Студенттер, блогерлер Алматыда жалдамалы пәтер бағасының күрт өскенін айтып, желіде түрлі бейнежазбалар жариялауда. Сол арқылы олар жалға берушілерді баспана ақысын төмендетуге шақыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Алматы облысы Кеген ауданынан келген Ақбота Ыбырайымова бір аптадан бері қызы мен жиеніне жалдамалы пәтер таба алмай жүр. Бірнеше рет жылжымайтын мүлік сайты арқылы алаяқтарға алданған келіншек, енді үй ауласындағы хабарландырулар арқылы пәтер іздеуге кіріскен.
"Жылжымайтын мүлік сайты арқылы бірнеше пәтер тауып, хабарласып едік "алдын ала 15 мың теңге берсеңіз, үй тауып береміз" деп алдап кетті. Қызым Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түскен, ал жиенім Қазақ ұлттық аграрлық университетіне оқуға түсті. Екеуін екі жатақханаға бөлмей бірге тұрса деп едім. Бірақ міне, жалға пәтер таба алмай жүрміз. Осыдан бір ай бұрын іздегенімде пәтер де бар, баға да 20-30 мың теңгеге төмен еді", – дейді спикер.
Жылжымайтын мүлік жөніндегі маман Ботагөз Кенжебаева бұл ақпаратты растады. Айтуынша мұндай өзгерістер жалға алушылар санының күрт өсуіне байланысты орын алған. Оның үстіне нарықта ұсынысқа қарағанда сұраныс жоғары болса керек.
"Жазда 100-120 мың теңгеге жалға берілетін бір бөлмелі пәтер табуға болатын. Алайда қазір бұл пәтерлер 150 мың теңгеден басталады. Себебі жалға берілетін жылжымайтын мүлік аз, тіпті жоқтың қасы, сондықтан пәтер иелері де тұрғын үй бағасын қолдан көтерген. Баға шамамен 50%-ға қымбаттаған. Карантин кезінде баспана жалға беру бизнесімен айналысып келгендердің көбі жылжымайтын мүліктерін сатып жіберген. Менің ойымша соның салдарынан нарықта осындай жағдай қалыптасып отыр", – дейді спикер.
Бұл ретте маман соңғы уақытта алаяқтардың да белсенділігі артқанын ескертті.
"Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік сайттарында жұмыс істейтін алаяқтар орташа бағасы 130-150 мың теңгеге пәтер тауып береміз деп талайды сан соқтыруда. Олар қаладан тыс жерде тұратынын айтады, "ертең келемін, ал егер сіз пәтерді басқа біреу алып қоймағанын қаласаңыз ақша аударуыңыз қажет" деп алдайды. Осылайша көптеген студенттер баспанасыз және ақшасыз қалады",– деді сарапшы.
Бұл ретте жылжымайтын мүлік бойынша маман қалаға келетін студенттер көбейген сайын баға да өсе беретініне сенімді. Ал баспана сату нарығындағы жағдай мүлде басқаша екенін жеткізді. Айтуынша қыс мезгілімен салыстырғанда, қазір тұрғын үй бағасы төмендеген.
"Қыс пен көктемде БЖЗҚ бағдарламасына байланысты баспана бағасы шарықтап кетті. Халық пәтер сатып алуға асықты. Сұраныстың жоғары болуына байланысты баға өсе бастады. Ал қазір керісінше тұрақтады. Себебі зейнетақы шотындағы сомаға пәтер алуды көздегендердің басым бөлігі мақсаттарына жетті. Қазір нарықтағы жағдайда саябырлады. Бірақ менің ойымша, күзде баға өседі", – деді сарапшы.
Айта кететіні, Алматының төрттен бір бөлігі 18 жасқа дейінгі жастар екені белгілі. Жоғары оқу орындарында 168 мың студент, колледждерде 68 мың студент білім алады. Жаңа оқу жылында офлайн білім алатынын ескерген студенттер мегаполиске ағыла бастады. Бірақ қаланың көптеген оқу орындарында жатақхана тек алғашқы курс студенттеріне беріледі. Өзгелері жалдамалы баспана іздеуге мәжбүр.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !