қаласы үшін қандай зілзала салдары апатты деп саналады? Мәселе, жер сілкінісінің ошақ тереңдігі, құрылыс нысанының сапасы мен оның сілкініс ошағынан қашықтығына байланысты. Егер сілкініс ошағы жер бетіне жақын орналасып, нысан оның эпицентріне жақын әлсіз грунтта орналасса, онда 5 балдық жер сілкінісі де апатты болуы ықтимал. 7 балдық жер сілкінісі сейсмикалық берік құрылыс нормативтерімен салынған нысандарға қауіпті емес, ал 9 балдық жер сілкінісінен қала аумағындағы нысандардың жартысына жуығы қатты зақымданып, қирауы ықтимал. Ескеретін жайт, қаладағы құрылыс нысандары 6 типке бөлінеді: 9 балдық сілкіністе 1 және 2 типтегі нысандар (жергілікті материалдан және ағашпен жабылған кірпіштен салынған) толығымен қирайды, 3 типтегі нысандар (темірбетонмен жабылып кірпіштен салынған) – жартылай қирайды, 4-5 типтегі нысандар (антисейсмикалық әдістермен күшейтілген) – қатты зақымдалып және 6 типтегі нысандар (ірі панельді) – орташа зақымдалады", - деді ол.