Бас прокуратура Алматыдағы тау бөктеріне нысандар салу бойынша заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы ведомство басшысы Берік Асылов Сенат депутаты Андрей Лукиннің сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабалайды inbusiness.kz.
"Өткен жылы прокуратура органдары елорданың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне облыс орталықтарының нүктелік құрылысы бойынша тексерулер ұйымдастырды. Прокурорлық тексерулер жергілікті атқарушы жəне бақылаушы органдар тарапынан қала құрылысы саласында тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетті.
Оның салдарынан жер мен құрылысқа рұқсаттар азаматтардың пікірін, инженерлік, көліктік жəне əлеуметтік инфрақұрылым мүмкіндіктерін ескермей беріледі", – деп жазылған Бас прокурордың жауабында.
Әкімдік пен құрылыс компанияларының айласы қалалардың жүйесіз салынуына, қалалық ортаның, жасыл аймақтардың тозуына, халықтың өмір сүру сапасының нашарлауына алып келген.
"Алматы қаласы əкімдігінің жұмысындағы кемшіліктердің бірі қала құрылысын жоспарлаудың тиімсіз жүйесі болып табылады. Қаланың бас жоспары 2004 жылы қабылданған жəне бүгінгі күнге шындыққа сəйкес келмейді (демографияны, халықты жылумен жабдықтауды, экологиялық талаптарды жəне т.б. ескермеген). Сонымен қатар оларда сейсмологиялық қауіп-қатерлер көзделмеген", – деді Берік Асылов.
Өңірдің жергілікті атқарушы органдарының Бас жоспарды жəне егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын сақтамауы тағы бір жүйелі бұзушылық болып табылады. Прокурорлар Алматы қаласында жəне қала маңындағы аймақтарда Бас жоспарды бұза отырып, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгертудің жəне егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына түзетулерінің 100-ден астам фактісін анықтады.
Түркияда орын алған оқиғалар шеңберінде қала прокурорының наразылықтары бойынша таулы жерлерде 120 учаскенің (250 гектар) заңсыз салынуына жол берілмеді.
Қарғалы шағын ауданы (ауданы 136 гектар 103 учаске), Бутаковка (ауданы 44 гектар 11 учаске), Обсерватория көшесі (ауданы 4 гектар 6 учаске).
Сондай-ақ "Медеу" табиғи паркінің аумағындағы жер учаскелерін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығару фактілері анықталды (45 гектар).
Аталған бұзушылықтар бойынша Алматы қаласының прокуратурасы жерге рұқсат беру құжаттарының күшін жою туралы Медеу аудандық сотының қарауында 10 талап қою енгізді.
"Қадағалау шаралары бойынша егжей-тегжейлі түгендеу жүргізу арқылы ауданы 13 гектар (Жайлау шағын ауданы) таулы жерлерде жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер пайдалану құқығына арналған мемлекеттік актілердің күші жойылды", – деді Бас прокурор Берік Асылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында.
Бүгінгі таңда Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті мен прокуратура органдарының жұмысының нəтижесінде ауданы 167 гектар (кадастрлық құны 10 млрд теңге) 173 учаскені тəркіледі.
Ден қою шаралары бойынша уəкілетті органдардың алдында ауданы 6,05 гектар жерді қайтару туралы сотқа 40 талап қою беруге бастамашылық жасалды, қазір бұл істер қаралуда. 750 учаске бойынша тексеру шаралары жалғасуда (1,1 мың гектар).
Мәселен, 161 жер учаскесінің меншік иелеріне Департамент нұсқамалар берді, 358 учаске игерілді, 40 учаскенің меншік иелеріне қатысты тексерулер басталды, 2 учаске бойынша материалдар сотта қаралуда, 189 учаске бойынша тексерулер тіркеу сатысында.
Жалпы, 2023 жылдың 27 наурызында Бас прокуратураның тексеру қорытындысы бойынша Үкіметке:
- қала құрылысын бақылау жүйесін күшейту, атап айтқанда, құрылыс процестерінің ашықтығын белгілеу мақсатында жер учаскесін алған сəттен бастап объектіні пайдалануға бергенге дейінгі барлық рəсімді бақылау жəне келісу бойынша "бірыңғай терезе" әзірлеу;
- санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жəне төтенше жағдайлар органдарына қала құрылысы құжаттарын келісу құзыретін беру;
- қала құрылысы кодексінің жобасында тұрғын үйлерді салу жəне пайдалану үшін, оның ішінде көгалдандыру үшін жеткілікті жер учаскесі болмаған кезде оларға рұқсат беру құжаттамасын беруге тікелей тыйым салуды көздеу жөнінде ұсыныстарымен заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді.
Жұмыс қорытындысы бойынша Үкімет бұзушылықтарды жою бойынша Жол картасын əзірледі. Осылайша Бас прокуратураның ұсыныстары қолдау тапты.
"Таулы жəне тау бөктеріндегі аудандарда жеке құрылысқа жер учаскелерін беруге мораторий жариялау мəселесі прокуратура органдарының құзыретіне кірмейтінін хабарлаймыз", – деп жазылған Бас прокурордың жауап хатында.
Еске сала кетсек, 11 сәуірдегі Сннат отырысында сенатор Андрей Лукин Алматының таулы жерлеріндегі заңсыз құрылыс пен алма бақтарының жойылу мәселесін көтеріп, Бас прокурорға депутаттық сауал жолдаған.
Сонымен қатар ол Алматы тауларында құрылыс салуға мораторий жариялауды ұсынды.