Алматының төл "Рублёвкасы", сарайлар ауданы пайда болмақ

7493

Ескі Алматының орнына жаңа қала салу жоспарланып отыр. Еліміздің ең ірі мегаполисінде жаңа, алып Индустриялық аймақ құрылады, ал өндірістер қала сыртында шығарылады. 

Алматының төл "Рублёвкасы", сарайлар ауданы пайда болмақ Фото: Максим Золотухин

Қала әкімі Ерболат Досаевтың командасы Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарының жобасын ұсынды. Құжат қоғаммен және мүдделі меморгандармен талқылаудан соң жаңа Үкіметтің "Алматы қаласының Бас жоспары туралы" қаулысымен бекітілмек, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бірден айта кетелік, ғасыр ортасына жуық мерзімді қамтитын маңызды құжатта жаһан жұртшылығын жалт қарататын ешқандай мега-жоба жоқ. Яғни, Алматы Дубай сияқты бірнеше онжылдықта аспанмен таласқан заңғар ғимараттарға толып, тотыдайын түрленіп шыға келмейді. Досаевтың амбициясы сонша өршіл емес көрінеді. Бірақ ол шаһарда енді көпқабатты үйлерге басымдық бермек.

Алматы кең ауқымды құрылысқа жерді қайдан табады?

Бұған дейін бірінші Президент мақұлдаған жаңа тұжырымдамада керісінше, биік емес үйлерді тұрғызуға баса мән берілген еді.

Сонымен, жаңа Бас жоспар қабылданса, онда алматылық жаңа тұрғын үй қорының қабаттылығы келесідей болмақ:

  • Қаладағы үйлердің 90%-ы – 6 қабат және одан жоғары көппәтерлі үйлер;
  • 7,8%-ы – таунхаус үлгісіндегі аз қабатты, 2–3 қабатты ғимараттар;
  • 2,2%-ы – сарайлар мен коттедждер болады. Құжатта оған "1000 шаршы метрге дейінгі жер учаскелері бар усадьба үлгісіндегі жеке үйлер" деген сипаттама берілген.

Қала әкімдігі 2020–2040 жылдар аралығында Алатау төсін солқылдатып, жалпы ауданы 45 миллион 607,5 мың шаршы метр болатын жаңа тұрғын үй тұрғызып тастамақ.

Елең еткізер жаңалық: Алматының тек байлар ғана тұратын төл "Рублевкасы" пайда болуы мүмкін. Себебі, жаңа Бас жоспар жобасында усадьба үлгісіндегі жеке үйлерге қаржылық астанамызда жалпы ауданы 1 миллион 2,9 мың шаршы метр жер бөлінеді. Әлгінде айтылғандай, сол әрбір үйдің мың шаршы метр жеке жер учаскесі болады.

Оның айналасын тақыр кедейлер тіршілік кешетін фавеллалар қоршамайды. Орташа байлар қоныстанады: Townhouse қалашығы тұрғызылады. Егер әлдебір жарты бай көршісінің болуын қаламаса, 2–3 қабаттан ғана құралған бұл виллалардың бірін басыбайлы сатып алып, жеке жайлай алады. Қысқасы, әкім мырзалық танытып, таунхаус үлгісіндегі аз қабатты тұрғын үйлерді салуға – 3 миллион 557,8 мың шаршы метр жер бөлуді жоспарлап қойды.

Ал Алматының өзге жерлерінде көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге жалпы ауданы 41 млн 46,8 мың шаршы метр жер қарастырылмақ.

Бұл ретте жаңа Алматыны тұрғызудың бірінші кезеңінде, яғни 2020–2030 жылдары әкімдік құрылысқа жалпы ауданы 22 млн 118,9 мың шаршы метр жер тауып беруге ниетті. Соның ішінде:

  • усадьбалық үйлерге 478,1 мың м2 немесе соған арналған барлық ауданның 47,6%;
  • орта қабатты үйлерге, яғни таунхаустарға – 1 млн 725,1 мың м2 немесе 48,4%;
  • көппәтерлі, көпқабатты үйлерге – 19 млн 906 мың м2 немесе 48,5% бөлінеді.

Онсыз да тау жоталарының ортасында, "тостағанда" қысылған Алматыда осынша ұландария жер қайдан табылады?

Жауап біреу екен: алдағы жылдары ескі Алматы белсенді түрде сүріліп, орнына жаңа Алматы бой көтереді деп күтілуде. Әкімдік қаладағы көнерген үйлерді ғана емес, сонымен қатар қаланың даму жоспарына сәйкес келмейтін үйлерді де күресінге жіберуге бел буыпты: оларды "құны төмен" (малоценное) деп атап, айдар тағып отыр.

"Қарастырылып отырған кезеңде қазіргі тозығы жеткен және құны төмен тұрғын үй қорының жалпы ауданы 1 млн 820 мың текше метрі сүрілуі мүмкін. Соның ішінде 2030 жылға дейін – 953 мың м2 сүріледі. Бұзылғаннан кейін босатылатын аумақтардың жалпы ауданы шамамен 2 000 гектарды құрайды. Бас жоспарда осы аумақтарда көп қабатты тұрғын үйлерді және аудандық, қалалық деңгейдегі әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерді салу, көше-жол желісін және жалпы пайдаланымдағы жасыл желектер жүйесін қалыптастыру көзделеді", – деп түсіндірді қала әкімдігі.

Әрине, жаппай сүру жүрген жерде жаппай жанжал да ілесе жүреді. Себебі, әкімдік не құрылыс компаниясы ұсынған өтемақыға тұрғындар келісе бермейді немесе тозығы жеткен үйін асыра бағалауы ықтимал. Ендеше Алматыны алда "әлеуметтік сілкініс" күтіп тұруы да ғажап емес.

