Алматыда жарнамасы жер жаратын, жекеменшік балабақша көбейіп келеді. Ең қызығы бұлардың бағасы жоғары оқу орындарымен бірдей тіпті қымбат. Жақында Меруерт есімді желі қолданушысы Алматыда ай сайынғы төлемі 400 мың теңге тұратын балабақша бар екенін таңқала жазды. Алайда бұл бөбекжай перзентіңізге диплом бермейді, өмір сабақтарын үйретпейді. Сонда қомақты қаржыға балаңыз не алады? Бұл сұрақтың жауабын Inbusiness.kz тілшісі іздеп көрді.
Алматыда 800-ден астам бастауыш білім беру мекемесі бар. Олардың 200-ден астамы мемлекеттік, 430 жекеменшік, 240-қа жуығы шағын-орталық. Бұларға 35 916 бала (мемлекеттік), 20 441 бала (жекеменшік) барады. 2021 жылы 1,7 мың орындық 30-ға жуық жекеменшік мектепке дейінгі білім беру орталығы ашылған. Жыл соңына дейін тағы 35 жекеменшік балабақша ашылып, 5000 бөбекті қамту көзделген. Жұмыс істеп тұрған мекемелердің 397-сінде 20 мың орыннан асатын мемлекеттік тапсырыс берілген. Қалғаны ақылы, бағаны өздері белгілейді. Бұлардың ішінде бағасы мемлекеттікке жақын арзаны да, бағасы бас айналдыратын қымбаты да бар.
Солардың бірі – әлеуметтік желідегілерді таңқалдырған айлық ақысы ұсынатын барлық қызметін қосқанда 400 мыңға, 1 жылдығы 4 млн теңгеге жуықтайтын Apple Tree School жеке меншік балабақшасы. 2-7 жас аралығында 4 топпен қабылдайтын мекеме сайтында білім беру тек ағылшын тілінде жүретіні, испан, қазақ, орыс тілдері тереңдете үйретіліп, білім беру ағылшын бағдарламасы негізінде жүретіні жазылған.
Бұған қосымша математика, дене шынықтыру, би, IPC, Kindermusik, Lego Education, Jolly Phonics, Mini Arco халықаралық бағдарламалары бар. Мекемеге де хабарласып, бұл ақпаратты тағы нақтыладық. Қоңырауымызға өте сыпайы дауыспен үн қатқан менеджер аталған қаржы оқу ақысы, бес уақыт тамақ және шетелдік ұстаздар өтетін дәріске қарастырылғанын жеткізді.
Ал бағасы жағынан екінші орын алатын Montessori Kinderhouse мектепке дейін білім алу құны 350 мың шамасында. Басты құндылығымыз Монтессори бағдарламасына негізделген дейтін балабақша ұсынатын қызметтер жоғарыдағы бәсекелесіне ұқсас. Мұнда да шетелдік білім бағдарламасы, шетелдік ұстаздар, тіл, түрлі курстар, құнарлы тамақ. Бұлар сапалы болған сайын баға да жоғары.
Қысқасы баланың дамуына арналған бағдарламалар, сан алуан тамақ түрлері, баланы түнге дейін қалдыру мүмкіндігі, спорт және шығармашылық өсу бағдарламалары, үйден алып кету, жеткізу, қауіпсіздік, шетелдік мұғалімдер, қаланың ең ыңғайлы жерінде орналасқанына қарай құны да қымбаттай береді. Ақшаңды төле, баланың өсуіне біз жауап береміз дейтін басқа қымбат балабақшалар дәл осындай бағдарламаны ұсынады. Олардың қатарында "Зелёные холмы", "Мирас", "Күншуақ", "Зайка", "Koktobe", "Достар", сынды мектепке дейінгі білім беру орталықтары бар.
Ал 2021 жылға арналған мемлекеттік білім тапсырысы бойынша қалада жекеменшік не мемлекеттік екеніне қарамастан бір тәрбиеленушіге жұмсалатын қаражат 37 527 теңге, оның ішінде ата-ананың төлейтін қаражаты 18900 теңге деп белгіленген. Қаладағы ең қымбат балабақша құнымен арадағы айырмашылық 300 мың теңге шамасында. Finprom.kz мәліметінше 2021 жылдың бірінші тоқсанында Алматыдағы орташа айлық 268,5 теңгені құраған. Қала тұрғындарының басым бөлігі орта және төменгі санатта жалақы алатындар қатарында екенін ескерсек, баласын элиталы балабақшаға бермек түгілі, өмір сүруге әрең жеткізетіні жасырын емес.
Алайда балабақша иелерінің айтуынша олардың қызметін тұтынатындар аз емес. Кейде тіпті орын жетпей қалады екен. Өйткені бағасы қымбат, қызметі жайлы балабақша жиырмаға жетпейді. Баласын қымбат балабақшаға беретіндердің көпшілігі шетелдіктер, айлығы жоғары қаржы, мұнай сынды салаларда істейтіндер мен кәсіпкерлер екен.
Бірақ бұлардың қатарында айлығы қарапайым адамдар да бар. Алматылық Төлеген Бөрібаев айлығым 300 мың теңге шамасында, бірақ қызымның бөбекжайына айына 170 мың теңге төлеп отырмын, бұған себеп – балабақшаға, түрлі курстарға тасымалдау мен қосымша тіл үйрену, спорт, шығармашылық курстарына жұмсалатын шығын 170 мың теңгеге жуықтаған.
"Ойлана келе, қымбаттау орталықты таңдадық. Қызмет көрсетуі жақсы, ал білім жағынан бәрібір арзан балабақшалардан жоғарылау. Бірақ бәрі баланың қабілетіне байланысты", – дейді спикер.
Ал Эльмира Искакова айлық табысының жоғарылығына қарамастан мемлекеттік балабақшаны таңдағанын айтады.
"Себебі мектепке дейінгі баланың басын түрлі шетелдік оқу бағдарламасымен қатырғым келмеді, ал түрлі курстардағы бағдарлама стандартты, оларға тегін бара аламыз. Жалпы мектепке дейінгі бала бәрібір стандартты ақпаратан артық қабылдай алмайды. Артық ақшаны қымбат балабақшаға бергенше жинап, мектеп немесе жоғары оқу орынындағы білімі мен тұлғалық дамуына жұмсағаным жөн. Қымбат балабақшадағы көрсетілетін қызмет сапасына қарамастан ол жаққа баратын таныстарымның балалары мен қызымның деңгейі шамалас. 400 мың теңге мен 18 мың теңгенің айырмашылығын баланың білімі мен тұлғалық өсуіне ықпалы бар деп ойламаймын", – дейді кейіпкеріміз.
Әзірше Алматыдағы ең қымбат, айлық ақысы 400 мың теңгеге жуық балабақша туралы әлеуметтік желі қолдаушылары "Міне баға, Прагадағы 4 тілді үйрететін, халықаралық неміс мектебінде жылдық оқу ақысы осындай", "Батысты ең болмаса балабақша ақысы жағынан басып озыппыз", "Бірден профессор дайындап шығара ма" деген пікір, сауал қалдырған.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !