Әйелдер бизнесінің тағы қандай ерекшелігі бар? Бұл туралы inbusiness.kz сайты Алматы ӨКП Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығының кеңесшісі Әсел Жалғасқызынан сұрады.
– Әсел Жалғасқызы, Алматыдалық ШОБ субьектлерінің тең жартысы әйелдерге тиесілі деген ақпарат бар. Бұл қаншалықты рас?
– Рас, алып мегаполистегі шағын және орта бизнес секторындағы жұмыс орындарының 31%-ын және Қазақстан жалпы ішкі өнімінің 14,6%-ын бизнестегі әйелдер қамтамасыз етеді. Жалпы, ел бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 43,5%-ын әйелдер басқарады, ал Алматыда бұл көрсеткіш 50%-ға тең.
– Әйел кәсіпкерлер көбінесе қандай салаларда қызмет атқарады?
– Бүгінде қыз-келіншектер экономиканың барлық дерлік саласында жұмыс істеп, бизнесін өрге дөңгелетіп жүр. Әйтсе де негізгі салалар – сауда, қызмет көрсету, нақтырақ айтқанда қастан бастап тырнаққа дейін сұлулық индустриясының толық спектрі, қонақүй жүргізу, мектепке дейінгі білім, бастауыш білім беру, сонымен қатар қоғамдық тамақтану бизнесіне ден қойған.
– Әйелдер басқаратын бизнестің қандай да бір ерекшеліктері бар ма?
– Әдетте әйел басқарған бизнес – "қыздың жиған жүгіндей". Салығы уақтылы төленген, есептілігі ретімен жүргізілген болады. Әйелдерге табиғатынан отбасын ұйыту, үйді таза ұстау, жауапкершілік қасиеттері тән. Дәл осы қасиеттер кәсіпте те көрініс табады. Әйелдер несие ала бермейді, қарызын уақытында төлеуге тырысады. Сонымен қатар қыз-келіншектер ірі бизнестен гөрі микро, шағын бизнестегі үлесі көбірек. Сондықтан әйелдер жеке кәсіпкерлікте белсенді.
– Іскер әйелдер саны артып келе ме?
– Әрине, өсу бар. Мәселен, 2021 жылдың соңына қарай басшы әйелдер тіркелген жеке кәсіпкерлік нысандарының саны бір жылда 9,1%-ға, 625,1 мыңға дейін өсті. Олардың жеке кәсіпкерліктегі жалпы санының үлесі де өсті – бір жылда 47,4%-дан 49%-ға дейін артқан.
– Бұл ретте нәзік жандылардың бастамаларын қолдауға, дамытуға бағытталған бағдарламалар туралы айтып беріңізші.
– Шын мәнінде бүгінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мемлекеттің басты назарында. Сондықтан бірнеше бағдарлама бар. Атап айтсақ, "Атамекен" ҚР ҰКП жанынан Әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 17 орталығы жұмыс істейді. Мақсаты – әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру. Биыл үш жаңа өңір: Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары орталықтарында осындай кеңселер ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ биылғы жылдан бастап "Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары" Қазақстанның барлық өңірінде "Бір ауыл – бір өнім" қосымша қызметімен жұмыс істейді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары қажеттіліктер негізінде қызметтердің 7 түрін ұсыну және әйелдердің сұранысына қарай оқыту мен тәлімгерлік тағайындау бағытында жұмыс істейді.
Былтыр Алматыда қыз-келіншектердің сұранысына қарай кондитерлік, тігіншілік және флористика бойынша 1 айлық оқу курсы ұйымдастырылды. 3 курсқа барлығы 100-ге жуық әйел қатысты. Биыл да алматылық әйелдердің өтінімі негізінде бағыттар таңдалып, сол бойынша тегін оқу курстары ұйымдастырылады. Жалпы ӘКҚО-ға 2022 жылы 550 әйел жүгінді.
– Сонымен қатар түрлі гранттар, жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары бар. Бизнес бастауға ниетті қыз-келіншектерге пайдалы болсын, осы тақырып турасында толығырақ айтып өтіңізші.
– Биыл еліміздегі танымал банк әйел кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жылдың 5 пайызбен несиелеуге 1 млрд теңге бөлді. Жалпы бұл банк 2018 жылдан бастап "Бизнестегі әйелдер" бағдарламасын қаржыландырып келеді. Оның шеңберінде 530-ға жуық кәсіпкер әйел жалпы сомасы 5 млрд теңгеге жылдық 5%-бен несие алды.
Бұдан бөлек "Бастау Бизнес" жобасы іске асырылуда. Жоба бойынша кәсіпкерлік негіздерін 1 ай оқып, әрі қарай 400 АЕК көлемінде грант алуға болады. Кәсіпкерлік негіздерін оқу бойынша жобаны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Өңірлік жұмыспен қамту орталықтары іске асырады.
"Бастау Бизнес" оқуына қатысу үшін business.enbek.kz порталында тіркеліп, оқу шарттарына сәйкестікті автомат тексеруден және оқу шарттарына сәйкестіктен өтуі керек. Шарттарға сәйкес келген қатысушы skills.enbek.kz порталына өтіп, оқуға кірісе алады. Биыл бірінші лекке өтінім қабылдау 20 ақпанда басталып, 10 күнге жалғасты.
– Сұхбатыңызға рахмет!