Жалпы, Азия континентін зілзалалар қатты тербелтіп тұрған қазіргі заманда жер сілкінісі қаупі ең жоғары Алматыда қаптатып құрылыс жүргізген, жерді дүбірлетіп, бетон қадалар қаққан қаншалықты қисынды? Бұған әкімдіктен жауап жоқ.

Бұрынғы биліктің мұрасына жармасып, ұятты болды

Заң маманы Андрей Суханов Бас жоспар жобасының сауатты жасалғанына шек келтірді.

"Жобада "Алматыда тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту "Нұрлы жер" бағдарламасының негізгі бағыттарына сәйкес келеді" деп жазылған. Шынында, Үкіметтің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен "Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының күші жойылды. Оның орнына бүгінде Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы жүзеге асырылуда", – деді маман.

Олай болса, сілтеме жасап отырған басты мемлекеттің құжаттың былтырдан бері жойылғанын білмеген маманның ғасыр ортасына жуықтайтын стратегиялық құжатты әзірлеуге, яғни келешек көкжиегінен әріге көз жүгіртуге, замана тынысы мен бетбұрысын сезініп, соған сай жоспар түзуге қаншалықты өресі жете қояды екен?

"Оның үстіне ескі биліктің "Нұрлы жер" бағдарламасына негізделіп құрылған Бас жоспар жобасы қабылданбай жатып, ескіріп қалмады ма" деген сауал бас көтереді.

Мысалы, онда "қала халқының жобалық саны 2040 жылы – 3 миллион адамды құрайды" деп болжанған. Демографтар қазірдің өзінде алматылықтар саны 2,2 миллионнан асып кетті деп жүр.

Демек, бас мегаполисіміз Астананың қателігін қайталамаса игі. Әйтпесе, жаңадан салынған елорда демографиялық тұрғыдан дұрыс жоспарламау салдарынан бүгінде миллион тұрғынға қолайлы бола алмай тұр: не баспана, не емхана, не мектеп, не балабақша жетіспейді. Тар жолдарда тұрғындар көлік кептелістерінен задап шегеді.

Алматы жұртшылығының саны 2040 жылы 3 миллион ғана болады деген есептеме нәтижесінде Бас жоспар жобасына сол мерзімге дейін жалпы көлемі небары 713,5 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспары енгізіліпті.

Қазіргі уақытта Алматыда балабақшаларда 68 500 орын бар, 2040 жылға шейін бұл көрсеткіш 195 мың орынға жеткізіледі деп жоспарлануда.

Мектептердегі орындардың саны 286 810 болса, есептік мерзімге ол 480 мыңға жетуге тиіс.

Денсаулық сақтау саласында ауруханалардағы төсектер саны 11 495 орыннан 23 400 орынға дейін өседі. Қазіргі кезде емханалар бір ауысымда тек 26 980 сырқатты қабылдай алады, оны қырқыншы жылдарға қарай 63 901 межесіне дейін арттыру жоспарланған.

Өндіріс релокациясы бастала ма?

Жаңа Бас жоспар Алматы ішіндегі өндірістерді қайта қоныстануға, көшуге мәжбүр ететін түрі бар. 

Әкімдіктің дерегінше, Алматы қаласының Бас жоспары жаңа әрі алып Индустриялық аймақты құруды қарастырады. Ол аймақ жалпы ауданы 790 гектар болатын Солтүстік-Шығыс алаңнан тұрады. Сондай-ақ Алатау ауданындағы 200 гектар аумақты да қамтиды. Ал қолданыстағы Индустриялық аймақ 490 гектарды алып жатқан көрінеді. Алатау ақпараттық технологиялар паркі Медеу ауданында алтындай аса қымбат 166,4 гектар жер телімін астына басқан.

Жаңа ИА-2-де химия, машина жасау және жиһаз өнеркәсібі өндірістері, жеңіл, тамақ, фармацевтика кәсіпорындары орналастырылмақ. Оның аумағында көліктің түр-түрін шығаратын автокөлік құрастыру кәсіпорнын ашу жоспарланыпты.

Бүгінде Алматы қаласының ішінде өнеркәсіптік аймақтар мен өндірістік орындар 3 540 гектар жерді иеленген. Оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ұйымдар астында – 3 323 гектар, ал электр қуатын, газ және су өндіріп, тарататын кәсіпорындар астында – 217 гектар жер бар.

Бұдан бөлек таяу перспективада, яғни 2030 жылға дейін жаңа ИА есебінен қаланың өнеркәсіптік аймақтарының ауданы 990 гектарға дейін ұлғайтылады.

"Қаладағы жер тапшылығына байланысты болашақта өзектілігі артатын мәселелердің бірі қолданыстағы өнеркәсіп кәсіпорындарының аумақтарын ретке келтіру және жаңғырту болмақ. Сондықтан оларды бейініне, біртекті мамандандырылуына қарай бөлек сегменттерге топтастыру қажет болады. Сонымен қатар, ескі өндірістерді жаңа экологиялық таза және шуы аз өндірістермен алмастыру жүзеге асырылады. Өндірістердің бір бөлігі қала сыртына немесе қаланың жаңа индустриялық аймақтарына шығарылатын болады", – деп мәлім етті қала билігі.

Қаланың өнеркәсіптік аудандарын жаңаша реттеу табиғи ортаны, қала құрылысының сәулеттік келбетін жақсартатын көрінеді. Бұған қоса, Досаевтың командасы осы арқылы көлік ағындарын төмендетуге әрі атмосфералық ауаның ластануын азайтуға уәде етіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу