Алматыда инфекциялық ауруханалар азаяды

Өзгеріс 1 маусымнан бастап енгізілмек, алайда эпидахуал әлі де күрделі.  

Алматыда инфекциялық ауруханалар азаяды Фото: Максим Морозов

Алматыда коронавирустық инфекция жұқтырған науқастарды емдеуге арналған клиникалар біртіндеп қалыпты жұмыс режиміне көшіріле бастайды. Бұл өзгеріс шаһарда сырқаттарды ауруханаға жатқызу көрсеткішінің төмендеуімен байланысты.  Онлайн-брифинг барысында қалалық Қоғамдық денсаулық департаментінің басшысы Нариман Табынбаев осындай ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Вирус жұқтырғандар санымен ауруханаға жатқызу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты денсаулық сақтау басқармасы арнайы бейімделген клиникаларды ішінара босату қажет деген тоқтамға келді. Осы аптада жедел медициналық көмек ауруханасын қалыпты жұмысына біртіндеп көшіру туралы бұйрық шығардық. 1 маусымнан бастап онда науқастар жатқызылмайды", – деді басқарма басшысы. 

Инфекциялық бағытта емес, қалыпты режимге қайта көшірілетін медициналық ұйымдар тізімінде бірінші перзентхана мен Қорғаныс министрлігі ауруханасы, "Халық Арена" спорттық кешенінде құрылған госпиталь және теміржол емханасы мекемелер бар. Осылайша, қалалық клиникалар біртіндеп әдеттегі жұмыс тәртібіне көшеді. 

"Бірінші қалалық клиникалық аурухана да осы тізімге енгізілуі мүмкін. Егер ауруханаға жатқызу үрдісінің төмендеуі байқалса, қалалық кардиологиялық орталықты да босатамыз", –деп түсіндірді Нариман Табынбаев. 

Оның айтуынша, егер коронавирустық індетке шалдыққан науқастар саны төмендей берсе, екі-үш ай ішінде шаһар билігі тағы бірнеше жұқпалы аурулар ауруханаларын жұмыс бағытына сәйкес бұрынғы жұмыс режиміне ауыстырады. 

Айта кететіні, бүгінгі күні Алматыдағы ауруханаларда 2095 науқас жатыр, оның 64-і балалар. Жан сақтау бөлімінде 246 төсек бар, оның 33%-ында алматылықтар ем қабылдауда. Орындардың толу деңгейі 31,4%-ды құрайды. Еске сала кетсек, бұл көрсеткіш екі ай бұрын 75%-ға жеткен. 

"Вакцинация науқанына үлкен үміт артамыз. Жоспарланған контингенттің шамамен 35%-ы екпе алғанына қуаныштымыз. Алматы 327 мың доза жеткізілді, оның 297 мың 300-ін қолданамыз. Қоймада вакциналар жеткілікті: QazVac, Hayat-Vax және Спутник V препараттары бар. Екінші компонентті 182 032 адам салғызды. Вакцинацияның деңгейі жаман емес. Журналистер "асқынулар мен реакциялардың есебін жүргізесіздер ме" деген сұрақтарды жиі қояды. Әрине жүргіземіз", – деді Нариман Табынбаев.

Бұған қоса облыстық денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімімен бірге вакцина немесе басқа дәрілерге қатысты реакцияларға жауапты топтар құрылды. 

"Бұл науқан толығымен бақылауда", – деп сендірді басқарма басшысы. 

Алайда Нариман Табынбаев баяндаған өзгерістерге қарамастан, Алматыда эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі. Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша тіпті мутацияланған штамдарды тіркеу көрсеткіші 84%-ға жеткен, қала "қызыл" аймақта.

"Бірақ мамыр айының соңғы аптасында эпидемиологиялық ахуал тұрақталды, сәуірдегі 700 жағдайдан өткен тәулікте 290-300 жағдайға дейін төмендеді. Тәуліктік өсім 3 есеге төмендеді, айдың басындағы 1,2% -дан 0,4% -ға дейін, ал сырқаттану деңгейі соңғы 7 күнде 7,7% -ға, 160,0-ден 147-ге төмендеді. Симптоматикалық науқастардың көбеюі мамыр айының ортасында баяулады, айдың аяғында 10% -ға, 98%-дан 88%-ға дейін азайды. Сонымен қатар, симптомсыз науқастар саны 12% дейін өсті", деді Жандарбек Бекшин. 

Оның айтуынша, үшінші толқын кезіндегі көрсеткіштердің төмендеуі қабылданған шектеу шаралары мен мегаполис тұрғындарында қалыптаса бастаған қоғамдық иммунитетке байланысты.

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу