"Асылармандықтардың" аңсары – сасық иістен арылу
Алматы маңындағы "Асыл Арман" тұрғын үй алабында 20 мыңға жуық адам тұрады. Яғни, ол қала ішіндегі қалаға айналған. Бірақ бұл аудан өз атауына мүлдем лайық бола алмай тұр. Тұрғындар "эконом-класты" бұл баспаналардың сапасы сын көтермейтінін айтады. Мектептің, жақсы жабдықталған балабақшалардың жоқтығына шағымданады: балаларға не Алматыға, не іргедегі Кемертоған кентіне қатынауға тура келеді. "Асыл Арман" өрт сөндірушілердің "бас ауруы" саналады: бір жылдың ішінде мұнда бірнеше рет өрт болған.
Дегенмен, тұрғын үй алабының басты проблемасы басқа: онда қолқаны қапқан күлімсі иістен адамдардың басы айналып, жүрегі айниды. Қарағандылық Талғат Тәлімбек биылғы тамызда осы тұрғын үйлерден бірер күнге пәтер жалдап тұрыпты.
"Онда жағымсыз иістен тыныс алу қиын. Тұрғындардың айтуынша, иіс жақын маңдағы қағаз фабрикасының "отстойниктерінен" келеді. Онда жылдар бойы жиналған лас қалдықтардан тұтас көлдер пайда болыпты. Ол аумақ химиялық заттармен қатты уланған, олардың мөлшері рұқсат етілгеннен бірнеше есе асып түсетіні ешбір аспапсыз-ақ аңғарылады. Бұған көліктің шығарынды газдары қосылады. "Асыл Арман" үлкен жолдың бойында орналасқан", – дейді ол.
Тұрғындары негізінен мегаполисте жұмыс істегенімен, тұрғын үй алабының өзі Алматы облысының Қарасай ауданына қарайды.
Әңгіме болып отырған "Kagazy Recycling" қағаз-картон зауыты – тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы тара-құтылық картон, гофроқаптама және қағаз өнімдерін шығаратын аса ірі өндіруші болып табылады. Алайда отандық кәсіпорынның жетістіктеріне оның іргесіндегі көршілері тіпті де қуанып отырған жоқ.
"Ұзақ жылдан бері біздің аудан жаман иіске бөгіп тұр. Тереземізді аша алмаймыз, аулада серуендеу дегеннің не екенін білмейміз. Бізді "Kagazy Recycling" фабрикасына қарасты сасық "көлдер", яғни фильтрация алқаптары улауда. Қағаз-картон фабрикасы оларды өндірістік қалдықтарын жинақтау үшін пайдаланады. Бұл "отстойниктер" тұрғын үй алабымыздан 700 метрдей жерде орналасқан. Оған Абай кентіндегі тұрғын үйлер де канализациялық шығарындыларын заңсыз төгеді", – дейді жергілікті белсенді Динара Рақымжан.
Тұрғындар өңір әкімдігі бірнеше жылдан бері уәдемен тойдырып келе жатқанын айтады.
"Облыс әкімдігі мәселені канализация желісін салу арқылы шешіп беруге уәде еткен. Осы мақсатта орасан зор көлемде бюджет қаражаты жұмсалды, ал проблема сол бойы қалды. Демек, құзырлы органдар Райымбек кентінен Мерей кентіне дейінгі кәріз коллекторының құрылысы жобасын жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың қайда кеткенін тексеруі керек. Біз, тұрғындар, зауыттың фильтрациялық "көлдеріне" өндірістік қалдықтарды төгуге тыйым салуды және оны жоюды, сондай-ақ ел қаржысының мақсатсыз шығындалуына орай Алматы облысы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты тексеру жүргізуді талап етеміз. Қағаз-картон фабрикасы он жылдан бері ондаған мың адамды улап келе жатыр. Біз өзіміздің және балаларымыздың денсаулығын қорғау үшін наразылық шараларына баруға дайынбыз!", – дейді Д.Рақымжан.
Тұрғындар "Kagazy Recycling" ЖШС фильтрациялық алқаптарын шұғыл түрде жабуды және ол жерлерде рекультивация жұмыстарын жүргізуді талап етуде. Сонымен бірге олар әкімқаралардың жеке кәсіпорынның мәселесін шешуге бюджеттің, салық төлеушілердің ақшасын пайдалануына қарсы. "Жекеменшік компания өз проблемаларын өз бетінше шешсін!" дейді жергілікті жұртшылық. Талаптары орындалмаса, олар әкімнің отставкасын талап етуге ниетті.
Себебі, зиянды қалдықтар төгілетін бұл "көлдер" күлімсі иіс тарату, айналасындағы тұрғындардың әртүрлі сырқаттарға шалдығуына ықпал ету сыртында, бірнеше елді мекенді кәусармен қамтамасыз етіп отырған жерасты суларын ластайтын ошаққа да айналып кеткен көрінеді.
Компания экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жазаланды
Тұрғындар көтерген мәселеге орай Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов түсініктеме берді. Жалпы, халықтың шағымына орай қағаз-картон фабрикасы дүркін-дүркін тексеруден өтіп тұратын көрінеді және олар ары қарай жалғаспақ.
"Мысалы, былтырғы 2020 жылы біздің комитеттің Алматы облысы бойынша Экология департаменті "Kagazy Recуcling" ЖШС-іне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оған "Асыл Арман" тұрғын үй алабы тұрғынының өтініші негіз болды. Тексеру барысында экологиялық заңнама талаптарын бұзушылықтар әшкереленді. Нәтижесінде, департамент аталған компанияны Әкімшілік кодекстің бірнеше бабы бойынша жауапқа тартып, айыппұл салды", – деді З.Жолдасов.
Нақтылап айтқанда, департамент біріншіден, компанияға кодекстің 325-бабы бойынша "өндiрiстiк экологиялық бақылауды жүргiзу талаптарын бұзғаны" үшін 200 АЕК айыппұл төлеттірген. Екіншіден, 328-бабы бойынша "қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзғаны" үшін жазалаған (жаза мөлшері – ластағыш заттардың асып кеткен мөлшеріне қатысты қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін тиісті төлемақы мөлшерлемесінің 10 000%-ы мөлшерінде). Үшіншіден, Әкімшілік кодекстің 332-бабына сәйкес, "заңнаманың мемлекеттiк экологиялық сараптаманы мiндеттi түрде жүргізу туралы талаптарын орындамағаны", сондай-ақ, 351-бабы бойынша "өндiрiс және тұтыну қалдықтарын есепке алу, кәдеге жарату және залалсыздандыру қағидаларын бұзғаны" үшін жауапқа тартты.
"Бұған қоса, компанияға Қазақстанның экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Осыдан кейін "Kagazy Recуcling" ЖШС-іне қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, оның барысында бұрын берілген нұсқаманың орындалуына бақылау жасалды. Оның нәтижесінде экологиялық заңнаманы бұзушылықтарды жою бойынша талаптар толық көлемде орындалғаны анықталды. Атап өтер жайт, біздің комитет пен департамент өз құзыреті шегінде, қолданыстағы заңнамаға сай барлық шараларды қабылдады. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта айналаға шығарынды жасау бойынша экологиялық заңнама талаптарын сақтауына қатысты аталған компанияны жоспардан тыс тексеру мәселесі қарастырылып жатыр", – деп хабарлады Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы.
"Талдыкөл" тәжірибесі неге жарамады?
Осыдан біраз бұрын "Kagazy Recycling" ЖШС басшылығы да түсініктеме берген болатын.
"Иә, проблема шынында бар. Күлімсі иіс әсіресе кешкі және түнгі уақытта күшейеді. Бұл "Асыл Арман" тұрғын үй алабының тұрғындарына байыз таптырмайды. Күлімсі иістің туындауына біздің зауыт та ішінара себепкер. Иіс ел арасында "отстойник" аталатын фильтрация алқаптарынан тарайды. Оларды біз, зауыт, 2002 жылдан бері басқа компаниядан жалдап келдік. Олар біздің зауыт тұрғызылғанға дейін пайда болған және осы Абай кентінде бұрын орналасқан құс фабрикасының қалдықтарын төгуге қызмет еткен. Өкінішке қарай, "отстойниктерді" кейіндері Абай кентінің өзі тұрмыстық ағын суларын төгуге пайдалана бастады, себебі кентте төл кәріз жүйесі болмады. Бүгінде таяу маңдағы өзге кәсіпорындар да қалдықтарын соған тастауда", – делінген кәсіпорынның хабарламасында.
Осылайша, "Kagazy Recуcling" бұл жасанды, лас "көлдерге" 2002 жылдан бері өндірістік қалдықтарын тастай бастаған. Компанияның сендіруінше, ол жыл сайын өзі қолданатын фильтрация алқаптарына күрделі тазалау жүргізіп тұрады екен.
"2010 жылдан бері осы ағын су төкпесіне жақын жерде "Асыл Арман" тұрғын үй алабы бой көтерді. Мәселенің байыбына бару үшін біз Абай кентінің тұрғындарымен әңгімелестік, олар жаман иістің зауыт құрылысына дейін болғанын айтады. Неге онда күлімсі иіс тек "Асыл Арман" тұрғындарын ғана мазалайды, ал Абай кентінің тұрғындары шағымданбайды? Мәселе желдің соғу бағытында болса керек: ол солтүстік бағытта – "Асыл Арман" тұрғын үй алабына қарай соғады, ал шығысқа, яғни Абай кенті жағына бағытталмайды. Зауыт бұл проблеманы шешуден бас тартпайды. Әйткенмен, бұл оңай әрі тез шешілетін мәселе емес", – деп түсіндірді кәсіпорын.
Компания 2016 жылдың көктемінен бері жағымсыз иісті жоятын, қалдықты ыдырататын арнайы препаратты – "Bacti Bio 9500" ұнтақ концентратын сатып алып, дүркін-дүркін сасық "көлдері" үстінен сеуіп тұрған. Рас, оның пайдасы шамалы екені байқалуда.
Негізі, бұл жерде елорданың "Талдыкөлді" тазарту тәжірибесін қолдануға болатын еді. Алайда 5 жылға созылған, зиянды қалдықтарды геотекстильдi контейнерлерде жою стансаларын, тұтас коллекторды, тазалағыш блоктарды салуды қарастыратын мұндай аса қымбат, ірі жобаны тікелей Елбасы назарындағы бас қала көтере алғанымен, Алматы облысы көтере алмауы ықтимал.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !